Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
443-бап. Қылмыс туралы хабарламау Дайындалып жатқан немесе жасалғаны анық белгiлi аса ауыр қылмыс не дайындалып жатқаны анық белгілі терроризм актісі туралы хабарламау - екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Қылмыс жасаған адамның жұбайы (зайыбы) немесе жақын туыстары қылмыс туралы, сондай-ақ дiни қызметшiлер өзiне сенiп сырын ашқан адамдардың қылмыстары туралы хабарламағаны үшiн осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды. 444-бап. Адвокаттар мен өзге де адамдардың, адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ, жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау 1. Адвокат, не адвокаттар алқасы, заң консультациялары, адвокаттар кеңсесі өздерінің кәсіби міндеттерін жүзеге асыру үшін талап еткен қажетті құжаттарды, материалдарды немесе мәліметтерді жазбаша сауалы бойынша лауазымды тұлғалардың заңнамада белгіленген мерзімдерде ұсынбауы, не негізсіз бас тартуы, - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Адвокаттар мен өзге де адамдардың қылмыстық процесте адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сол сияқты жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі заңды қызметіне кедергі жасау не осындай қызметтің дербестігін және тәуелсіздігін өзге де бұзу, егер бұл әрекеттер адам мен азаматтың құқықтарына, бостандықтарына немесе заңды мүдделеріне, заңды тұлғалардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, - бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып жасаған әрекеттер, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 445-бап. Азаматқа алқаби міндеттемесін орындауға кедергі жасау Лауазымды тұлғаның азаматқа алқаби міндеттемесін орындауға кедергі жасауы - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.