Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
399-бап. Шығарып жiберу туралы шешiмдi орындамау Шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамның оған қатысты қабылданған Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жiберу туралы шешімді орындамауы - бес жылға дейінгі мерзімге шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жібере отырып жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 400-бап. Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзу Осындай әрекеттерді жасағаны үшін бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының аумағында болу қағидаларын бұзуы, - бес жылға дейінгі мерзімге шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жібере отырып үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 401-бап. Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру 1. Көлік құралдарын не жалған құжаттар, не тұрғын немесе өзге де үй-жай беру, сондай-ақ азаматтарға, шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының аумағы бойынша заңсыз келу, кету, өту үшін өзге де қызметтер көрсету жолымен заңсыз көші-қонды ұйымдастыру - мүлкін тәркілеп немесе онсыз екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл осы әрекетті адам өзінің қызмет өкілеттігін пайдаланып немесе алдын ала сөз байласу бойынша бір топ адам жасаса, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп немесе онсыз бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген қылмыстық топ жасаған әрекет, - мүлкі тәркіленіп немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.