100-бап. Мекемелердегi жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметi және жасырын тергеу іс-қимылдары
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мекемелерде жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметi және жасырын тергеу іс-қимылдары жүзеге асырылады, олардың мiндеттерi:
1) жазаларды орындау тәртiбi мен шарттарын, сотталғандардың, мекемелер персоналының және өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) мекемелерде дайындалып жатқан және жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың және жазаны өтеу тәртiбiн бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу;
3) мекемелерден қашып шыққан сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды iздестiру;
4) сотталғандардың мекемеге келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтауға және ашуға жәрдемдесу;
5) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, ашу және жолын кесу болып табылады.
2. Жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметін және жасырын тергеу іс-қимылдарын мекемелердiң уәкілетті қызметтері, сондай-ақ басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Ескерту. 100-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
101-бап. Ерекше жағдайлар режимі
1. Дүлей зілзала болған, мекеме орналасқан ауданда төтенше, ерекше немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде, жаппай тәртіпсіздіктер болған, сондай-ақ сотталғандар топтасып бағынбаған кезде мекемеде ерекше жағдайлар режимі енгізілуі мүмкін.
2. Ерекше жағдайлар режимі қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысының Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген шешімі бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге енгізіледі.
Көрсетілген мерзімдерде ерекше жағдайлар режимін енгізу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның қолданылу уақытын аталған лауазымды адамдар қосымша отыз тәулікке ұзартады.
3. Сотталғандардың, персоналдың немесе өзге де адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы аумақтық ішкі істер органының басшысымен және облыс прокурорымен немес оған теңестірілген прокурормен келісу бойынша, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысын дереу хабардар ете отырып, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген шараларды өз бетінше енгізуге құқылы.
Мұндай жағдайда, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы хабарламаны алған күннен бастап бір тәулік ішінде ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы немесе енгізілген шаралардың күшін жою туралы шешім қабылдайды.
4. Ерекше жағдайлар режимі қолданылған кезеңде және осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, мекемеде сотталғандардың осы Кодекстің 105 – 113-баптарында көзделген құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзету мен қадағалаудың күшейтілген нұсқасы, объектілерге жіберудің ерекше тәртібі енгізілуі, күн тәртіптемесінің өзгеруі, өндірістік, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағарту, медициналық-санитариялық және өзге де қызметтердің жұмысы шектелуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |