Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
93-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрлерi 1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының: а) емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емделу; б) жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу; в) мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу; г) интенсивтi қадағаланатын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрлерiн тағайындауы мүмкiн. 2. Есi дұрыс күйiнде жасалған қылмыстық құқық бұзушылығы үшiн сотталған, бiрақ алкоголизмнен, нашақорлықтан (уытқұмарлықтан) емдеудi не психикасының есi дұрыстығын жоққа шығармайтындай бұзылуынан емдеудi қажет ететiн адамдарға сот жазамен бiрге емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу түрiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн. 94-бап. Емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу Егер адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша психиатриялық стационарға орналастырып емдеудi қажет етпесе, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған жағдайда емханалық мәжбүрлеп қадағалау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкiн. 95-бап. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу 1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудiң, күтудiң, ұстаудың және қадағалаудың шарттарын талап ететiн болса, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған жағдайда психиатриялық стационарда осындай мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкiн. 2. Жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауiптi әрекетiнiң сипаты бойынша стационарлық емдеу мен қадағалауды қажет ететiн, бiрақ интенсивтi қадағалауды қажет етпейтiн адамға тағайындалуы мүмкiн. 3. Мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауіпті әрекетiнiң сипаты бойынша тұрақты қадағалауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн. 4. Интенсивтi қадағалайтын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамдық қауiптi әрекетiнiң сипаты бойынша өзiне немесе басқа адамдарға айрықша қауiптi болған тұрақты және интенсивтi қадағалауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.