Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
392-бап. Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау немесе жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу 1. Кузовтың, шасиидің, қозғалтқыштың сәйкестендіру нөмірін, нөмірін қолдан жасау немесе жою, сондай-ақ көлік құралының мемлекеттік тіркеу белгісін қолдан жасау, көрінеу қолдан жасалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу белгісін пайдалану, сондай-ақ көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі, кузовтың, шасиидің, қозғалтқыштың нөмірі бар немесе көрінеу қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу белгісі бар көлік құралын өткізу не көрінеу қолдан жасалған нөмірі бар кузовты, шассиді, қозғалтқышты өткізу - мүлкін тәркілеп немесе онсыз бір мыңнан екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адамдар тобы алдын ала сөз байласып немесе қылмыстық топ жасаған дәл сол әрекеттер, - мүлкін тәркілеп немесе онсыз бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 393-бап. Әскери қызметтен жалтару 1. Осы қызметтен босату үшiн заңды негiздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы; б) ауруды сылтаурату жолымен; в) құжаттарды бұрмалау немесе өзге де алдау арқылы жасалса, - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Егер әскерге шақырылушы тергеу органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.