(Халық өлеңі)
§16. Қазақ тілінің қазіргі емле ережелері бойынша қосар ый, ій әріптерінің орнына бір ғана и әрпі жазылады. Мысалы: ки (дұрысында кій болу керек), қи (қый болу керек), сол сияқты: би (бій), биыл (быйыл), жиі (жійі), жиналыс (жыйналыс), ти (тій), тиын (ақша, тыйын), тиін (аң, тійін) т. т.
Ал и әрпі - жіңішке дыбыстың таңбасы, бірақ жазуда жуан ый дыбысын да таңбалайтын болғандықтан, оны жіңішке де, жуан да етіп айтуға тура келеді. Ішінде а, ы, ұ, о сияқты жуан дауысты дыбыстары бар сөздерде и таңбасын ый деп жуан айту керек. Мысалы: жыйналыс (жазылуы: жиналыс), қыйыңғыстау (қиын-қыстау), быйыл (биыл), сый -сыйапат (сый-сияпат).
Сөз ішіндегі и дыбысының жуан не жіңішке екенін ондағы өзге дауыстыларға қарап айыруға болады. Мысалы, дидар, миғұла, мизам, бидай, мирас, миық, мия, қыдию, қалқию деген сөздерде и - жуан, өйткені бұлардағы өзге дауыстылар жуан, сондықтан айтылуда бұлар дыйдар, мыйғұла, мыйзам, быйдай, мыйрас, мыйық, мыйа, қыдыйу, қалқыйу болуы керек. Ал ми, жи, қи үш-төрт сөздің жуан айтылуға (мый, жый, қый) тиіс екенін есте ұстау кажет, өйткені бұл сөздерге жалғау- жұрнақтар жуан вариантта жалғанады: миы ашыды (мийі емес), мисыз (мисіз емес), жина (жине емес), қиды (қиді емес).
Есте оңай сақтауға болатын ереже, ол - қ, ғ дыбыстары бар сөздердегі и дыбысының әрдайым ый болып жуан айтылатындығы:
Жазылуы
қырғи қабақ
қилы-қилы
қалқиған
қыли (көз)
шиқ етті
шиқан
жан қиярлық
қағида
|
Айтылуы
қырғыйғабақ
қыйлығыйлы
қалқыйған
қылый (гөз)
шыйқетті
шыйқан
жаңғыйарлық
қағыйда
|
Мұндай сөздердің ішінде сый, тыйдеген екі сөз түбір күйінде де, әр алуан қосымшалар жалғанған тұлғасында да жалаң и әрпімен емес, қосар ый-мен естілуінше жазылып жүр. Оның себебі осы буындардың жіңішке варианттарында айтылатын сөздермен (ти, си) мағынасын шатастырмауға байланысты. Алдыңғыларын айтқанда, үнемі жуан ый етіп айту керек: тый, сый. Бұлардың туынды, қосымшалы түрлері де әрдайым жуан айтылады: сыйлау, сыйлық, сыйды, сыймады, сый-құрмет, сыйымсыз, сыйысу, тыйғызу, тыйылу, тыйымсыз. Бұл сөздер осы тұлғада ый арқылы жазылады.
С мен т-дан басталатын және осылардан кейінгі дыбысы и болып келетін сөздердің қалғаңдарында жалаң и жазылады, бірақ сөз жуан болса, и әрпін жуан ый етіп айту керек. Мысалы: сияқты (айтылуы: сыйақты), сидаң қағу (айтылуы: сыйдаңғағу), сидиды (айтылуы: сыйдыйды), сиқыр (айтылуы: сыйқыр), сипақтау (айтылуы: сыйпақтау), сипаң-сипаң (айтылуы: сыйпаңсыйпаң), сипат (айтылуы: сыйпат), бұл сөздің сыпат түрі де айтылады, әйтеуір сійпат деп бірінші буыннан жіңішке айтпау керек, сипау (айтылуы: сыйпау), сирақ (айтылуы: сыйрақ), сиыр (айтылуы: сыйыр), сия (айтылуы: сыйа), сиыну (айтылуы: сыйыну), типыл (айтылуы: тыйпыл), тиын (айтылуы: тыйын), тиянақ (айтылуы: тыйанақ).
И дыбысының жуан не жіңішке айтылуы өзінің алдындағы дауыссыз дыбыстың айтылуына үлкен әсер етеді. Мысалы, ти және тый деген сөздерді айтып көріңдер: алғашқысында т дыбысын айтқанда, тілдің ұшы тіске тиіп, едәуір ілгері созылады да, соңғы жуан сөзде т дыбысын айтқанда, тіл сәл артқа қарай тартыңқы болады. Өзге дауыссыздар да осындай азын-аулақ өзгеріспен айтылады. Ол үшін жиі және жиын, би және быйыл, тиінжэне тыйын, шикі және шыйқыл деген сөздерді айтып көріңіздер де, басқы дыбыстардың айтылуындағы ерекшеліктерді аңғарыңыздар.
Қазіргі кездегі орфоэпиялық қателіктердің көзге түсетін тұстарының бірі - жуан сөздердегі и дыбысын жазылуынша жіңішке айту (оқу). Мысалы, жиналыс, ми, дидар сөздерін жійналыс, мій, дійдар түрінде жіңішке айтушылық кездеседі. Бұл - дұрыс емес.
Кейбір үш-төрт буынды создерде и дыбысынан басқа әрі жуан, әрі жіңішке дауыстылар аралас келеді. Ол сөздер көбінесе араб, парсы, орыс және интернационалдық сөздер болып келеді. Мысалы: қасиет, қиямет (қыйамет), Сәлима, антитеза, архипелаг, дебитор, артезиан. Мұндайда араб, парсы сөздеріндегі и дыбысы іле-шала қ дауыссызынан кейін тұрса, ый болып айтылады: қыйамет, қыйсап (есеп-қисап), ал қалған жағдайда жіңішке айтылады: Сәліймә, қасійет.
Осы ережені сақтап және өзге қағидаларды да ескеріп мына үзіңділерді дұрыс айтып көріңдер, ол үшін транскрипциялап жазып көріңдер, яғни естілуінше (айтылуынша) жазыңдар.
1) Зым-зия, зымиян, тиянақ, жария, биялай, тиесілі, қияқ, Сұлуқия, қиқар, киім-кешек, қоқиланды, қомпиды, қария, зиянкес, Зікірия, Рәшида, Рахила, Рахима, Бәлия, Қапия, Халима, Кәрима, Бәтима, Фәтима, Қали, Ғали, Уәли.
2) Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кетпесе, енді өз ырқың.
(Абай)
3) Біз бұлбұл қызыл гүлге тартқан сада,
Нәркес көз, қалам қасты лағыл бала.
Иранның Құсни-зия тотысындай,
Гәухардан шыққан нәсіл тудың зада.
Топ көрсе, қырындайтын біз бір тұлпар,
Бұлбұл құс қызыл гүлге болып іңкәр.
Сіздерді неге ұмытсын көрген сұңқар.
(Ақан сері)
4) Сүйе алмадық, қия алмадық, қимадық,
Неге біздер от құшаққа сыймадық?
Екеуміз де екі айрылған өзендей,
Махаббатты басқа жанға сыйладық.
(Т. Молдағалиев)
§17. Қазіргі емле ережелеріміз бойынша қосар ұу, үу әріптерінің орнына жалаң у әрпі жазылады. Бұл дыбыстың да айтылуының жуан-жіңішке екендігін (ұу немесе үу екендігін) сөз ішіндегі өзге дауыстыларға қарап айыру керек. Екі, үш не одан да көп буынды сөздерде өзге дауыстылар жуан (а, о, ы) болса, ұ әрпімен келген тұс ұу болып, ал жіңішке (е, ә, ө, ү, і) болса, үу болып айтылады.
Ал бір буынды сөздерді (олар сан жағынан өте аз) сөйлемнің мағынасына қарай қай сөз екенін ажыратып, жуан не жіңішке айтуға тура келеді. Мысалы, Үйдің төбесінде ту желбірейді деген сөйлемде ту сөзі жуан тұу болып айтылады. Ту дегенде түкірігі жерге түспейді деген сөйлемде ту сөзі жіңішке болғандықтан, түу деп айту керек. Сол сияқты: Шу, жануар, шу деді дегенде шу сөзін жіңішке шүу деп айту керек те, Көшеде айғай-шу естілді дегенде шу сөзінің жуан екенін, сондықтан шұу деп жуан айту керек екенін контекстен, яғни сөйлемнің мазмұнына қарап ажырату керек.
Тәжірибеде у дыбысын жуан не жіңішке айтуда қиындық байқалмайды, сондықтан орфоэпиялық қателіктер де бұл ретте онша сезілмейді, дегенмен ту және түу, шу және шүу, гүугууледі (жазылуы: гу-гуледі) және гудок, су және сүурет (жазылуы: сурет) сияқты бес-он сөздің жуан-жіңішке айтылуынан жаңылыспаған абзал.
Осы айтылғандарға сәйкес Абайдың мына жолдарын дұрыс оқып көріңдер. И дыбысы жуан және жіңішке айтылатын сөздерді ый, ій арқылы жазып көрсетіңдер.
Түзу кел, қисық-қыңыр, қырын келмей,
Сыртын танып, іс бітпес, сырын көрмей.
Шу дегенде құлағың тосаңсиды,
Өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей.
(Абай)
Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду.
Гүл мен ағаш майысып қарағанда,
Сыбдыр қағып бұраңдап ағады су.
(Абай)
§18. Бірқатар сөздер мен қосымшалар жазылуда түбірі сақталатындықтан, аралас буынды болып келеді, яғни жуан сөзге жуан варианты жоқ -кер, -гер, -кент сияқты жұрнақтар жалғанады немесе жіңішке түбірлі сөзге жіңішке варианттары жоқ -қой, -паз, -қор сияқты жұрнақтар жалғанады. Мысалы: сауда+гер, Шым+кент, бал+гер, Таш+кент, әсем+паз, сән+қой, шәй+қор (жазылуы: шайқор) т.б,
Осылардың ішінде -кер, -гер, -кент жұрнақтары жалғанған кейбір жуан сөздер айтылуда осы жұрнақтардың әсерімен тұтасынан жіңішке айтылады. Мысалы: сәудегер, Шімкент, Тәшкент. Бірақ бұл жұрнақтар жалғанған кез-келген жуан түбірлі сөз жіңішке айтыла бермейді. Мысалы: қаламгер, жауапкер, айыпкер, Құмкент сияқты сөздер жазылған түрінше айтылады. Ал жуан жұрнақтар жіңішке түбірді жуандата алмайды, сондықтан олар жуанды-жіңішкелі аралас буынды болып, жазылған түрінше айтылады. Мысалы: әсемпаз, өнерпаз, сәнқой, әзілқой.
§19. Соңы к, г деген жіңішке дауыссыздарға аяқталатын кірме сөздерге жалғанған ІІІ жақтағы тәуелдік жалғауын жіңішке айтқан дұрыс. Мысалы: педагог- педагогі, ток - тогі, монолог – монологі т.б.
Тегі, сөз соңындағы к, г дыбыстарының қазақ тілінде жіңішке айтылуының әсері күшті, сондықтан айтуда көбінесе қазақ қосымшаларын жіңішке жалғауға бейім тұрады. Мысалы: педагокке, педагоктік, участокке, участогтер, участогі, рояльдің т.б. Өйткені қазақтың өз сөздерінде к, г дыбыстары еш уақыт жуан а, ы, о дыбыстарымен келмейді (айтылмайды).
§20. Қазақ тілінде сөз соңында екі дауыссыз қатар келетін сөздер бар. Бірақ кез келген дауыссыздар сөз соңында қатар келе бермейді. Тек алғашқысы л, р, м, н, ң деген сонор дыбыстар, соңғысы т, с, п, ш, қ, к деген қатаң дыбыстар болып тіркесіп келеді. Мысалы: жалт, қалт-құлт, қарт, қант, ант, қарс (қарс айрылды дегендегі), күмп (суға күмп берді), қарш-қарш, дүңк (дүңк етті), қарқ-қарқ (қарқ- қарқ күлді) т.б. Мұндай сөздердің басым көпшілігі жалт-жұлт, қарқ- қарқ, күңк (етті) сияқты еліктеуіш сөздерде екі дауыссыз қатар айтылып, қатар жазылады.
Бұл сөздерді айтуда сөз соңындағы екі дауыссыз күрт, шұғыл дыбысталады, яғни араларына ы, і сияқты дауыстыларды салмайды: жалт (жалыт емес), күрт-күрт (күріт-күріт емес), жалт-жұлт (жалыт-жұлыт емес) т.т.
Қазақ тілінде сөздің үш дауыссызға аяқталуы - мүлде жоқ құбылыс. Сондай-ақ жоғарыда көрсетілгендей, сонорлар мен қатаңдардың қабаттасуынан өзге дауыссыздардың қатар келуі де орын алмайтын құбылыс. Қазақ тіліне енген орыс және интернационалдық сөздер, әсіресе жер-су, қала аттары қатарынан бірнеше дауыссыз дыбысқа аяқталып келе бермейді. Мысалы: пункт, Омск, фонд, митинг, штамп, шланг, факт, рецепт, экспромт, киоск, лифт. Бұл сездер қазақ тілінде жеке айтылғанда, соңғы қатар келген екі-үш дауыссыздың не сондарынан, не орталарында ы, і дәнекер дыбыстар салып айтылады: пункіт, Омскі, фонды, митингі, штампы, шлаңгі, факті, рсцепті, экспромты, киоскі, лифті. Бұлардың ішінде қатаң дыбыста [факт, рецепт, киоск, лифт), сонор мен қатаң да (шланг, штамп, экспромт), сонор мен ұяң дыбыс та (фонд, митинг), тіпті үш дыбыс та (алдыңғысы сонор, қалған екеуі қатаң - пункт) қатар келген.
Қазақ тілі үшін үйреншікті емес (яғни фонетикалық жүйесіне сай келмейтін) дыбыстарға аяқталатын мұндай сөздердің бірқатарына, атап айтқанда: нд, мп, кт, нк, нг, мб, ск, фт, пт, мт дыбыстарына аяқталатындарына қазақ тілінің қосымшалары жалғанғанда, сөз бен қосымшаңың аралығына дәнекер ы, і дыбыстары қосылып айтылады және солай жазылады. Мысалы: киоск+ке - киоск+і+ге (киоскке емес), бұл жерде дәнекер ы, і болғандықтан, қосымшалар ұяңдап кетеді (-ке емес, -ге, -тар, -тер емес, -лар, -лер деген сияқты), митинг+тер - митинг+і+лер (митингтер емес), Омск+тен - Омск- +і+ден (Омсктен емес), сол сияқты фактілер, фактіге, фактісі (факттер, фактке, факті емес), штампылар, штампыны, штампысы, штампыға (штамптар, штампты, штампы, штампқа емес), объектілер, объектіге, объектісі (объектер, объектке, объекті емес). Үш дауыссызға аяқталған сөздер қазақ қосымшаларын дәнекер ы, і дыбыстарынсыз қабылдайды, өйткені айтуда алдыңғы дауыссыз бір буынға кетеді де, соңғы екі дауыссыз айтуда өздері бір буын болып айтылады: пунк(і)т, пункітке, пункіттер, пункіті (пунктіге, пунктілер, пунктісі емес), сфинкіс, сфинкістер, сфинкістің (сфинксілер, сфинкісінің емес). Ал бұлардың жазылуы: пункт, пунктке, пункттер, сфинкс, сфинкске, сфинкстің.
Ал тр, зм, рг, рд, лк, кс, дж, фр, рв, кт, дз, фм сияқты дауыссыз дыбыстар тіркесіне аяқталған кірме сөздерде айтылуда соңғы екі дауыссыздың арасына ы, і дыбыстары қосылып айтылады: метір, оркестір, альпинизім, колледіж.
Соңғы екі-үш дауыссыздың біреуі к, г дыбыстары болып келсе, ол сөзге қазақ қосымшалары тек қана жіңішке жалғанып, жіңішке айтылады (түбірдегі дауысты мейлі жуан болсын, мейлі жіңішке болсын). Мысалы: пунктке (айтылуы: пунктке), паркке, парктер, паркі (айтылуы: парікке, паріктер, паркі), митингіге, митингілер, киоскінің, киоскілер. Ал к, г дыбыстары жоқ жерде қосымша сөз түбірінің немесе түбірдің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай жалғанып, сол жалғанған түрінде айтылады. Мысалы: лифтілер, лифтісі, лифтіге (мұнда қосымша жіңішке, өйткені түбірдің дауысты дыбысы и - жіңішке), штампыға, штампылар, штампысы (мұнда түбірдсгі дауысты а жуан болғандықтан, қосымша да жуан жалғанып тұр).
Осы ережеге сай етіп мына сөздерге қазақша қосымшалар (септік, тәуелдік, көптік жалғауларын) жалғап көріңдер де, дұрыс айтып беріңдер:
Антракт, металлург, анонс, бланк, контракт, бумеранг, почтамт, дифирамб, интеллект, катафалк, комплекс, комплект, конспект, кзендз, лаборант, ландшафт, логарифм, манускрипт, медпункт, моллюск, пакт, прейскурант, раунд, рецепт, рислинг, такт, экспромт, цифр.
Достарыңызбен бөлісу: |