Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
292-бап. Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру 1. Суық қаруды алып жүру, аңшылық кәсіпшілікке байланысты болатын кезді қоспағанда, заңсыз алып жүру немесе сату, - екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшы мылтығынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, бiреуге беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру, - бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы жасаған немесе бiрнеше рет жасалған әрекеттер, - үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған әрекеттер, - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Осы бапта көрсетiлген заттарды өз еркiмен тапсырған адам, егер оның әрекетiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. 293-бап. Қаруды заңсыз жасау 1. Атыс қаруын, оның жинақтаушы бөлшектерiн заңсыз жасау немесе жөндеу, сол сияқты оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылысу құрылғыларын заңсыз жасау, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адамдар тобы алдын ала сөз байласып жасаған немесе бiрнеше рет жасаған дәл сол әрекеттер, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi қылмыстық топ жасаса, - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Газ қаруын, суық қаруды, соның iшiнде лақтырғыш қаруды заңсыз жасау - мүлкi тәркiленiп немесе онсыз үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. Ескерту. Осы бапта көрсетiлген заттарды өз еркiмен тапсырған адам, егер оның әрекетiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.