1. Зертханада жұмыс істеу кезінде тазалық және тәртіп сақтаңыз. Асығыстық және ұқыпсыздық көбінесе қайғылы жағдайға әкеледі.
2. Жұмысқа тек оқытушының рұқсатымен және тәжірибе барысын толық түсінгеннен кейін ғана кірісу. Тәжірибелерді олардың әдістемелік нұсқауында көрсетілген барысына дәл келетін сәйкестікпен жүргізу қажет, әсіресе реактивтерді қосу ретін мұқият қадағалау.
3. Тәжірибе жасау үшін тек таза химиялық ыдысты пайдалану; әр реактивті өлшеп алу үшін тиісті өлшеуіш ыдыс қажет (өлшеуіш пробирка, цилиндр, пипетка, бюретка және т.б.). Реактивті қажетті мөлшерінен артық пайдаланбаңыз. Егер ерітіндіні немесе құрғақ реактивті артық алып қойсаңыз, онда оның артық мөлшерін қайтадан алған ыдысына (склянкасына) салуға немесе құюға болмайды, өйткені сақтауда тұрған реактив ластануы мүмкін.
4. Реакциялық қоспаны қыздыру үшін тек тәжірибе нұсқауында көрсетілген құралды пайдалану: су моншасы, электр плиткасы, спирт шамы және т.б. Ұшқыш, жанғыш заттарды ашық жалынмен қыздыруға болмайды.
5. Реакциялық қоспаны қыздыру кезінде ыдыстың ернеуі өзіңнен және жаныңда жұмыс істеушілерден басқа жаққа бағытталуы тиіс. Қыздырылып жатқан сұйықтықтың үстінен қарауға болмайды, себебі ол ыдыстан атқылап төгілуі мүмкін.
6. Кездейсоқ төгілген реактивтерді оқытушы немесе лаборант нұсқауымен бірден жинап алу қажет.
7. Зиянды заттармен жүргізілетін тәжірибелер тек ауаны сыртқа тартатын шкафта жасалуы тиіс. Концентрлі қышқылдар мен сілтілерді сақтықпен тек ауа тартатын шкафта құю қажет. Оларды өз жұмыс орныңа алып кетуге болмайды.
8. Реактивтерді қолмен алуға және дәмін татып көруге болмайды. Заттардың иісін анықтау үшін салынған ыдысын алшақ ұстап, оның ернеуінен ауаны мұрынға қарай қолмен желпу қажет.
9. Теріге немесе киімге қышқыл немесе сілті тиіп кеткен жағдайда оны судың көп мөлшерімен, содан кейін қышқыл жағдайында соданың сұйылтылған ерітіндісімен, ал сілті жағдайында бор немесе сірке қышқылының 2 %-дық ерітіндісімен шаю қажет.
10. Ыстық заттармен немесе бумен аздап күйген жағдайда ол жерді маймен өңдеуге болмайды, сонымен қатар түсті заттардың (калий перманганаты, бриллиант жасылы, иод) ерітінділерін де пайдалануға болмайды. Күйген жерді этил спиртімен өңдеп, құрғақ стерильді таңғышпен орайды, күйік едәуір болған жағдайда дереу дәрігерге бару қажет.
11. Жұмысқа пайдаланған заттарды, сүзгі қағазын және т.б. арнайы ыдысқа салу немесе төгу. Пайдаланылған концентрлі қышқылдар мен сілтілерді раковинаға төкпеу, оларды сол мақсатқа арналған ыдыстарға құю қажет.
12. Ерітінділерді құйып алу үшін ыдысын еңкейткен кезде оның этикеткасы жоғарыда, яғни қол астында қалу керек. Ыдыстың ернеуінде қалған тамшыны осы сұйықтық құйылатын ыдыстың, мысалы пробирканың, ернеуі шетімен түсіріп алу қажет.
13. Реактивтер тұрған ыдыстардың (склянкалардың) қақпақтарын ауыстыруға болмайды; ыдысты ашқаннан кейін қақпағын оның сыртқы жағымен столға қою керек.
14. Сұйық реактив пипеткамен алынған жағдайда осы пипетка мұқият жуылмай, онымен басқа реактивті алуға болмайды. Әр реактивті өз пипеткасымен алған дұрыс. Пипетканың сырты ғана емес, іші де мұқият жуылуы тиіс.
15. Ерітінділер дайындау кезінде тығыздығы үлкен сұйықтықты (мысалы, концентрлі күкірт қышқылын) тығыздығы кіші сұйықтыққа (мысалы, суға) құю қажет.
16. Реактивті пайдаланбас бұрын оның ыдысындағы этикеткамен мұқият танысу керек. Ерітінділер құйылған ыдыстардың этикеткасында олардың концентрациясы көрсетілуі керек.
17. Үлкен ыдыстарда тұрған ерітінділерді алу үшін оларды алдымен кішірек стаканға құйып алған жөн.
18. Ыстық приборлар мен ыдыстарды ашық стол үстіне қоймай, арнайы қойғыштар үстіне қою керек. Оларды кішкене сүлгімен ұстау керек.
19. Тәжірибе жасау үшін алынған металдардың (мырыш, темір, мыс, қорғасын және т.б.) қалдықтарын раковинаға төгіп жібермей, оларды сумен шайып, сүзгі қағазымен құрғатып, лаборантқа тапсыру қажет.
20. Лабораторияда адам жүретін жолға сумкаларды, пакеттерді және т.б. қоюға болмайды.
21. Барлық тәжірибелерді жұмыс халатын киіп, істеу керек.
22. Пробирканы және т.б. химиялық ыдысты щеткамен («ерш») жуу кезінде ыдыстың аузын өзіңнен басқа жаққа немесе төмен қарату керек.
23. Қыздырылған шыны ыдысты сәл салқындағаннан кейін жуу қажет.
24. Концентрлі күкірт қышқылын тәжірибеде пайдаланған кезде пробиркадағы реакциялық қоспаны алдымен суы бар стақанға құйып алып, содан кейін ғана пробирканы да, стакандағыны да төгіп жууға болады.
25. Титрлеу кезіндегі ережелерді аналитикалық химия курсынан еске түсіріп, жұмыс істеу.
25. Жұмыс аяқталғаннан кейін ыдысты жуып, жұмыс орнын тәртіпке келтіру және лаборантқа тапсыру.