Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы


-бағыт. Қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу



бет20/27
Дата15.04.2023
өлшемі141,81 Kb.
#82890
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   27
Байланысты:
Білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы

5-бағыт. Қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиелеу




1-параграф. Білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалдық интеллектісін дамыту


Өскелең ұрпақты тәрбиелеу – қоғамның, педагогтер мен ата-аналар қауымдастығының басты мақсаты. Отанға деген сүйіспеншілікті дарытуға, ата-баба дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтеуге тәрбиелеу – мемлекеттің басты міндеті. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу отбасынан басталады, отбасы жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастырады, баланың бойында қоршаған қоғам туралы тұрақты әсерді қалыптастырады, сондықтан отбасы білім беру ұйымының әлеуметтік әріптесіне айналады.
Ресми білім беру шеңберінде білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалдық интеллектін дамыту Абайдың «Толық адам», Шәкәрімнің «Ар-ұждан», Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық мұрасы, Ермұхан Бекмахановтың, Манаш Қозыбаевтың мәдени мұрасына, Ақселеу Сейдімбековтің қазақ халқының салт-дәстүрлерін қастерлеу және өз еліне қызмет ету жөніндегі идеяларына негізделуі тиіс.
Жаңа ұрпақты тәрбиелеуге қатысты мәселелерді жүйелеу үшін үздіксіз білім беру жүйесінде тәрбиелеудің тұжырымдамалық негіздері әзірленетін болады. «Іс-шараларды өткізу» тәсілінен «тәрбие мақсаты мен жобалық тәсіл арқылы әрбір деңгейдегі тәрбие жұмысы» тәсіліне көшу жүзеге асырылатын болады.
Оқыту мен тәрбиелеуге қатысты құндылыққа бағытталған тәсіл мектеп климатында, мәдениетте, мінез-құлықта және барлық қызметкерлердің көзқарасында көрінетін орта білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болады.
Құндылыққа бағдарланған тәсілді енгізу сынып менеджменті, әлеуметтік-эмоционалдық оқыту бойынша заманауи педагогикалық технологияларды енгізе отырып, білім беру ұйымдарында тәрбие процесін сапалы оқу-әдістемелік сүйемелдеуді, педагогтерді даярлау және қайта даярлау бағдарламаларының мазмұнына құндылықтарды сіңіруді талап етеді.
Балалардағы ұлттық құндылықтардың қалыптасуы ерекше маңызға ие, сондықтан оларды тәрбиелеу негізгі ұлттық құндылықтар негізінде жүзеге асырылуы керек. Негізгі ұлттық құндылықтар адамның рухани-адамгершілік дамуы мен тәрбиесінің негізі ретінде қарастырылады. Өскелең ұрпақтың ұлттық құндылықтар мен оларды сақтаудың маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыру қажеттілігі туындайды. Білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие процесінде отбасылық құндылықтар мен отбасы институтының маңыздылығы дамытылатын болады. Отбасын сақтау – мемлекет тұрақтылығының негізі. Мемлекет үшін ұлттық дәстүрлерді, құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау маңызды. Тәрбие жұмысы аясында білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақ арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, отбасы құндылықтарын дәріптеу қажет.
Отбасылық құндылықтарды насихаттау және оны сақтаудың маңыздылығын атап өту мақсатында Отбасы күні аясында (қыркүйектің әрбір екінші жексенбісінде) «Менің отбасым – шығармашылық отбасы», «Менің отбасым – оқуға құштар отбасы», «Менің отбасым – спорттық отбасы» және басқа да кеңестердің қатысуымен өңірлік конкурстар және әкелер, ақсақалдар кеңестері, аналар кеңестері, әжелер кеңестерінің қатысуымен басқа да іс-шаралар өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланады. Өмірлік қиын жағдайдың туындау қаупі бар аймақтағы отбасылар мен адамдарға көмек көрсету мәселелері бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл регламентін әзірлеу және бекіту жоспарлануда.
Мектептер жанындағы білім беру ұйымдарын басқару мәселелеріне ата-аналардың тиімді қатысуы үшін ата-аналар академиялары құрылады.
«Мектеп – бала – ата-ана» үштігі принципі бойынша мектеп пен ата-ананың тығыз қарым-қатынасына негізделген жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген білім алушыларды тәрбиелеу мен оқыту жүйесін енгізу жалғасады. Осы шаралардың нәтижесінде әрбір оқушының физикалық, психикалық, эмоционалдық және адамгершілік дамуына бағытталған тәрбие жұмысының үйлесімді жүйесі қалыптасады.
Тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру мақсатында сынып жетекшілігі туралы ережені қайта қарау және сынып жетекшісінің біліктілік сипаттамасын әзірлеу жоспарлануда.
Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеудің құндылық тәсілі маңызды. Қазақстанның аумақтық тұтастығы, мемлекеттік тіл және бірлік қазақстандық қоғамның сөзсіз құндылықтары болып қала береді. Өскелең ұрпақтың тәрбие процесі өз біліміне, салауатты өмір салты мен кәсіби табысына, туған жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне, кіші отанына, мәдениеті мен тіліне деген сүйіспеншілікке басты назар аудара отырып, өмірге деген дұрыс көзқарас элементтерін қалыптастыруға бағытталады. Қазақстандық жастар үшін адалдық, мейірімділік, әділдік, өзін-өзі дамыту сияқты дәстүрлі жалпыадамзаттық құндылықтар басым болуы тиіс.
Осыған байланысты үздіксіз білім беру жүйесінде қазақ халқының ұлттық құндылықтарын қалыптастырудың ғылыми-әдіснамалық негіздері әзірленетін болады. Білім берудің теориялық тәсілдері мен базалық құндылықтары білім алушылардың қажеттіліктеріне, қоғамның, мемлекеттің сұраныстарына және қазақ халқының ұлттық мәдениетінің мазмұнына сәйкес болуға тиіс.
Білім беру ұйымдарында жас ұрпақты идеологиялық тәрбиелеу бойынша жұмысты жандандырған жөн. Өскелең ұрпақтың идеологиялық тәрбиесі жеке тұлғаның негізін құру, адамның болып жатқан оқиғаларға, мәдени және ғылыми мұраға, тарихи жетістіктерге қатынасын, адамның өзін, қоғамдағы орнын түсінуін анықтайтын бағытты қалыптастыру мүмкіндігі ретінде әрекет етеді.
Білім алушыларды патриоттық тәрбиелеу «Жас қыран», «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер қозғалыстары, «Ұшқыр ой алаңы» пікірталас қозғалысы, мектеп және студенттер парламенттері құрамына енгізу мен өзін-өзі басқару жолымен оларды ұйымдастырылған қоғамдық қызметке тарту арқылы жүзеге асырылады. «Жас қыран», «Жас ұлан» балалар-жасөспірімдер қозғалыстары білім алушылардың мектепті басқаруға және мектеп проблемаларын бірлесіп шешуге белсенді қатысуда жетекші рөл атқаруға, өзінің үлкен және кіші Отанының тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне, ел тағдырына құрметпен қарайтын, белсенді өмірлік және жауапты азаматтық ұстанымы бар шығармашылық тұлғаны қалыптастыруға ықпал етуі тиіс.
Білім алушыларды бағыттар бойынша клубтардың жұмысына тарту кеңейтіледі, жастар лигаларын (спорттық, дебаттық және т.б.) құру және дамыту жоспарлануда. Өскелең ұрпаққа экологиялық мәдениет пен салауатты өмір салтын қалыптастыру «Ашық жүрек», «Саламатты жастар» жобалары арқылы эковолонтерлікті дамыту арқылы «Жас турист» және «Гүлден бер, Қазақстан» конкурстарын өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар спорт үйірмелері мен секцияларын дамыту, оның ішінде «асық ату», «тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық спорт түрлері бойынша жоспарланған.
ТжКБ ұйымдарындағы тәрбие процесі білім алушылардың қоғамдық және волонтерлік қызметін ынталандыру арқылы жалғасады, бұл волонтерлік қызмет шеңберінде өзара көмектің жоғары мәдениетін қалыптастыруға және әрбір білім алушының осы процеске кеңінен қатысуына әкеледі.
Адамның өзін және қоғамдағы өз орнын түсінуі үшін қоғамдық ұйымдардың, мектеп және студенттік өзін-өзі басқару органдарының, білім беру ұйымдарының және ата-аналар қоғамының өзара іс-қимыл тетіктері әзірленетін болады.
Экологиялық тәрбие, қоршаған әлемге ұқыпты қарау, экологиялық құндылықтарды, қаржылық және кәсіпкерлік дағдыларды сіңіру тәрбие іс-шараларының кешені арқылы жүзеге асырылатын болады. Өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін дамыту табиғатқа ұқыпты қарау, зообақты қорғау және экологиялық ұйымдарды қолдау принциптері арқылы жүзеге асырылуы керек.
Табиғаттың сақталуына жауапкершілік сезімін тәрбиелеу, қоршаған ортаны сақтау проблемасын қабылдау бойынша белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыру тәрбие жұмысының басым бағыттарының біріне айналады.
Қазіргі әлемдегі цифрлық технологиялардың ілгерілеуі өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше әсер етеді, бұл балалардың киберқауіпсіздігіне, кибергигиенасына және киберкультурасына қатысты пайдалы әдеттерді қалыптастыруды талап етеді. Сондықтан білім беру ұйымдарының тәрбие жұмысының жоспарына білім алушылардың экологиялық цифрлық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды енгізу қажет. Осылайша, балаларды рухани дамуына зиян келтіретін ақпарат пен материалдардан қорғау шараларын әзірлеу және енгізу жоспарлануда.
Тәрбие саласындағы кадр ресурстарын кеңейту шеңберінде білім беру ұйымдарында басқарушылық менеджмент деңгейін арттыру үшін тәрбие жұмысын жүзеге асыратын мамандардың функционалдық міндеттері мен құзыреттерін қайта қарау қажет.

2-параграф. Қосымша (формальды емес) білім беру арқылы бала қабілеттерін қызығушылықтары бойынша дамыту


Қосымша білім беру жүйесінің негізгі міндеті – балалардың жан-жақты дамуы үшін қызметтердің кең спектрін ұсыну.
ЖАО есебінен қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын кезең-кезеңімен ұлғайту мемлекеттік және жеке ұйымдар арасында бәсекелестік туғызады, қалаларда да, ауылдық жерлерде де балалардың тұрғылықты жерінен қадамдық қолжетімділікте үйірмелер мен секциялар желісін кеңейту үшін жағдайлар жасайды, балаларға қосымша білім беру сапасын жақсартады. ЖАО балаларға қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдардың МТБ-сын нығайту, оларды қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру, соның ішінде ЕБҚ балаларға кедергісіз жағдайлар жасау үшін шаралар қабылдайды.
Мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік ұйымдарда орналастыру есебінен балаларға қосымша білім беру мектептен тыс ұйымдарда, мектептерде және жеке ұйымдарда қолжетімді болады. 2027 жылдың соңына дейін балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту үшін кемінде
100 жаңа ірі объекті салынады: оқушылар сарайлары, жас техниктер станциялары, балалар технопарктері, музыка және өнер мектептері. Әрбір тілек білдірген балаға спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге, сондай-ақ инженерлік-техникалық, IT бағыттары мен бағдарламалау және басқалар бойынша тегін баруға мүмкіндік беріледі.
Ауылдық жерлерде көрсетілетін қызметтер спектрін кеңейту үшін
87 музыкалық және көркемсурет ауылдық мектебі көпсалалы қызметі бар өнер мектептері болып қайта ұйымдастырылатын болады.
2023 – 2025 жылдар аралығында қосымша білім берудің ірі объектілерін құру тиімсіз болып табылатын ауылдық жерлерде балалардың әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін комьюнити-орталықтарды немесе мектептен тыс ұйымдардың филиалдарын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде комьюнити-орталықтарын қарастыру жоспарлануда.
Алдағы үш жылда 193 мектептен тыс ұйымды жаңғырту, күрделі жөндеу жүргізу және МТБ жарақтандыру жоспарлануда.
Оқушылар арасында дебаттық қозғалысты танымал ету және одан әрі дамыту мақсатында ЖАО қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық-педагогикалық, ақпараттық жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жоспарларды әзірлейтін болады.
Мектеп кітапханалары электрондық ақпараттық ресурстар базасы, оның ішінде цифрландырылған құжаттар коллекциясы, веб-сайттар, веб-порталдар және басқалар бар қосымша білім беретін оқыту алаңдарына трансформацияланатын болады.
Балалардың, педагогтердің білім қажеттіліктерін анықтау бойынша талдау жүргізу, балаларға қосымша білім беру бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалайтын көрсеткіштер мен индикаторларды әзірлеу, білім беру бағдарламаларын әзірлеу, педагогтердің біліктілігін жүйелі түрде арттыру көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапалы деңгейін қамтамасыз етеді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   27




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет