Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
394-бап. Жұмылдыруға шақырудан жалтару 1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құрамалары қатарына жұмылдыру бойынша әскери қызметке шақырудан жалтару - бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Соғыс уақытында жасалған дәл сол әрекет, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн жасақтау үшiн одан әрi шақырудан жалтару, - бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 395-бап. Өзiнше билiк ету 1. Өзiнше билiк ету, яғни заңнамамен белгiленген тәртiпке қарамастан, басқа адамның немесе ұйымның дауласуын туғызатын, өзiнiң нақты немесе болжамды құқығын өз бетiнше жүзеге асыру, - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне, не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне елеулi түрде зиян келтiретiн дәл сол әрекет, - үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, күш қолданумен немесе оны қолданбақ болып қорқытумен не алдын ала сөз байласу бойынша бір топ адаммен жасалған әрекет, - үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың екінші немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ауыр зардаптарға әкеп соққан әрекеттер, - үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.