Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
278-бап. Жаппай тәртiпсiздiктер 1. Күш қолданумен, қиратумен, өртеумен, бұзумен, мүлiктi жоюмен, атыс қаруын, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолданумен, сол сияқты олардың өкiмет өкiлiне қарулы қарсылық көрсетумен ұласқан жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру, - төрт жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жаппай тәртiпсiздiкке қатысу, - үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Билік өкiлдерiнiң заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртiпсiздiкке шақыру не жаппай тәртіпсіздікке арандату, сол сияқты азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру, - үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 279-бап. Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау Дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау, - алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 280-бап. Жаппай зақымдау қаруын, қару-жарақ және әскери техника жасау кезiнде пайдаланылатын технологияларды, ғылыми-техникалық ақпаратты және қызмет көрсетулерді заңсыз экспорттау Жаппай зақымдау қаруын, олардың жеткiзу құралдарын, қару жарақ және әскери техниканы жасау кезiнде пайдаланылуы мүмкiн және арнайы экспорттық бақылау орнатылған технологияларды, ғылыми-техникалық ақпаратты және қызмет көрсетулердi заңсыз экспорттау, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 281-бап. Атом энергетикасы объектiлерiнде қауiпсiздiк ережелерiн бұзу 1. Атом энергетикасы объектiлерiн орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру, пайдалану, жөндеу, пайдаланудан алып тастау кезiнде, сол сияқты ядролық материалдармен, радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен немесе иондаушы сәулелену көздерiмен айналысу кезiнде қауiпсiздiк ережелерiн бұзу, егер бұл әрекет абайсызда адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соқса, - екі жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соқтырған дәл сол әрекет, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Абайсызда адам өлiмiне немесе қоршаған ортаның радиоактивтiк зақымдануына немесе өзге ауыр зардаптарға әкеп соқтырған дәл сол әрекет, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.