Алдын алу шаралары. Тұрмыстық жарақаттың алдын алу Остеопороз – жүйелі, үдемелі түрде қаңқа жүйесіндегі сүйек тығыздығының төмендеуі және сүйек құрылымының бұзылуымен сипатталатын ауру болып табылады.
Остеопороз барысында сүйектің қалыпты құрылымының айтарлықтай бөліктері жойылып, архитектоникасы жоғалып, босаңсып, борсып, аз-кем салмақ әсерінен сүйек сынғыш келеді.
Остеопороз аса кең таралған «ХХ ғасырдың үнсіз эпидемиясы» атанған, көбінесе сырқат адам өзінің сүйектері остеопорозға ұшырағаннан хабарсыз, тек кальций жетіспеуінен сүйек сынғанда ғана байқалатын ауру түрі. Бұл жағдайда жоғалған кальций орнын толтырып, сүйек массасының жоғалған бөлігін қалпына келтіру қиынға соғады.
Остеопороздың типтері: Постклимактериялық - әйел ағзасында эстроген гормондарының
бөлінуі азаюынан болады. Бұл типтегі ерте остеопорозда етеккір келуі 1-3 жыл бұрын тоқтап, омыртқа жотасы бойы ауырады. Бұл уақыттан кейінірек, шамамен 65 жастан асқан соң екі аяқ, сан және басқа сүйек бөліктерінің ауырсынуы байқалады.
Жасөспірімдік остеопороз – соңғы жылдары остеопороздың «жасарып», сүйектің сынғыштығы балалар мен жастарда көбейгені байқалуда.
Қарттық остеопороз- жалпы ағзаның қартаюынан, қаңқаның салмағы мен тығыздығы төмендеуінен 75-80 жастан асқан қарт кісілерде кездеседі.
Кортикостероидты остеопороз - кортикостероидты гормондарды ұзақ қабылдау әсерінен дамиды.
Остеопороздан жиі көрініс беретін сынық түрлері:
- сан сүйегі мойнының сынуы;
- кәрі жіліктің сынуы;
- омыртқалардың компрессиялық сынуы.
Адам ағзасындағы сүйектердің көлемі, тығыздығы, салмағы өсу үдерісі барысында ұлғаяды. Әйел адамдарда бұл құбылыс 20-23 жаста, ер адамдарда 24-27 жаста тоқтайды. Осы жастан кейін керісінше сүйек массасы кеми бастайды. Адамның жасы анағұрлым ұлғайған сайын, сүйек те «қартайып», жұмсарып, жүріс – тұрысы, дене тұрқы өзгереді.
Остеопорозға барлық адам дерлік ұшырайды – балалықта (жасөспірімдік остеопороз), әйелдерде (50-60 жастағы әйелдердің жартысынан астамы), және 65-70-тен асқан ер адамдарда кездеседі.
Адам қаңқасы тек тірек-қимыл жүйесі ғана емес, минералдардың аса бай қорының көзі, минералдар алмасуындағы маңызды мүше.
Остеопорозда сүйектің массасының азаюы ешқандай белгісіз, ауырсынусыз ондаған жылдар бойы жалғасуы сырқаттың қатерлілігін көрсетеді.
Остеопороздың пайда болуына алғашқы себеп – химиялық құрамы толыққанды емес тамақтану, қоршаған ортадағы уытты элементтердің ағзаға әсерінен зат алмасуының бұзылуы болып келеді. Сүйек тінінде зиянды стронцийдің 99% мен оның 8% изотоптары, бұлшықет тінінде цезий радионуклидінің 80% жинақталатыны дәлелденген. Біздің ағзамызда химиялық элементтер синтезделмейді, тек олар сыртқы ортадан су, тағам, ауа, тері арқылы түседі. Егер ағзасында ауыр металдар көбейіп, кальций,
магний, марганец, цинк, кремний, мыс, фосфор, бор алмасуының бұзылуы болса, остеопороз дамуы заңды болады. Сүйек тінінің құрамы күрделі минералды құрамнан тұрады. Сүйек тінінің негізі кальций, фосфор магнийден тұрғанымен, олар өзара сүйек тінінде жақсы бекінуі үшін цинк, марганец, кремний, мыс, селен, темір, кобальт қажет. Сонымен бірге бор микроэлементінің жетіспеуінен кальций мен фосфаттардың сіңірілуі мен шығарылуы бұзылып, Д дәруменінің сіңірілуі төмендейді. Сондықтан
остеопорозды емдеуде тек кальцийді қабылдау нәтиже бермей, осымен бірге оның марганец, мырыш, селен, темірге, магнийге антагонистігі остеопороз ағымын ауырлатады.
Остеопороздың дамуына алюминий, стронций, қорғасын, кадмий, бериллий сияқты микроэлементтердің мөлшері артуынан сүйек тініндегі кальций, магний фосфор, цинк, темір және басқа элементтер ығыстырылып шығуы да себеп болады. Бұндай көрініс орын алған жерде зәр жолдарында тас, буындарда сықыр пайда болып,сүйек жұқарады.
Босанғаннан кейін болатын остеопорозда кальций жетіспеушілігі емес,негізінен марганец жетіспеуі себеп болады. Марганец әйел ағзасындағы дофамин нейромедиаторының өндірілуіне,ал дофамин психологиялық қалыпты теңдікті сақтауға әсер етеді. Жас босанған әйелдердің тынымсыз, ашушаң болуы, қант диабетінің босанудан стресстік реакция алу әсерінен дамуына жол береді. Марганец, сонымен бірге супероксиддиисмутаза ферментін өндіруге жәрдемдеседі, оны жасартушы микроэлемент деп те атайды. Климакс кезінде бор, марганец, мыс сақталуына себеп болатын әйелдердің жыныс гормондары азаюынан,осы аталған микроэлементтер жетіспеуінен остеопороз дамиды.