Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
439-бап. Сот актiсiн орындамау немесе орындауға кедергі жасау 1. Заңды күшiне енген сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актiсiн алты айдан артық орындамау, сол сияқты заңды күшіне енген сот актісінің орындалуына кедергi жасау - алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Қызмет бабын пайдаланып жасалған сол әрекет, сол сияқты бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға заңды күшіне енген сот актісін орындамау, - жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 440-бап. Әкімшілік қадағалау ережелерін бұзу, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалаудан жалтаруы 1. Бас бостандығынан айыру орындарынан босаған адамның сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалау ережелерін дәлелді себептерсіз бұзуы, - жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Қадағалаудағы тұрғылықты жерін өз бетімен тастап кетуден немесе бас бостандығынан айыру орындарынан босағаннан кейiн таңдап алған тұрғылықты жерiне демалыс және мереке күндерін есептегенде, бес тәулік ішінде қадағалаудағы тұрғылықты жеріне бармауынан көрінетін, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың сот белгiлеген әкiмшiлiк қадағалаудан жалтаруы, сол сияқты әкімшілік қадағалау ережелерін қайтадан бұзуы - бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 441-бап. Қылмысты жасырып қалу Сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмысты алдын ала уәде берместен жасырып қалу үші мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары жасаған қылмысты күнi бұрын уәде берместен жасырғаны үшiн адам қылмыстық жауаптылыққа жатқызылмайды.