Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
291-бап. Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандысы 1. Кеден одағының кедендiк шекарасынан кеден бақылауын жанай немесе одан жасырын, не құжаттарды немесе кедендiк теңдестiру құралдарын алдап пайдалану арқылы тауарларды немесе өзге де заттарды, не декларацияланбаумен немесе күмәндi декларациялаумен ұштасқан кедендiк бақылаудан тыс немесе жасырын жасалған не құжаттарды немесе кедендiк теңдестiру құралдарын алдап пайдалана отырып, тауарларды, атап айтқанда есiрткi заттарды, психотроптық заттарды, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi заттарды, радиоактивтік қалдықтарды немесе ядролық материалдарды, жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарылғыш құрылғыларды, атыс қаруымен оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық, химиялық, биологиялық және басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруларын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдар мен жабдықтарды кеден одағының кедендiк шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы өткiзу не заңсыз өткiзу, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) бірнеше рет; б) лауазымды адам өз қызмет бабын пайдалана отырып; в) кеден бақылауын жүзеге асырушы адамға күш қолдана отырып; г) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; д) есiрткi құралдарына, психотроптық заттарға немесе оларға ұқсас заттарға, прекурсорларға қатысты iрi мөлшерде жасалса, - мүлкi тәркiленiп жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған әрекеттер, - мүлкi тәркiленiп он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, есiрткi немесе психотроптық заттарға немесе оларға ұқсас заттарға байланысты аса iрi мөлшерде жасалған әрекеттер, - мүлкi тәркiленiп он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.