Е с к е р т у. Ақ, көк деген сын есімдерге күшейткіш буын үстелгенде, олар аппақ, көкпеңбек түрінде айтылады және осылай жазылады.
г) Екі сыңары да түсініксіз қос сөздер: алай-түлей, кәкір-шүкір, қиян-кескі, үбірлі-шүбірлі, алда-жалда, апақ-сапақ, алқам-салқам, делсал, жапа-тармағай, жым-жылас, жым-жырт. Қос сөзден жасалған одағайлар мен еліктеуіш және бейнелеуіш сөздердің де сыңарлары жеке алғанда мағынасыз сөз болады: жарқ-жұрқ, гу-гу, тарс-тұрс, сарт-сұрт, пай-пай, аһ-уһ, шөре-шөре, әукім-әукім, быт-шыт, қалт-құлт.
§ 69. Плеоназмдардың (қосақтап қолданылған мағыналары бірдей немесе жуық сөздердің) көпшілігі дефис арқылы жазылады: ел-жұрт, дау-жанжал, күш-қайрат, ұшы-қиыры, ар-намыс, аз-кем, ен-таңба, шам-шырақ, айып-шам, шет-жағасы, хал-ахуал, мүкі-тақы (мүкі “аздап”, тақы - арабша “аздап”).
Е с к е р т у. Қатарласа қолданылған мағыналас сөздердің бірқатары дефисссіз бөлек жазылады: ежелгі ескі (досы), құр босқа, құр текке (мұндағы құр сөзі бекер, босқа, текке деген сөздермен синонимдес), ақыр аяғында (ақыр - арабша "соң, ақыр” деген мағынада), сәске түс (сәске - парсыша “түс”), әуел бастан (әуел парсыша “бас”), шынайы таза (бұлардың жазылуын орфографиялық сөздік реттеп көрсетеді).
§ 70. Екі компоненті бір-бірімен мағыналас ала-бөле, желе- жортып, баса-көктеп, жуып-шайып, өсіп-өну, қырып-жою, кекеп-мінеу, жылап-еңіреу сияқты етістіктер де плеонастық қатарлар түзіп, дефис арқылы жазылады. Бұлардың екінші сыңары әр түрлі тұлғада өзгеріп отыруы мүмкін. Ондай жағдайда да дефиспен жазыла береді: жуып-шайып, жуып-шайды, жуып-шайғалы отыр, өсіп-өнді, өсіп- өне бермек, өсіп-өндік.
Ал тұлғасы жағынан осыларға ұқсас, бірақ біреуі негізгі, екіншісі көмекші етістік болып келетін (яғни тең мағыналас емес) айта сала, келе сала, көре сала, ести сала, көре тұра, біле тұра, ести тұра, сөйте тұра, кіре бере, түсе бере, ала бере сияқты етістіктер бір-бірінен бөлек жазылады.
Достарыңызбен бөлісу: |