7.8. Еңбек жағдайына қойылатын гигиеналық талаптар
Еңбектің салауаттандырудағы әсері көбінесе оның жағдайымен анықталады, яғни табиғи және жасанды жарықтың, ауа және жылу тәртібінің жағдайларына, өндірістік қолайсыз факторлардың әсеріне, жұмыс орнының рационалды орналасуына т.с.с қатысты болады.
1-7-сынып оқушылары үшін еңбекке баулу мектеп кабинеттерінде, шеберханаларда жүргізіледі. Еңбектің сипаты (темір ұстасы, ағаш шебері, тігін жұмыстары) оқушыларға қолайсыз өндірістік факторларымен әсер етпеуі керек. Бірақ мұндай жұмыстарда темір және ағаш шаңдары, үлкен деңгейде шуыл бөлінуі мүмкін. Осы факторларды болғызбау үшін күнделікті бөлмені ылғалды жуып-жиыстыру, қабырғаны дыбыс өткізбейтін затпен қаптау т.с.с. гигиеналық талаптарды орындаса да жеткілікті.
Өсіп келе жатқан организмге еңбектің жақсы әсер етуі және оқушылардың еңбек дағдыларын меңгеруінің жетістігі – еңбекке оқытуға арналған бөлмелердің дұрыс жабдықталуына байланысты болады. Мұнда, жабдықтардың жиыны, орналасуы, жұмыс орнының ұйымдастырылуы, құрал-саймандар, техника қауіпсіздігі бірқатар гигиеналық және педагогикалық талаптарға сай болуы керек. Жабдықтар жиыны еңбекке баулып оқытудың бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етуі керек. Шеберханалардың негізгі жабдықтары верстак, станоктар, тігін машиналары, құрал-саймандар және қосымша жабдықтар – шкаф, сөрелер, тазалық құралдары болып табылады.
Жабдықтарды орналастыруда дұрыс көру жұмысына, жұмыс кезіндегі дене тұлғасының дұрыстығына және жарақаттанудың алдын алуға қолайлы жағдай туғызу қарастырылады. Егер жарық сол жақтан түсетін болса ағаш немесе мата өңдеген кезде көлеңке пайда болмайды, сондықтан верстактар мен тігін машиналарын жарық сол жақтан түсетіндей етіп терезеге перпендикуляр орналастырған дұрыс. Верстактарды 450 бұрыш жасай отырып орналастыруға болады.
Еңбекке баулып оқытуға арналған бөлмелер қабырғадан ойылған немесе қабырғаға жабыстырылған жабық шкафтармен, сөрелермен, қоқыс салуға арналған ыдыстармен, арнаулы киімдерді ілетін орындармен, қол жуғышпен және электр сүлгілерімен жабдықталады. Жабдықтар құрамында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған таңғыш заттар, дәрі-дәрмектер сақталатын қорапшалар, зембілдер болуы керек.
Жұмыс орнын ұйымдастырған кезде дене тұлғаның дұрыстығы, энергияны үнемдеу, еңбекті дұрыс ұйымдастыру, жұмыстың қауіпсіздігі ескерілуі керек. Оқушының дене тұлғасы еңбектің сипатына, жеке алғанда бұлшықет күші мен қимыл-қозғалыс амплитудасына байланысты болады. Егер тепе-теңдік тұрақтылығы жүрек, қан-тамыр және тыныс алу жүйесінің көру және есту анализаторларының дұрыстығы сақталса, бұлшықеттерге қосымша статикалық жүктеме түспесе жұмыстағы дене тұлғасы дұрыс деп табылады.
Дұрыс дене тұлғасы ең алдымен құрал-жабдықтардың өлшемдері оқушылдардың дене пропорцияларына сәйкес келуіне, дәлірек айтқанда жұмыс орнының биіктігі, оқушының бой ұзындығына сәйкес келуіне байланысты болады.
Жұмыс орнының биіктігінің дұрыстығын анықтау үшін оқушы верстактың сырт жағына қырынан тұрады да, оның бетіне алақанын тіреп, қолын бос қояды. Егер жұмыс орнының биіктігі оқушының бойына сәйкес келсе, оның иығы мен білегі түзу тұрып, білек пен қолдың басында тік бұрыш пайда болады.
Тұрақты түрде тұрып жұмыс істегенде пайда болатын статикалық қажудың алдын алу үшін ағаш ұстасы немесе темір ұстасына арналған шеберханалардың әрбір жұмыс орны орындықтармен (бүктеліп-жазылатын, кронштейнға орнатылған биіктігі 40-42 см табуреттермен) жабдықталуы керек. Сонда оқушылар мезгіл сайын дене тұлғасының жағдайын алмастыра алады.
Дене еңбегіне берілетін жүктемелер жоғары жылу бөлінумен қатар жүреді, сондықтан шеберханалардың ауасының температурасы сыныптарға қарағанда біраз төмен болуы керек. Темір ұстасының шеберханасында 14-16℃, ағаш ұстасы шеберханасында 16-17℃, бастауыш сыныптардың еңбек кабинеттерінде 18℃, тамақ дайындайтын уақыттарда терезе көздері ашық болуы керек. Жел ағынынан сақтану үшін осы жұмыстар кезінде есіктер жабық тұруы керек.
8-11-сынып оқушыларының оқу-өндірістік комбинаттардағы еңбек жағдайы, өзінің сипаты жағынан өндірістік процесстерге ұқсас болып келеді.
Мұнда еңбектің қолайсыз факторларымен араласу қаупі туа бастайды. Мысалы, металлды ыстық өңдеуден және механикалық өңдеуден өткізетін шеберханалардың жұмыс аймағында зиянды химиялық заттар жоғары концентрацияда болады, ал токарьлық, фрезерлік шеберханаларда жұмыс орнының жарықтандырылуы көбінесе жасөспірімдерге есептелмеген және шуыл деңгейі жоғары болады.
Бұл жағдайлардың балалар организміне әсерін анықтау үшін жүргізілген терең зерттеулер әлі де аз. Фармакологияда балаларға арналған дәрілердің дозасы, оның улану реакциясын болғызбау үшін дене салмағының әрбір килограммына есептелгені алынады. Осыған байланысты жасөспірімдер үшін өндірістік химиялық заттардың ересектерге қарағанда анағұрлым қауіптірек екендігі туралы қорытынды жасауға болады.
Ойлап қарасаңыз, мұндай тұжырымның негізі бар. Жасөспірімнің салмағы аз, сондықтан дене салмағының әрбір бірлігінің химиялық заттарды қабылдауы ересектерге қарағанда анағұрлым жоғары болып келеді. Балалар мен жасөспірімдердің тыныс алу көлемі мен тері қабатының көлемі дене салмағы бірлігімен алғанда салыстырмалы түрде үлкен, ал өндіріс улары тері арқылы жеңіл сіңеді. Сонымен қатар балалар организмінде улы заттарды детоксикациялау механизмі әлі жетілмеген. Жұмыскерлерге арналған Денсаулық сақтау Министрлгі бекіткен химиялық заттардың әсерін нормаландыру шаралары жұмыс істейтін жасөспірімдер үшін жарамайды. Осы сұрақ төңірегіндегі мәліметтердің барлығын біріктіріп қарағанда жасөспірімдер организмінің сезімталдығы ересек адамдарға қарағанда үштен он есеге дейін жоғары екенін байқауға болады. Бұл проблеманы гигиеналық тұрғыдан шешу мәселесін 2 бағытта жүргізуге болады:
1. Жас организмдер үшін химиялық заттарға нормалар енгізу;
2. Жасөспірімдерді улы заттардан аулақтату.
Бірінші бағыт мақсатқа сәйкес келмейді және оны практикада қолдану мүмкін емес. Өйткені 1500-ден артық химиялық қосылыстарды регламенттеу үшін, бірнеше ондаған жылдар мен өте үлкен экономикалық шығын қажет болады. Дүниежүзінде жыл сайын бірнеше жүздеген жасанды түрдегі заттар шығарылып жатады, оларды гигиеналық бағалаудың өзі бірнеше жылдарға кешігіп жүргізіледі. Сондықтан, жасөспірмдерге улы химиялық заттармен жұмыс істеуге жас мөлшері және уақыт әсері бойынша шектелуі түрде ғана рұқсат етіледі. Мектеп шеберханалары үшін химиялық және физикалық өндірістік қолайсыз факторларға қарсы қосымша профилактикалық шаралар қарастырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |