Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
458-бап. Бақылау қызметін атқару ережелерін бұзу 1. Бақылау функцияларын жүзеге асыратын әскери қызметшілердің бақылау қызметін атқару ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет қоғамның, мемлекеттің, азаматтардың немесе ұйымның құқықтарына немесе заңды мүдделеріне не заңмен қорғалатын мүдделерге елеулі зиянын тигізген болса, - бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған дәл сол әрекет - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi қылмысты жеңiлдететiн мән-жайларда қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. 459-бап. Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарудың ережелерін бұзу Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет атқару ережелерін бұзуы, егер бұл әрекет азаматтардың немесе ұйымның құқықтарына немесе заңды мүдделеріне елеулі зиянын тигізген болса, - жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаған дәл сол әрекет - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, төтенше жағдайларда жасалған әрекеттер, - үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 460-бап. Билiктi терiс пайдалану 1. Бастықтың немесе лауазымды адамның билiктi немесе қызмет бабын өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне кереғар пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, - белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруға, мүлкін тәркілей отырып төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет, - белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруға, мүлкін тәркілей отырып төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған әрекеттер, - белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруға, мүлкін тәркілей отырып жеті жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған әрекеттер, - белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойы айыруға, мүлкін тәркілей отырып он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.