Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
287-бап. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу 1. Ғарыш қызметiн жүзеге асыру кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтiруге әкеп соқса, үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан әрекет, үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 288-бап. Радиоактивтi заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз айналысу 1. Радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз иемденiп алу, сақтау, тасымалдау, пайдалану, беру, қайта өңдеу, бүлдiру, тозаңдату немесе көму, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Радиоактивтi материалдарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз өткiзу, сол сияқты өткiзу мақсатында радиоактивтi заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз иемденiп алу, сақтау, тасымалдау, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз екi жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.