Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту деңгейінде білім беру ұйымдары оқытудың баламалы дамытушы және вариативтік жеке әдістемелері мен технологияларын ұсыну арқылы тәрбие мен оқытудың сапасын қамтамасыз етеді.
Ата-аналардың білім беру қызметтерін көрсету сапасына қанағаттануын анықтау сауалнама жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Мониторинг МТО МЖС-ның, мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің үлгілік қағидаларының және олардың қызметін регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық құжаттардың талаптарын орындауды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
Мониторинг барысында мектеп жасына дейінгі балалардың дамуына бақылау, балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес біліктері мен дағдыларының қалыптасуына бағалау жүргізіледі, олардың қорытындысы негізінде педагог жұмыс жоспарына түзетулер енгізеді.
Орта білім беру деңгейінде сапаны бағалаудың ішкі жүйесі МЖБС талаптарының, үлгілік оқу жоспарларының, бағдарламалардың және білім беру қызметін регламенттейтін басқа да нормативтік құқықтық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі. Білім алушының үлгерімін анықтаудың ішкі жүйесі формативті және жиынтық бағалаудан тұратын критериалды бағалауды және мектепішілік бақылауды (бұдан әрі – МІБ) қамтиды.
ЭЫДҰ сарапшылары критериалды бағалауға көшуді жалпы білім беру жүйесін жаңғырту жолындағы оң қадам ретінде бағалады. Формативті бағалау қалыптастырушы, ынталандырушы және қозғаушы функцияларды орындайды, білім алушылар жетістіктерінің оқу бағдарламасына сәйкес оқу мақсаттарына сәйкестігін айқындайды.
Бөлім (бұдан әрі – БЖБ) және тоқсан (бұдан әрі – ТЖБ) үшін пәндер бойынша жиынтық бағалау бір оқу пәні бөлігінің немесе толық көлемінің мазмұнын оқу аяқталғаннан кейін және (немесе) белгілі бір оқу кезеңінде (тоқсан, оқу жылы) білім алушылардың оқу бағдарламасына сәйкес меңгеру сапасын бағалау мақсатында жүргізіледі.
Оқыту процесінің сапасын арттыру және білім алушыларда да, педагогтерде де бар проблемаларды зерделеу мақсатында оқыту процесін жақсартуға, педагогтің кәсіби өсуі мен дамуына, сондай-ақ білім алушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған сабақтарды бақылауды, зерттеуді және талдауды қамтитын МІБ күшейтіледі.
МІБ білім беру ұйымында дербес реттелетін және шешілетін, білім беру ұйымының әкімшілігі мен уәкілетті тұлғалар жүзеге асыратын мәселелердің кең ауқымын қамтиды. Бірыңғай басқару процесінің элементі ретінде бақылауды жүйелі түрде ұсыну, білім беру процесінің жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсаттарына негізделе отырып, оның мақсаттарын, функциялары мен міндеттерін, жоспарлауға, ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды, бақылаудың нақты мазмұны мен формаларын тұжырымдауға мүмкіндік береді.
Осылайша, МІБ нәтижелері педагог қойған білім алушылардың білім жетістіктерін бағалаудың нақты алынған білімге және балалардың оқыту дәрежесіне сәйкестігін анықтауда үлкен маңызға ие болады.
2020 – 2021 оқу жылынан бастап білім алушылардың оқу жетістіктері халықаралық практикада қабылданған әріптік жүйеге сәйкес келетін 100 балдық шәкіл бойынша (оң бағалар, кемуіне қарай, «А»-дан «D»-ға дейін, «қанағаттанарлықсыз» - «F»-ке дейін), 4 балдық шәкіл бойынша тиісті цифрлық баламасымен бағаланады.
Балдық-рейтингтік әріптік жүйе бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау «Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы
18 наурыздағы № 125 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады.
Балдық-рейтингтік әріптік жүйе оқытудың барлық нысандарының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау үшін қолданылады.
Бағаларды білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесіне ауыстыру техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингтік әріптік жүйесін қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырылады.
2-параграф. Сапаны сыртқы қамтамасыз ету жүйесі
Сапаны сыртқы қамтамасыз ету жүйесінің рәсімдері сапаны ішкі қамтамасыз ету процестерінің тиімділігін сыртқы бағалауға бағытталған, оның ішінде білім беру ұйымында қалыптасқан сапа мәдениетіне баға беріледі.
Сапаны сырттай қамтамасыз ету білім алушылардың білімін бағалауды, білім беру ұйымының және (немесе) олардың бағдарламаларының қызметін аккредиттеуді немесе бағалауды, мемлекеттік бақылауды және қоғамдық сенімді қамтиды.