Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
407-бап. Соғыс уақтында немесе төтенше жағдайлар кезінде тыйым салынған ереуiлге басшылық жасау, кәсiпорынның, мекеменің, ұйымның жұмысына кедергi келтiру Соғыс уақтында немесе төтенше жағдайлар кезінде тыйым салынған ереуiлге басшылық жасау, сол сияқты осындай жағдайларда кәсiпорынның, мекеменің, ұйымның жұмысына кедергi келтiру - екі мың есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 408-бап. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын іс-әрекет 1. Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникация желілерін пайдалана отырып шақыру, сол сияқты осы мақсатта қызметкерлерді сатып алу, - бір жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Азаматтардың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі түрде зиян келтірген не жаппай тәртіпсіздікке әкеп соқтырған дәл сол әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 409-бап. Қоғамдық бiрлестiк мүшелерiнiң мемлекеттiк органдардың қызметiне заңсыз араласуы 1. Қоғамдық бiрлестiк мүшелерiнiң мемлекеттiк органдардың заңды қызметiне кедергi жасауы немесе мемлекеттiк органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының функцияларын иемденуi, сол сияқты мемлекеттiк органдарда саяси партиялар ұйымдарын құру, егер бұл әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi түрде зиян келтірсе, - бір жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Қоғамдық бiрлестiктiң басшысы жасаған дәл сол әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.