Өмірбаяны
Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895–1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептеМарінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.
Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынов пен Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады.
Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. к-ті төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. [3]
Шығармалары
Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.[7]
Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.
Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.
Аудармалары
Байтұрсынұлы қалдырған бай мұраның тағы бір саласы — көркем аударма. Ол орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, көркем қазынаның бұл саласын байытуға мол үлес қосты. И.А. Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке жинақ қылып бастырды. И.И. Хемницердің «Атпен есек»,А. Пушкиннің «Балықшы мен балық», «Алтын әтеш», «Ат», «Данышпан Аликтің ажалы» шығармаларын, орыстың белгілі лирик ақыны С.Я. Надсонның өлеңін қазақ тіліне аударды.
Достарыңызбен бөлісу: |