2 тақырып. Сот сараптамасы сот өндірісіндегі тәжірбиелік қызметтің нысаны ретінде: ұғымы, пәні, міндеттері мен объектілері
Сот сараптамасы сот-сараптамалық қызметтің белгілі түрі ретінде қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот сарапшының ғылыми арнайы білімін қолдана отырып жүргізілетін зерттеулер болып табылады. Аталған зерттеулердің шеңберінде зерттелуге жататын объектілердің құрамы мен белгілері анықталып оларға ғылыми баға беріледі.
Сот-сараптамалық қызметтің жүзеге асырылуы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделіп, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптамалық қызмет туралы» Заңына, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс-жүргізу Кодексімен, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс-жүргізу Кодексімен, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативті құқықтық актілерімен (барлық соңғы өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып) реттеледі.
ҚР «Қазақстан Республикасындағы сот-сараптамалық қызмет туралы» Заңының 3 бабына сәйкес, сот-сараптамалық қызмет өз құрамына келесі жағдайларды кіргізеді:
қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша сот сараптамасын жүргізу;
сот сараптама саласындағы ғылыми зерттеулер;
сот сараптамасының ғылыми-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етілуі;
сот сарапшыларды іріктеу, кәсіптік даярлығын және кәсіби біліктілігін арттыру.
Сот сараптамасы келесі қағидаларға сүйенеді:
заңдылық;
азаматтар мен адамдардың құқықтары мен бостандықтарын және заңды тұлғалардың құқытары мен заңды мүдделерін сақтау;
сот сарапшының тәуелсіздігі;
сот-сараптамалық зерттеу жүргізгу кезінде әдістер мен ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға жол берушілігі;
сот-сараптамалық зерттеулердің объективтілігі, толықтылығы мен жан-жақтылығы;
сот сарапшы кәсіби этикасын сақтауы.
Сот сараптамасының мақсаты істі дұрыс және мәні бойынша шешу үшін сот өндірісіндегі мән-жайларды анықтау болып табылады.
Мақсатына сай сот сараптамасының пәні қалыптасады, сот сараптамасының пәні дегеніміз азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істердің нақты деректерін айтамыз және олар арнайы ғылыми білімді қолдана отырып анықталуға жатады.
Сот сараптамасының нақты пәні оның зерттеу міндеттеріне қатысты, ол кең мағынада белгілі-бір сараптамаға қатысты тергеушінің (соттың) нақты сұрақтарын айтамыз.
Сот сараптамасының «пәні», «міндеттері», «сұрақтары» ұғымдарының бір-бірімен өзара байланысуын талдаған кезде, сараптаманың алдында тұратын сұрақтар мен міндеттер оның пәнін анықтауға мүмкіндік береді, бірақ оның мазмұнына кірмейді. Басқаша айтқанда, сараптамалық зерттеумен анықталатын мән-жайлар оның нақты міндеттермен детерминацияланады, сол арқылы зерттеу пәнінің мазмұнына кіретін нақты деректерді анықтайды.
Сот сараптамасының пәнін нақтылайтын сараптама міндеттерінің рөлі пәннің және оның ғылыми саласының қалыптасуына өз ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, тәжірибелік қызметтің қорытынды міндеттері теориялық негізде пайда болған мәселелердің қажеттіліктерін қанағаттандырады.
А.Р.Шляхов сот сараптамасының міндеттеріне ғылыми анықтама берген, ол сараптамалық міндетті сот сараптама пәнінің мәнін түсіну үшін әдістемелік негіз болып табылады. Сол сияқты, автордың айтуынша, сараптамалық міндеттер - сот сараптамасын тағайындаған кезде қойылатын нақты сұрақтар және сараптамалық зерттеудің әдістері мен теориясының дамуына қатысты базис ретінде ұғынады.
Аталған автордың ой-пікірін тұжырымдай отырып, сараптаманың міндеті мен оның алдына қойылатын сұрақтар ұқсас үғымдар, осыған қатысты А.Р.Шляхов міндеттер ұғымының ғылыми анықтамасын бере отырып, олар тек белгілі-бір сараптаманың сұрақтарын шеше отырып жүзеге асатын процесс деген.
Жоғарыда аталған сот сараптамалық міндетке қатысты анықтама дәл сот сараптамасының жалпы теориясында қалыптасқан және соның негізінде сот сараптамасының жіктелуі, түрлер мен класстарға бөліну қағидасы қалыптасқан.
Сот сараптамасының міндеттері мақсаты ретінде белгілі-бір жағдайларда және ғылыммен әзірленген әдістер негізінде берілген, сол арқылы ол сот сараптамасының әдіснамалық мәнін ашып, олардың құрылымдық элементтерін нақтылауға мүмкіндік береді.
Оларға келесілер жатады:
оның шешімін қамтамасыз ететін шарттар (бастапқы мәліметтер)
сараптамалық танымның ғылыми түрде әзірленген әдіс-тәсілдері мен құралдары.
Сараптамалық міндеттерді бағалаудың мазмұнды негізі сот сараптамасының пәндік саласын қалыптастыратын және сараптамалық таным міндеттерінің жалпы жүйесінде көрініс тапқан диагностикалық, классификациялық, идентификациялық және жағдайлық (ситуациялық) деңгейдегі міндеттерді айтамыз. Мұндай деңгейлер сараптамалық танымдық міндеттерді идентификациялық және идентификациялық емес деп жіктеуге мүмкіндік береді.
Тәжірбиелік мағынада аталған міндеттерді деңгейлеріне сай жіктеу әрбір деңгейдің мақсаттары мен міндеттерінің жағдайларын нақтылауға қатысты және сол класстарына, түрлеріне, тектеріне тәуелсіз сараптамалық міндеттерді шешуге қатысты әдістерді біріздендіруге (унификация) алғышарттар туындатады. Яғни, әрбір деңгейдегі міндеттерді шешу үшін әмбебап әдістемелер құруға мүмкіндік береді.
Деңгейлік бағыт сот сарапшының зерттелетін құбылысты тереңірек танып және анықталған фактіні жалпылауын ескереді.
Диагностикалық зерттеудің процесі классификациялық, идентификациялық, жағдайлық зерттеулерден ерекшеленеді. Аталған әр бір зерттеу өзінің жалпылау деңгейін мақсат етеді. Олардың ерекшелігі таным кезіндегі мазмұнына, объектілердің және қоршаған ортаның құбылыстары арасындағы өзара байланыстарын зерттеулерінде жатыр.
Жоғарда аталған жағдайлар, сараптамалық зерттеудің құрылымдық және иерархиялық жүйесі ретіндегі сараптамалық танымның бағалауына негіз бола отырып, кез-келген зерттеулердің алғышарты ретінде диогностикалық деңгейдегі міндеттер болады.
Диагностикалық зерттеулерсіз бірде-бір зерттеу жүргізуге болмайды, өйткені диагностикалық зерттеу арқылы материалды объектілердің пайда болу табиғаты, олардың зерттеу кезіндегі күйі анықталады.
Сот сараптамасының диогностикалық міндеттерін анықтай отырып, оның мақсаты зерттелетін объектілерді криминалистика, сот сараптамасының жалпы теориясы немесе өзге де білімдер саласының бұрыннан бері анықталған және жүйелендірілген деректерінің негізінде тануда жатыр.
Диагноз қою процесі зерттеліп отырған объектілердің белгілерін бір-бірімен салыстыру негізінде жүзеге асады. Мысалы, объектілердің белгілерін салыстырмалы түрде талдау із аяқ киіммен қалдырылғандығын анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай тұжырымды сарапшы іздер туралы криминалистикалық ілімнің білімін пайдалана отырып жасайды. Объектілердің белгілерін талдау арқылы диагностикалық міндеті объектінің қай классқа жатқандығын анықтай алады. Осыған қатысты диагностикалық міндет классификациялық міндетпен біршама ұқсайды. Классификациялық міндет зерттеліп отырған объектінің табиғаты мен күйін танумен шектелмейді, сол сияқты салыстырмалы зерттеудің нәтижесінде ол объектінің қай класқа, қай текке, объектілердің ерекшеліктері мен ұқсастықтарын анықтауға көмектеседі. Классификациялық міндеттің мақсатызерттеліп отырған объектінің тобын, тегін, класын салыстырмалы ғылыми әдісті қолдана отырып анықтауда жатыр.
Сот сараптамасында зерттеліп отырған объектінің тектік тобын анықтау классификациялық әлде идентификациялық міндетке жатады ма? - деген мәселе криминалистикалық әдебиеттерде жиі түрде орын алады.
Аталған мәселені шешу үшін осы зерттеудің екі деңгейі арасында тұрған мақсаттардың бағалануын талап етеді, оларға қатысты Н.В.Терзиев былай дейді: «Идентификация кезінде ол дәл сол объекті екені анықталады. Тектілік (топтық) белгісін анықтау кезінде зерттеліп отырған объект белгілі топқа жататыны, өзінің тегі немесе түрі бойынша осындай болып табылатыны ғана белгіленеді».1 Классификациялық міндеттің топтық тегін анықтауға баға беру мақсаты идентификациялық деңгейдің міндеті бола тұра, талдау жасауына кедергі болмайды, өйткені оның шешуі белгілі-бір объектінің тепе-теңдігін анықтаудың негізгі сатысы.
Криминалисттік идентификация –дегеніміз қоршаған ортаның белгілі-бір көріністеріндегі объектінің өз-өзіне тепе-теңдігінің бар немесе жоқ болуын анықтайтын таным процесі. Яғни, зерттеліп отырған оқиғаға қатысы бар объектінің жекелігін анықтау.
Тепе-теңдікті анықтаудың тәжірбиелік мәні, идентификация нәтижелерінің (жағымды және жағымсыз) тергеліп отырған оқиғамен белгілі-бір объектінің байланыстылығын немесе оның жоқтығын тұжырымдауға мүмкіндік береді. Аталған жағдай тергеу болжамдарын құрастыруға және оларды тексеруге өз ықпалын тигізе отырып, іс бойынша мән-жайларды анықтайды.
Диагностикалық, классификациялық және идентификациялық денгейлердің бағынушылық қағидасына сай, Р.А.Кентлер былай деген: «Идентификация таным процессі ретінде үш түрлі мінддеттерді шешеді: объектіні тану, оларды топтастыру, нақты объектінің тепе-теңдігін анықтау.2 Жоғарыда қарастырылған сараптамалық міндеттерді шешу деңгейлері бір ерекшелікпен сипатталады – олардың таным пәнінде яғни, материалды дүниенің объектілерін тануға негізделген фактілі деректерде жатыр. Мұндай фактілі деректерді морфологиялық, субстанциялық және көлемді байланыстарын талдау арқылы зерттейді.
Осы құрамдар, яғни объектілер арасында орын алған генетикалық және функционалды байланыстары жағдайлық (ситуациялық) сараптамалық міндеттің пәнін құрайды.
Сараптамалық танымдағы жағдайлық (ситуациялық) деңгейі ретінде, біз тек криминалистикадағы жағдайлық сараптама туралы ой-елестерді ғана енгізбей, қарапайым жағдайларды талдау мазмұнын кіргізетін тар мағынадағы түсіндірмені де айтамыз. Олар жеке сараптаманың пәні болатынын ескереміз.
Жоғарыда көзделген тәсіл жағдайлық (ситуациялық) деңгей міндеттерінің мақсаттарын нақтылауға мүмкіндік береді. Бір жағынан – арнайы ғылыми білімді қолдна отырып оқиғаны толығымен анықтау, екінші жағынан – оқиғаның тек белгілі үзінділерін анықтау. Аталған деңгейдің міндеттерін екіге бөлу керек: жалпы және арнайы. Соңғысына келесілер жатады:
әрекеттерді жасау тәсілдері;
әрекетті жасау мүмкіндіктері;
әрекетті жасаудың орны;
әрекетті жасаудың уақыты;
объектілердің өзара әрекеттесу механизмдері;
объектінің өзгеру себептері мен жағдайлары,
сол сияқты, әрекет пен салдардың себепті байланысын анықтау.
Жағдайлық (ситуациялық) міндеттерді шешу ықпалдылық (интегралды) мазмұнға ие, сондықтан әр түрлі ғылым мен техника саласындағы аранайы білімдерді қажет етеді, сол арқылы сараптама кешенді мазмұнға ие болады. Жеке жағдайлық (ситуациялық) міндеттердің мақсаты көлемі жағынан тар, сондықтан олардың нәтижесі белгілі-бір ғана арнайы ғылыми саласының қолданылуымен алынады.
Жағдайлық (ситуациялық) деңгейдің міндеттерін бағалай отырып, олардың тиімді түрде шешілуі диагностикалық, классификациялық, идентификациялық зерттеулердің нәтижелерімен белгіленеді. Сонымен қатар, аталған диагностикалық, классификациялық, идентификациялық деңгейдегі міндеттер жағдайлық сараптаманың міндеті де болып табылады. Бірақ, тәжірбиелік жоспарда, жағдайлық (ситуациялық) деңгейдің міндеттері жеке мәртебеге ие бола тұрып, басқа міндеттерді шешуді қажет етпейтін жағдайлар да кездеседі. Мысалы, ату фактісінің мылтықтың тартпасын баспай атуға бола ма? немесе мәтін қай әдісті қолдана отырып жазылған? деген жағдайларды анықтауға қатысты т.с.с.
Сот сараптама міндеттерінің мәні мен мазмұны туралы мәселелерді түйіндеп, келесі қорытындыларды жасауға болады: сот сараптамасының ғылыми негіздерінің жүйелік даму мақсаттары сараптамалық таным құрылымында диагностикалық, классификациялық, жағдайлық (ситуациялық) және идентификациялық міндеттерге бөлінуі сәйкес келеді.
Диагностикалық, классификациялық, идентификациялық және жағдайлық (ситуациялық) міндеттерінің бір-бірінен бөліну критериі олардың бір объектіні әр-түрлі аспектіден зерттеуінде жатыр. Аталған жағдай, әрбір деңгейдің зерттелу жағдайлары мен мақсаттарын нақтылауға бағытталған.
Сот сараптамасының міндеттерін дұрыс шешу үшін сараптамалық зерттеу объектісінің болуында және оның сапасында жатыр.
Сараптамалық зерттеудің объектісі дегеніміз – іс-жүргізу заңнамаларымен алынатын ақпараттардың қайнар көздері. Басқаша айтқанда, сараптамалық міндетті шешу үшін қажет істің материалдары.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс-жүргізу Кодексінің 248 бабына сәйкес, сараптаманың объектілеріне заттай дәлелдер, құжаттар, адамның денесi мен психикалық ахуалы, мәйiттер, жануарлар, сараптамалық үлгiлер, сондай-ақ қылмыстық iс материалдарындағы сараптама нысанасына жататын мәлiметтер сараптама объектiлерi болып табылады. Заңда көрсетілген сараптамалық объектілердің көпшілігіне қарамастан, сот сараптамалық объектілер үш топқа бөлінеді, олар: негізгі объектілер, салыстырмалы материалдар мен анықтамалық мазмұндағы материалдар. Негізгі материалдарға белгілі деректерді мазмұнында құрайтын объектілер жатады, мысалы заттық дәлелдемелер, екінші топ сараптамалық зерттеу үшін жіберілетін үлгілер. Үшінші топқа жататын объектілер анықтамалық мазмұнға ие болады, мысалы нұсқаулар, топтамалар (коллекциялар) т.с.с.
Заңға сәйкес, сараптама тағайындаған орган, сараптамалық зерттеуге жататын объектілердің шынайлығы мен жол берушілігіне кепіл береді, сол сияқты, оларды буып-түйюге, сараптама орнына немесе сарапшының өзіне қажет болған жағдайда жеткізуін қамтамасыз етеді.
Сараптамалық зерттеуді жүргізу кезінде салыстырмалы зерттеу үшін қажетті үлгілердің орны ерекше, әсіресе түпнұсқаны зерттеу мүмкін болмаған кезде.
Сараптамалық зерттеу үшін үлгілер – диагностикалық, классификациялық, идентификациялық объектілермен салыстыру үшін сарапшыға жіберілетін материалды объектілер.
Сараптамалық зерттеу үшін алынатын үлгілер адамнан алынады (ҚР ҚІЖК 256 бабы) оларға: қан, ұрық, шаш, қиып алынған тырнақ, дененiң сыртқы бетiнiң микроскопиялық қорытындылары, сiлекей, тер және басқа бөлiнiп шығатындар, терi бедерiнiң iзi, тiстiң қалыбы, қолжазба мәтiн, бұйымдар, адамның дағдысын бейнелейтiн басқа материалдар, дауыс фонограммасы жатады. Үлгілерге сол сияқты, материалдардың, заттардың, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары, гильзалардың, оқтардың қару мен тетiк iздерiнiң үлгiлерi алынады.
Пайда болу мазмұнына қарай үлгілер болған оқиғаға дейін (эксперименталды) және онымен байланысты емес (бос) болып бөлінеді. Эксперименталды үлгілер тергеушімен және сарапшымен алына алады. Тергеушімен үлгі алынған кезде қаулы шығарылады, онда келесі мәліметтер болу керек:
үлгіні алған тұлға;
үлгі алынатын тұлға (мекеме);
қандай үлгілер және қандай мөлшерде алыну керек;
үлгі тапсыру үшін тұлға қайда және кімге келуі керек;
үлгі алынғаннан кейін кімге және қайда ол тапсырылуы керек.
ҚР ҚІЖК 259 бабында сараптамалық зерттеу үшін тергеушімен үлгілерді алудың келесі тәртібі берілген:
Тергеушi адамды өзiне шақыртып немесе ол тұрған жерге келiп, оны үлгiлер алу туралы қаулымен қолхат ала отырып таныстырады, оған және аталған тергеу iс-әрекетiне қатысушы өзге адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi.
Тергеушi қажеттi iс-әрекеттi жеке өзi немесе маманның қатысуымен жүргiзедi, үлгiлер алады, оларды буып-түйiп, мөрмен бекiтедi.
Тиiстi жағдайларда үлгiлердi сұрыптап алуды, тiнтудi, эксгумацияны жүргiзу арқылы немесе оларды жүргiзумен бiр мезгiлде жүзеге асырылады.
Үлгiлер сезiктiден, айыпталушыдан, жәбiрленушiден, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адамнан, оқиға болған жердегi немесе заттай дәлелдердегi iздердi өзге адамның қалдыруы мүмкiн екенi туралы жеткiлiктi деректер болған кезде үлгiлерi сол адамнан, бiрақ аталған iздер қалдырылуы мүмкiн жағдайлар туралы одан куә (жәбiрленушi) ретiнде жауап алынғаннан кейiн ғана алынуы мүмкiн.
Үлгілерді алу әдістері келесі болып бөлінеді:
мәжбүрлеу – сезіктіден, айыпталушыдан;
прокурор, соттың санкциясымен күштеп алу – жәбiрленушi мен куәдан үлгiлер алу, мұндай әрекеттi жасауды а)сезiктi, айыпталушы өзiн қылмыс жасады деп әшкерелейтiн айғақтарды тексеру үшiн табанды түрде талап еткен, б) жыныстық аурулар мен өзге де жұқпалы ауруларды анықтау үшiн, мұндай анықтау iс үшiн маңызы болғанда үлгiлер алу қажет болғанда,
жәбiрленушi мен куәнiң – келiсiмiмен ғана жүргiзiлуi мүмкiн.
Заң шығарушымен үлгіні сотпен алудың тәртібі белгіленген. Сот, кез-келген үлгілерді алуға құқылы, егер олардың зерттеулері іс үшін маңызды болса. Мысалы, сот адамның қасиетін көздейтін кез-келген үлгілерді ала-алады, сілекей, қан, тырнақ т.с.с.
Үлгілерді алу туралы негізделген қаулы шығарылады, сол сияқты үлгілер судьяның өзімен жеке немесе қажет болған кезде маманның не дәрігермен алына алады.
Үлгілерді судья, сарапшы, дәрігер немесе басқа мамандар алуға құқылы. Егер, үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің белгілі-бір сатысы болса, ол сарапшымен алына алады. Үлгілер тараптардан және үшінші тұлғалардан алына алады.
Судья өзіне тұлғаны шақырып үлгіні алу туралы ұйғарыммен таныстырады және оған, өзге де тұлғаларға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді. Бұл кезде судья жеке өзі немесе маманның қатысуымен үлгілерді алу үшін, оларды буып-түюге бағытталған қажетті шараларды жүзеге асырады.
Алынған үлгілердің нәтижелері хаттамада тіркеледі (сот отырысында), мұнда үлгілерді алудың тәртібі, кезектілігі, қолданылған ғылыми-техникалық өзге де құралдар және үлгілердің өзі де сипатталады. Басқа кезде, судья үлгі алынатын тұлғаны дәрігер мен басқа мамандарға сәйкес тапсырысы бар ұйғарыммен бірге жібереді. Ұйғарымда аталған процессуалды әрекетке қатысатын қатысушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілуі керек.
Судьяның тапсырысымен, дәрігер немесе өзге де маман үлгіні алу үшін қажетті әрекеттерді жүзеге асырады. Алынған үлгілер буып-түйіліп, мөр басылады, кейін дәрігер немесе маманның жасаған ресми құжатымен бірге сотқа жібереді.
Зерттеу процесінде сарапшылармен эксперименталды үлгілер жасалынады және сол туралы ол қорытындыда көрсетеді. Мұндай үлгілерді жасау кезінде судья қатыса алады және сол туралы хаттамада бекітіледі. Зерттеуден кейін сарапшы үлгіні буып-түйіп, өзінің қорытындысына қосымша ретінде тіркейді.
Судьяның тапсырысы бойынша үлгіні алу маманға не дәрігерге тапсырылса, ол ресми құжат құрастырады, бұл құжатқа барлық қатысушылар қол қояды және құжат судьяға барлық іс материалдарымен қоса жіберіледі. Хаттамаға барлық алынған үлгілер тіркеледі.
ҚР ҚІЖК 262 бабында үлгілерді алу кезінде тұлғалардың құқықтарын қорғау жағдайлары көзделген. Атап айтсақ, үлгiлер алудың әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiз болуға тиiс. Жанға қатты батыра жасалатын күрделi медициналық рәсiмдердi немесе әдiстердi қолдануға бұған үлгiлер алынуға тиiстi адам, ал егер ол адам кәмелетке толмаған болса немесе психикалық ауру болса - оның заңды өкiлдерi жазбаша келiсiм берген жағдайда ғана жол берiледi.