Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
412-бап. Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу Діни әдебиетті немесе діни мазмұндағы немесе мақсаттағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелудің, шығарудың, басып шығарудың немесе таратудың белгіленген талаптарын бұзу, не миссионерлік қызметті тіркемей (қайта тіркемей) жүзеге асыру, сол сияқты миссионерлердің осындай әрекеттер жасағаны үшін бір жыл ішінде әкімшілік жаза қолданылған, дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілмеген адам жасаған діни әдебиетті, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды және діни мақсматтағы заттарды пайдалануы, - бес жылға дейінгі мерзімге шетел азаматын немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберіп немесе онсыз үш жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 413-бап. Саяси партияларды заңсыз қаржыландыру 1. Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның саяси партияны қаржыландыруы, - бес жылға дейінгі мерзімге шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберіп, мүлкін тәркілеп немесе онсыз екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Мемлекеттік орган немесе мемлекеттік ұйым лауазымды тұлғасының саяси партияны қаржыландыруы, - бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкін тәркілеп немесе онсыз екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 414-бап. Шет мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарына жәрдем көрсету Басқа мемлекеттердiң саяси партияларын немесе кәсiптiк одақтарын қаржыландыру, үй-жай немесе мүлiк беру, сол сияқты өзге де жәрдем көрсету, егер бұл әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің, не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiнiң елеулi түрде бұзылуына әкеп соқса, - мүлкін тәркілеп немесе онсыз үш жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.