Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
172-бап. Соғыс заңдары мен дәстүрлерін бұзу 1. Басып алынған аумақта немесе әскери қимылдар аумағында қаруын тапсырған немесе қаруы жоқ, жараланған, ауруға шалдыққан, кеме апатына ұшыраған адамдарды, медициналық және санитарлық қызметкерлер мен діни персоналды, әскери тұтқындарды, әскери қимылдар уақытында халықаралық қорғауды пайдаланатын өзге де адамдарды қарсы жақтың қарулы күштерінде қызмет етуге немесе қоныс аударуға мәжбүрлеу, не олардың тәуелсіз және бейтарап сотты пайдалану құқығынан айыру, не осы адамдарды қылмыстық сот ісін жүргізу құқығын шектеу- үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамдарды әдейі өлтіру, - он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға, не өлiм жазасына жазаланады. 173-бап. Қарулы қақтығыс уақытында халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қылмыстық бұзу Қарулы қақтығыс уақытында халықаралық шарттармен белгіленген халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бұзу, - он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойы бас бостандығынан айыруға, не өлім жазасына жазаланады. 174-бап. Қарулы қақтығыс уақытындағы әрекетсіздік не қылмыстық бұйрық беру 1. Бастықтың немесе лауазымды тұлғаның өз өкілеттіктерінің шегінде соғыс заңдары мен дәстүрлерін немесе халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қарамағындағылардың жасауға дайындалып жатқан немесе жасалатын қылмыстық бұзушылықтардын алдын алу немесе жолын кесу үшін барлық ықтимал шараларды әдейі қабылдамауы - жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Бастықтың немесе лауазымды тұлғаның қарулы қақтығыс уақытындағы қарамағындағы адамға ешкімді тірі қалдырмауға бұйрықты немесе соғыс заңдары мен дәстүрлерін немесе халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қылмыстық бұзушылық жасауға бағытталған көрінеу қылмыстық бұйрықты немесе өкімді беруі, - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.