Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
442-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру 1. Уәкілетті лауазымды тұлғаның анық дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқықбұзушылық туралы өтініш немесе хабарлама берген адамға қатысты алдау, азғыру, қорқыту немесе өзге де заңсыз іс-әрекеттер арқылы не аталған адамның өтінішін кез келген өзге тәсілмен жою немесе жасыру арқылы кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыстық теріс қылықты немесе қылмысты тіркеуден қасақана жасыруы, - үш жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Ауыр қылмысты жасыруға әкеп соққан дәл сол әрекет, - бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші және екінші бөлігімен көзделген: а) аса ауыр қылмысты жасыруға не ауыр зардаптарға әкеп соққан; б) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған әрекеттер, - бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын лауазымды тұлға немесе уәкілетті мемлекеттік органның басшысы жасаған не осы адамдардың нұсқауымен жасалған әрекеттер, - бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.