Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
451-бап. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету 1. Бейбіт уақытта жасалған, бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу, егер өз бетімен тастап кетушілік бес тәуліктен асса, бірақ бір айдан ұзаққа созылмаса, - бес жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не алты айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Егер өз бетімен тастап кетушілік бір айдан ұзаққа созылса, сол әрекет,- екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету қызметі бойынша өзіне сеніп тапсырған қарумен, не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жасаса, егер өз бетімен тастап кетушілік бір тәуліктен ұзаққа созылса, - бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Соғыс уақытында немесе төтенше жағдайлар кезінде жасалған бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, егер өз бетімен тастап кетушілік бір тәуліктен ұзаққа созылса, - бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 5. Ұзақтығына қарамастан, соғыс уақытында бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, - он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекетті жасаған әскери қызметші, егер осы әрекетке ауыр және өзге де мән-жайлар салдарынан барса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. 452-бап. Қашқындық 1. Қашқындық, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында әскери бөлiмдi немесе қызмет орнын тастап кету, сол сияқты осындай мақсатпен қызметке келмеу, - бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Қызмет бойынша сенiп тапсырылған қарумен қашу, сол сияқты алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған қашқындық, - үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдайлар кезінде жасаған әрекеттер, - он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған әрекет, - он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойы бас бостандығынан айыруға, не өлім жазасына жазаланады. Ескерту. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiгiнде көзделген қашқындықты жасаған әскери қызметшi, егер қашқындық ауыр жағдайлардың себептерiнен болса сот оны қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн.