6-бағыт. Педагогтердің кәсіптік және мәдени капиталын арттыру
1-параграф. Педагогтерге қолайлы жағдайлар жасау
Педагогтердің еңбегін материалдық және материалдық емес ынталандыру, оң имиджін қалыптастыру жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жалғасады.
Аттестаттаудың жаңа жүйесінің қорытындысы бойынша педагогтердің 62,4 %-ында «педагог-шебер» біліктілік деңгейі бар, 2029 жылға қарай бұл көрсеткіш 90 %-ды құрайды.
МТО саласының кадрлық әлеуетін оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру арқылы күшейту жоспарлануда.
Мектепке дейінгі және орта білім, ТжКБ ұйымдары басшыларының және олардың орынбасарларының жалақысын арттыру жоспарлануда. Беделді халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаз-жүлдегерлерін дайындаған педагогтер үшін біржолғы ақшалай сыйақы төлеу қарастыру жалғастырылады.
ЖАО арқылы олимпиадалардың, конкурстардың, оның ішінде робототехника және бағдарламалау бойынша жеңімпаздарды, жүлдегерлерді дайындаған педагогтерге көтермелеу шаралары қабылданады.
Балаларға білім беретін педагогтің кәсіби рөлі оқу, жобалау және зерттеу қызметін ұйымдастыру арқылы тереңдетіледі, сонымен қатар педагог білім беру, оның ішінде цифрлық ортада кеңесші, зерттеуші, жоба жетекшісі, «бағыттаушы» рөлін атқарады. Педагогтер өздерінің педагогикалық және әдістемелік практикасын үнемі жетілдіруді және жаңартуды көздейтін өзін-өзі тәрбиелеуге ынталандырылады.
Педагогтің әлеуметтік әл-ауқаты мен әлеуметтік мәртебесі жұмыстың шығармашылық сипатына, оқыту әдістемелерін, технологияларын таңдаудағы дербестікке, жалақыны арттыруға, қосымша ақыны ынталандыруға, кәсіби даму шеңберін кеңейтуге байланысты артады.
ТжКБ-да педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында озық кәсіпорындар базасында педагогтердің тағылымдамасы ұйымдастырылады. Өндірістен тартылған мамандардың үлесін өндірістік оқыту шеберлерінің жалпы санынан ұлғайту жөніндегі шаралар жалғасады және 2030 жылға дейін көрсеткіш 15 %-ға дейін ұлғаяды. Халықаралық стандарттар негізінде оқытудың заманауи әдістері бойынша педагогтерді курстық оқыту жалғасады және тәлімгерлік институты жетілдіріледі, республикалық деңгейде озық педагогикалық тәжірибені енгізу және тарату күшейтіледі, онлайн-курстардың спектрі кеңейтіледі. Педагогтердің академиялық ұтқырлығы енгізіледі. Сонымен қатар арнайы пән педагогтері мен өндірістік оқыту шеберлерін аттестаттауды трансформациялау жоспарлануда.
2-параграф. Педагогтермен қамтамасыз ету және колледждерде педагогикалық білім беруді жаңғырту
Педагогикалық білім беру елдегі бүкіл білім беру жүйесін дамыту үшін ерекше маңызға ие. Мектепке дейінгі, бастауыш, орта, техникалық және кәсіптік деңгейлердегі білім сапасы негізінен педагогикалық білім беру сапасына байланысты.
Колледждер мектепке дейінгі білім беру, бастауыш сынып педагогтерін, сондай-ақ білім беру ұйымдары жұмысының басқа да бағыттарын қамтамасыз етеді. ТжКБ ұйымдарында психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу және ЕБҚ адамдардың оқу-тәрбие қызметіне жәрдемдесу үшін педагог-ассистент даярлау жүзеге асырылатын болады.
Педагогтерді даярлауда педагогикалық практика маңызды рөл атқарады. Болашақ педагогтерді даярлаудағы педагогикалық практика теориялық білімді, олардың кәсіби дағдылары мен құзыреттерін шоғырландыруды және интеграциялауды қамтамасыз етеді.
Осыған байланысты болашақ маманды бейімдеуді жүзеге асыруға, әртүрлі жастағы әріптестермен ынтымақтастық және топтық жұмыс дағдыларын, мәртебесі мен жұмыс тәжірибесін қалыптастыруға, сондай-ақ кәсіби ойлауды, кәсіби сенімдерді, белсенді кәсіби ұстанымды, өз кәсіби қызметіне қатысты рефлексия дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретін практика форматы қайта қаралады.
Жаңа формат маманның құзыреттілігін, технологиялық және ақыл-ой дайындығын қамтитын педагогикалық практиканың негіздемелік стандартын қарастырады. Колледждер балабақшалармен, мектептермен және басқа ұйымдармен белсенді өзара іс-қимыл жасайды.
МТО педагогтерін оқыту тәсілдерін жетілдіру, мазмұны мен бағдарламасын, әсіресе балаларды ерте дамыту және оқыту тақырыбы бойынша өзектендіру жоспарлануда. МТО педагогтерін даярлауды жүргізетін ТжКБ ұйымдарының жанынан кадрлар даярлаудағы теория мен практиканың бірлігін қамтамасыз ету үшін ресурстық орталықтар (құзыреттілік орталықтары) құрылады.
Педагогтің әрбір баланың біртұтас дамуы, баланың бастамаларына жеке қолдау көрсету, эмоционалды дамуы үшін даму процесін және балаға қолайлы ортаны ұйымдастыру, балалардың моральдық, психикалық, психологиялық саулығы мен дамуы үшін сапалы маңызды өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында жоғары (4 жастан бастап балалар), мектепалды топқа (5 жастан бастап балалар) есептегенде тәрбиеші лауазымының штат бірліктерінің саны артады.
Педагог мамандығын таңдау болашақ талапкердің осы салада жұмыс істеуге деген шынайы қалауы мен бейімділігіне байланысты болуы керек. Педагогикаға бейімділікті анықтау үшін білім алушылардың кәсіби қалауына диагностика жүргізіледі, сондай-ақ педагогикалық мамандыққа түсуге қолдау көрсету жөніндегі шаралар кешені ұсынылады.
Орта білім беру жүйесіне магистр және PhD дәрежесі бар мамандар тартылады, олар педагогикалық жоғары оқу орындарының жанынан қайта даярлаудан өтеді. Осылайша, белгілі бір салада жұмыс тәжірибесі мен білімі бар мамандар кәсіптің жалпы кәсіби деңгейін арттыра отырып, педагогтер қатарын толықтыратын педагог мамандығына «бүйірден кіру» тетігі дамиды.
Заманауи талаптар мен озық білім беру практикасына сәйкес «педагог құзыретінің шеңберін» – «Педагог» кәсіби стандартын енгізу жоспарлануда, ол білім берудің барлық деңгейлеріндегі педагогтердің кәсіби даму траекториясының бірыңғай бағдарына айналады. Кәсіби стандартты ескере отырып, білім беру бағдарламалары әзірленеді және жаңартылады, сертификаттау және аттестаттау рәсімдері жүргізіледі, педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының мазмұны жаңартылады.
Педагогикалық білім берудің білім беру бағдарламалары балаларға қосымша білім беру пәндерімен толықтырылады.
Педагогтерді даярлаудың барлық бағыттары бойынша ЕБҚ балалармен жұмыс істеу модулі көзделетін болады. Педагогтер инклюзивті ортада оқу процесін ұйымдастыру, жекелеген білім алушылардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, оқу бағдарламалары мен оқу жоспарларын бейімдеу, бағалау, сондай-ақ балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін айқындау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу әдістеріне оқытылатын болады.
3-параграф. Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуы
Педагогтің үздіксіз кәсіби даму парадигмасын одан әрі ілгерілету өзекті міндет болып табылады, мұнда осы процестің әрбір кезеңі (кәсіптік бағдар беру; педагогикалық даярлық; мектеп; біліктілікті арттыру) педагогтің кәсіби дамуы бойынша сабақтастық қағидатына және өз функцияларын дәйекті орындауға негізделеді. Жаңа парадигмаға сәйкес педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының тұжырымдамалық тәсілдерін тереңдету жоспарлануда.
Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны «Педагог» кәсіби стандартына сәйкес педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік, цифрлық және басқа да құзыреттердің оңтайлы арақатынасын қамтиды.
Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру үшін педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларының мазмұны қайта қаралатын болады. Кәсіби құзыреттерді қалыптастыру негізі ретінде біліктілікті арттырудың тәжірибеге бағдарланған курстары енгізілетін болады. Сондай-ақ пәндер бойынша барлық оқу бағдарламаларын іске асыру шеңберінде инклюзивті ортада оқыту ерекшелігін зерделеуді көздейтін модульдер енгізіледі.
Инклюзивті білім беру жағдайында жұмыс істеу үшін педагогтердің біліктілігін арттыру оқытудың әмбебап дизайны қағидаты негізінде жүзеге асырылатын болады (сараланған тапсырмаларды қолдана білу, оқу бағдарламаларын бейімдеу, ЕБҚ балаларға қажетті қолдауды ұйымдастыру). Педагог-ассистенттерді сертификаттау қағидалары және сертификаттау курстарының бағдарламалары әзірленетін болады (балалардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері мен қажеттіліктерін есепке алу, сараланған көмекті дұрыс ұйымдастыра білу, көру қабілеті зақымдалған балаларға арналған Брайль шрифтін білу, есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған дактилологияны білу, аутистік спектр бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы технологияларды білу және басқалар).
Біліктілікті арттыру курстары (пәндік, IT-құзыреттіліктер, инклюзивті және басқалар) арқылы педагогтердің құзыреттерін дамыту, өңірлік және республикалық деңгейлерде педагогтердің үздік тәжірибелерін тарату бойынша жұмыс жалғасады.
Қызметін жаңадан бастаған педагогтердің кәсіптен кету проблемасын шешу үшін тәлімгерлерді және мамандығы бойынша жұмыс істемеген және ұзақ уақыт (3 жыл немесе одан да көп) сабақ бермеген педагогикалық білімі бар адамдарды оқыту жалғастырылатын болады. Бұл шаралар мұғалімдерге деген қажеттілік проблемасын шешуді қамтамасыз етеді.
Білім беру ұйымдарындағы әдістемелік жұмыс педагогтің кәсіби дамуымен тығыз байланысты. Осыған байланысты біліктілікті арттырумен айналысатын ұйымдар мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын курстан кейінгі қолдау мен әдістемелік сүйемелдеуді жалғастырады. Курстан кейінгі сүйемелдеу «сабақты зерттеу», «іс-әрекеттегі зерттеулер» негізінде құрылады, бұл педагогтердің кәсіби өзара іс-қимылын күшейтуге және әртүрлі деңгейдегі білім алушылардың академиялық жетістіктерінің өсуіне назар аударуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде барлық деңгейдегі тәрбиеленушілер мен білім алушылардың білім беру сапасына бағытталған әдістемелік жұмыс педагогтер қызметінің сапасымен байланысты болады және тұрақты әрі үздіксіз сипатқа ие болады.
Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының және білім беру сапасын жақсартудың құрамдас бөлігі ретінде оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік жұмыс функцияларын жүктей отырып, облыстық әдістемелік кабинеттердің қызметі қайта қаралатын болады. Осыған байланысты әдістемелік кабинеттер
Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының басшылығымен жұмыс істейтін болады.
Педагогтердің біліктілігін арттыруды кемінде үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарының сапасын сырттай бағалау шеңберінде бекітілген сапа сипаттамаларына сәйкес келетін ұйымдар педагогтерді оқыту тиімділігінің айқындығы мен айқын индикаторлары негізінде жүзеге асыратын болады және «өмір бойы оқу» парадигмасына негізделеді. Халықаралық аккредиттеуден/сертификаттаудан өту арқылы біліктілікті арттыру ұйымдарының сапасын растау жөніндегі талаптар енгізіледі.
Бұл ретте педагогтердің кәсіби даму нысандарының желісі педагогтердің өз сұраныстары мен «Педагог» кәсіби стандартының талаптары, елдік және өңірлік деңгейлердегі білім беру саясатының басымдықтары негізінде кеңейтіледі. Педагог өзінің кәсібилігін тек біліктілікті арттыру курстарында ғана емес, ең алдымен педагогикалық ортада, ұжым ішінде өзара іс-қимыл жасау, сабақтарды зерттеу, модерация, кері байланыс жасау, оқытудың күнделікті тәжірибесін жақсарту арқылы, сондай-ақ әртүрлі ұйымдарда тренингтерде, семинарларда, шеберлік сыныптарында оқыту барысында жетілдіреді.
Қолданыстағы біліктілікті арттыру бағдарламалары жаңартылады, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленеді. Бизнес-мектептердің жаттықтырушыларын тарта отырып, көшбасшылық және басқарушылық құзыреттерді дамыту бойынша орта білім беру ұйымдары басшыларының жеке қажеттіліктерін айқындайтын зерттеулер негізінде бағдарламалар әзірлеу жоспарлануда.
Жалпы мектеп әдісі («Whole school approach») негізінде мектеп ұжымдарын кәсіби дамытудың инновациялық тәжірибелерін енгізуге ерекше назар аударылады. Бұл инновациялар мен озық білім беру практикаларын жалпы түсінуге, мектеп басшылығы деңгейінде енгізілетін әдістемелерді қолдауға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Білім алушылардың академиялық үлгерімін халықаралық зерттеу педагогтердің мектепішілік даму нысандарын қолданудың табыстылығын көрсетеді. Бұл өзара оқытуды, кәсіби тәжірибе алмасуды қамтиды. Мұндай тәжірибелер оқыту сапасын арттыру және педагогтердің кәсібилігін арттыру үшін одан әрі таратылады.
Білім беру сапасы білім беру ұйымдары менеджментінің сапасымен тығыз байланысты. Сондықтан мектеп директорларының республикалық кадрлық резервін құру бойынша серпінді жоба іске асырылады.
Дарынды жас педагогтердің, білім беру ұйымдары басшылары орынбасарларының мансаптық өсуі үшін кең мүмкіндіктер жасалады. Болашақ директорларды оқыту бағдарламалары практикалық кейстер мен өзекті сипаттағы тапсырмаларды қамтиды. Нәтижесінде жыл сайын білім беру ұйымдарының басшылары мен орынбасарлары ретінде тарту үшін өңірлік білім беруді басқару органдары үшін қолжетімді резервшілердің республикалық дерекқоры қалыптастырылады.
«Болашақ» халықаралық стипендиясының шеңберінде білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері үшін арнайы шетелдік тағылымдамалар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ жаңадан құрылатын білім беру ұйымдарының штатын қалыптастыру, кадр тапшылығын толтыру үшін жоғары кәсіби педагогтердің республикалық дерекқоры құрылады. Бұл базаны ата-аналар балаларға қосымша білім беру қызметтерін алу үшін пайдалана алады.
ТжКБ ұйымдарында оқыту сапасын арттыру үшін басқарушылық құзыреттер бойынша біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, тиімділіктің негізгі көрсеткіштері, ротация тетігі, басшылар рейтингі бойынша басшылардың қызметін бағалауды енгізу жалғасады. Бұл қазіргі заманғы менеджерлер тобын, сондай-ақ ТжКБ басшыларының кадрлық резервін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымдары қызметінің тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру, басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жалғасады. Ротация бір білім беру ұйымында 7 жыл жұмыс істеген басшылар үшін жүргізіледі.
Ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімін толығымен автоматтандыру жоспарлануда.
Осы шаралардың барлығы жалпы білім беру ұйымдары басшыларының, педагогтердің кәсіби деңгейін жетілдіру және арттыру үшін негіз болады және нәтижесінде барлық деңгейлерде білім беру сапасын арттыру көзделіп отыр.