Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
410-бап. Заңсыз қоғамдық және басқа да бiрлестiктер құру немесе олардың қызметiне қатысу 1. Қызметi азаматтарға зорлық жасаумен немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтiрумен ұштасқан, не азаматтардың азаматтық мiндеттерiн орындаудан бас тартуына немесе құқыққа қарсы өзге де әрекеттер жасауына түрткi болған дiни немесе қоғамдық бiрлестіктер құру немесе оған басшылық жасау, сол сияқты дiни негiздегi партия, не Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған көздерден қаржыландырылатын саяси партиялар немесе кәсiптiк одақтар құру немесе оған басшылық жасау, - алты жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Нәсiлдiк, ұлттық, рулық, әлеуметтiк, тектік-топтық немесе дiни төзбеушiлiктi немесе артықшылықты уағыздайтын немесе оны iс жүзiнде жүзеге асыратын, конституциялық құрылысты күштеп құлатуға, мемлекеттiң қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге немесе Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығына қол сұғушылыққа шақыратын қоғамдық бiрлестiк құру, сол сияқты осындай бiрлестiкке басшылық жасау - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде аталған бiрлестiктердiң қызметiне белсене қатысу, - алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 411-бап. Тiркелмеген немесе олардың жұмысына тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне басшылық жасау, қатысу, сондай-ақ олардың қызметiн қаржыландыру 1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне, сол сияқты олардың тоқтатылған немесе тыйым салынған қызметіне басшылық жасау, - екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiне қатысу, - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 3. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелмеген, сол сияқты қызметi тоқтатылған немесе тыйым салынған қоғамдық, дiни бiрлестiктердiң қызметiн қаржыландыру, - мүлкін тәркілеп немесе онсыз екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 4. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бар болғанда олардың қызметiн ұйымдастыру, - он жылға дейінгі мерзімге шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберіп, бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз алты мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 5. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмi бар болғанда олардың қызметiне қатысу, - он жылға дейінгі мерзімге шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберіп, үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Қоғамдық немесе дiни бiрлестiкке не өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмдi жүзеге асыруына байланысты қызметiне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшіне енген сот шешiмi бар болғанда олардың қызметіне қатысуды өз еркiмен тоқтатқан адам, егер оның iс-әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.