Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдары



бет10/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   70
81-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдары

1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу:


1) кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеу;


2) техникалық реттеу;


3) бағалар мен тарифтерді мемлекеттік реттеу;


4) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру;


5) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу нысанында;


6) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің өзге де нысандарында жүзеге асырылады.


2. Мынадай реттегіш құралдар:


1) кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруының рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі;


2) мемлекеттік бақылау мен қадағалау;


3) Қазақстан Республикасының заңдарында кәсіпкерлік субъектілерінің жауапкершілігін белгілеу;


4) ақпараттық құралдар;


5) өзін-өзі реттейтін ұйымға міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеу кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті талаптардың орындалуын қамтамасыз ету құралдары болып табылады.


Ескерту. 81-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



81-1-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің орындауы үшін міндетті реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды қалыптастыру шарттары

1. Реттегіш құралдар және (немесе) талаптар мынадай шарттар:


1) негізділік;


2) кәсіпкерлік қызметті реттеудің теңдігі;


3) ашықтық;


4) орындаушылық;


5) айқындық;


6) мөлшерлестік және ұтымдылық;


7) дәйектілік және болжамдылық негізінде қалыптастырылады.


2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттардың мынадай анықтамалары бар:


1) негізділік деп реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауіпсіздігін қорғау мақсатында ғана енгізілуі түсініледі;


2) кәсіпкерлік қызметті реттеудің теңдігі деп, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы реттеуді жүзеге асыру кезінде нарықтың жекелеген субъектілері үшін, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері мен табиғи монополиялар субъектілері үшін неғұрлым тиімді құқықтық жағдайлар белгілеуге жол бермеу түсініледі;


3) ашықтық деп енгізілетін (өзгертілетін) реттегіш құрал және (немесе) талап туралы ақпараттың қолжетімділігі, оларды енгізу уәждерінің анықтығы түсініледі;


4) орындаушылық деп кәсіпкерлік субъектілерінің енгізілетін реттегіш құралдың және (немесе) талаптың шарттарын орындау мүмкіндігі түсініледі;


5) айқындық деп реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің нормаларын екіұдай түсінуге жол бермейтіндей етіп түсінікті, қолжетімді нысанда баяндау түсініледі;


6) мөлшерлестік пен ұтымдылық деп кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің әсер ету деңгейінің Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында қорғалатын құндылықтар үшін қолайсыз оқиғалардың басталу тәуекелі дәрежесіне сәйкестігі түсініледі;


7) дәйектілік пен болжамдылық деп енгізілетін және (немесе) қолданыстағы реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігі түсініледі.


3. Реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды енгізу, сондай-ақ қолданыстағыларын өзгерту осы бапта белгіленген шарттар сақталып жүзеге асырылады.


Реттегіш құралдар және (немесе) талаптар осы Кодекстің 3 және 80-баптарында белгіленген кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу мақсаттарына, міндеттеріне және кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына сәйкес келуге тиіс.


4. Енгізілетін және қолданыстағы реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың шарттарына сәйкестікті бағалау реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларына сәйкес реттеушілік әсерге талдау жүргізу шеңберінде жүзеге асырылады.


Ескерту. 81-1-баппен толықтырылды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.



82-бап. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды енгізуді, реттеуді қатаңдатуды көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау ерекшеліктері

1. Егер мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізуді, реттеуді қатаңдатуды жоспарлаған болса, мемлекеттік органдар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.


Кәсіпкерлік субъектілеріне қосымша міндеттер белгілеу немесе жүктемені өзгеше ұлғайту реттеуді қатаңдату болып табылады.


2. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа талапты енгізу немесе реттеуді қатаңдату, халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне жаппай қатер төндіруі мүмкін жағдайларды қоспағанда, реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсеріне талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен кәсіпкерлік қызметті құқықтық реттеудің нақ сол саласындағы екі талаптың күшін жоюды көздеуге тиіс.


Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тиісті құқықтық қатынастарды реттеу алғаш рет енгізілетін жағдайларға, сондай-ақ осы баптың 3-тармағы екінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген жағдайларға осы тармақтың ережелері қолданылмайды.


3. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеушілік құралдарды және (немесе) талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобалары, Қазақстан Республикасының заңдары жобаларының тұжырымдамалары, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жобалары, Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің жобалары реттеушілік әсерін талдауға жатады.


Бұл ретте, кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құрал және (немесе) талаптар енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін және (немесе) реттеу қатаңдатылғанға дейін және қатаңдатылғаннан кейін реттеушілік әсерге талдау жүргізу туралы талап:


1) авариялардың, дүлей зілзалалардың және өзге де төтенше жағдайлардың салдарларын еңсеру жөніндегі мәселелерді реттеуге;


2) қару-жарақ пен әскери техниканың айналымын, азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, сол тектестер мен прекурсорлардың айналымын реттеуге;


3) қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент – сақтандыру брокерлері филиалдарының және сақтандыру топтары мен банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың қызметін реттеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына;


4) Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігіне және оның қаржы жүйесінің тұрақтылығына қатер төнген жағдайда арнаулы валюталық режим енгізуге;


5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына;


6) адамдардың инфекциялық және паразиттік аурулары мен жануарлардың жұқпалы аурулары туындаған жағдайда, тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып карантиндік аймақты, сондай-ақ карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдауға;


7) экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мәселелерді реттеуге;


8) қарсы барлау және барлау қызметі саласындағы мәселелерді реттеуге;


9) жедел-іздестіру қызметі саласындағы мәселелерді реттеуге;


10) күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күзет іс-шараларын жүргізу мәселелерін реттеуге;


11) соғыс жағдайын енгізуге және қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді реттеуге қолданылмайды.


Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізу немесе реттеуді қатаңдату кезінде реттеушілік әсерге талдау жүргізу туралы талаптар Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламентінде заң жобаларын қарау процесіне де қолданылмайды. Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттарының заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауындағы заң жобаларына депутаттардың түзетулері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорытындысы шеңберінде, осы бапта белгіленген негіздер бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілуі мүмкін.


4. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізу, реттеуді қатаңдату кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында мақұлдағаннан кейін ғана жүзеге асырылады.


Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау мақсатында құрылатын, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі функциялары:


1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарау;


2) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті қарау және мақұлдау;


3) сараптама топтарының ұсынымдарын қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау;


4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асыру болып табылады.


Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның:


1) орталық атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға;


2) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар мен ұсынымдар енгізуге;


3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен басқа да ұйымдарының өкілдерін кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырыстарына шақыруға және оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша тыңдауға;


4) мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қажетті материалдарды сұратуға және алуға;


5) сараптама топтарын құруға, олар туралы ережені бекітуге және осындай сараптама топтарын қалыптастыру мен олардың қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге құқығы бар.


Осы тармақтың талаптары, Қазақстан Республикасының заңдары жобаларының тұжырымдамаларында және Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларында кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізу, реттеуді қатаңдату жағдайларын қоспағанда, өңірлік маңызы бар актілердің жобаларына, сондай-ақ осы баптың 3-тармағы екінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларға қолданылмайды.


Өңірлік маңызы бар актілер деп Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары және жергілікті өкілді және атқарушы органдар, оның ішінде тиісті аумақтың әкімі қабылдаған нормативтік құқықтық актілер түсініледі.


5. Әкімшілік және (немесе) қылмыстық жауаптылықты енгізу немесе кәсіпкерлік субъектілерінің бұрыннан бар әкімшілік және (немесе) қылмыстық жауаптылығын қатаңдату жағына қарай қайта қарау реттеушілік әсерді талдаудан басқа, мыналарды:


1) заңдық жауаптылық шараларының жазалау сипатына жол бермеуді;


2) сол бір құқық бұзушылық үшін заңдық жауаптылықтың бірнеше түрі енгізілген жағдайда, заңдық жауаптылық мөлшерінің қисынды арақатынасын;


3) бұзылуы реттеушілік әсерді талдау шеңберінде заңдық жауаптылыққа алып келетін талаптарды нақтылауды көздеуге тиіс.


Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

83-бап. Реттеушілік әсерді талдау



1. Кейіннен мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін, енгізілетін реттегіш құралдың және (немесе) талаптың, реттеуді қатаңдатудың пайдасы мен шығындарын салыстырудың талдамалық рәсімі реттеушілік әсерді талдау болып табылады.


Белгілі бір мақсаттарға қол жеткізу немесе анық айқындалған проблемаларды шешу үшін реттеудің баламалы тәсілдерін бағалау арқылы нақты реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды пайдалану, реттеуді қатаңдату бөлігінде мемлекеттік саясаттың пәрменділігі мен тиімділігін арттыру реттеушілік әсерді талдаудың мақсаты болып табылады.


Реттеушілік әсерге талдау жүргізу кезінде енгізілетін реттегіш құралдың және (немесе) талаптардың, реттеуді қатаңдатудың бәсекелес ортаның жай-күйіне әсерін бағалау жүргізіледі.


Бәсекелестікке әсерге бағалау жүргізу қағидаларын монополияға қарсы орган бекітеді.


2. Реттеушілік әсерді талдау реттегіш құрал және (немесе) талап енгізілгенге дейін және енгізілгеннен кейін, реттеу қатаңдатылғанға дейін және қатаңдатылғаннан кейін, оның ішінде өздеріне қатысты бұрын реттеушілік әсерді талдау жүргізілмеген қолданыстағы реттегіш құралдар және (немесе) талаптар бойынша жүргізіледі.


Енгізілген реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың, реттеуді қатаңдатудың, сондай-ақ қолданыстағы реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың, реттеуді қатаңдатудың реттеушілік әсерін талдау реттеуші мемлекеттік органдар жыл сайын бекітетін қайта қарау жоспарларына сәйкес, оның ішінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның, Ұлттық палатаның негізделген ұсыныстары ескеріліп жүзеге асырылады.


Осы Кодекстің 80-бабы 2-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген құжаттарға қатысты қайта қарау жоспарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы жыл сайын, оның ішінде өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізделген ұсыныстарын ескеріп бекітеді.


Қолданыстағы реттегіш құралдарды және (немесе) талаптарды, реттеуді қатаңдатуды қайта қарау бойынша жоспарларды мемлекеттік органдардың орындамауы туралы ақпарат кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады.


2-1. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің ұсыныстарын қарау қорытындылары бойынша енгізілген кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның ұсыныстары негізінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралдың және (немесе) талаптың, реттеуді қатаңдатудың күші жойылуы немесе олар қайта қаралуы мүмкін.


Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайда мемлекеттік органдар осы бапқа сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.


3. Реттеушілік әсерді талдаудың нәтижелері бойынша реттегіш құралды қолдану тиімділігіне қарай реттегіш құралдың күші жойылуы немесе өзгеше түрде қайта қаралуы мүмкін.


Реттегіш құралды енгізу кезінде мәлімделген, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның күші жойылуға жатады.


4. Реттеушілік әсерді талдауды мемлекеттік органдар осы Кодекстің 80-бабының 2-тармағында көзделген құжаттардың жобаларына қатысты, сондай-ақ кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган, Ұлттық палата және басқа да мүдделі тұлғалар кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.


Бұл ретте соларға қатысты реттеушілік әсерді талдауды олардың әзірлеушілері жүргізетін өңірлік маңызы бар актілерді қоспағанда, реттеушілік әсерді талдауды реттеуші мемлекеттік органдар жүргізеді.


5. Реттеушілік әсерге талдау жүргізу жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізудің, реттеуді қатаңдатудың міндетті шарты болып табылады.


6. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:


1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын қоспағанда, реттеуші мемлекеттік органдардың, Ұлттық палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;


2) реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді;


3) кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін қалыптастыру және жүргізу кезінде нормативтік құқықтық актінің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптар қамтылатын өзге де құжаттың, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актісі жобасының, Қазақстан Республикасының заңы жобасы тұжырымдамасының, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаты жобасының немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті талаптар қамтылатын өзге де құжат жобасының осы Кодекстің 9, 11, 80, 81-1 және 82-баптарының талаптарына сәйкестігін растауды қамтамасыз етеді.


7. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы:


1) реттеушілік әсерді талдау нәтижелерін қарайды және өңірлік маңызы бар актілердің жобаларын әзірлеушілердің, өңірлік палатаның және басқа да мүдделі тұлғалардың белгіленген рәсімдерді сақтауы туралы қорытынды береді;


2) реттеушілік әсерді талдаудың түйіндерімен келіспеген жағдайда, реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді.


Реттеушілік әсерді талдау нәтижелері "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылатын, ведомствоаралық сипаттағы мәселелер бойынша облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің жанындағы консультативтік-кеңесші органның қарауына шығарылады, олардың мақұлдануы жаңа реттегіш құралды және (немесе) талапты енгізудің, реттеуді қатаңдатудың міндетті шарты болып табылады.


8. Реттеушілік әсерді талдаудың және реттеушілік әсерге баламалы талдаудың нәтижелері жалпыға қолжетімді интернет-ресурстарда орналастырылады.


Ескерту. 83-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2022 № 101-VII (01.05.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

ЗҚАИ-ның ескертпесі!

83-1-баппен толықтыру көзделген – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

84-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi



1. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне мыналар жатады:


1) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту;


1-1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

1-2), 1-3) тармақшалармен толықтыру көзделген – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


2) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын бекіту;

3) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту.


4) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу шеңберінде табиғи монополиялар және квазимемлекеттік сектор субъектілері көрсететін міндетті қызметтердің тізбесін бекіту.





Техникалық реттеу саласында:


1) техникалық реттеу саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын әзiрлеу;


2) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiн қалыптастыру;


3) техникалық реттеу саласындағы құқықтық реформаны қамтамасыз ету;


4) алып тасталды - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);




Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу саласында:


1) аккредиттеу саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;


2) алып тасталды – ҚР 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

3) алып тасталды – ҚР 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


2. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзіне Конституциямен, осы Кодекспен, Қазақстан Республикасының заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

Ескерту. 84-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

85-бап. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган және оның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыретi



1. Жеке кәсіпкерлікті дамыту және қолдау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.


2. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган:


1) мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары жол беретiн кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң қызметiн регламенттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Yкiметiн хабардар етедi;


2) уәкілетті мемлекеттік органдар әзірлейтін тәуекелдерді бағалау өлшемшарттарын, тексеру парақтарын бірлесіп бекіту арқылы мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін үйлестіруді жүзеге асырады;


3) тексеру парақтарының нысандарын әзірлейді және бекітеді;


3-1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органмен бақылау және қадағалау органдарының тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды есепке алу жөніндегі ақпаратымен алмасу бойынша өзара іс-қимыл жасайды;


4) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;


4-1) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізеді;


5) кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімін жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

5-1), 5-2) тармақшалармен толықтыру көзделген – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


6) жұмыскерлердің жылдық орташа санын және жылдық орташа кірісті есептеу қағидаларын әзірлейді;

7) реттегіш құралдардың және (немесе) талаптардың реттеушілік әсерін талдауды жүргізу және пайдалану қағидаларын әзірлейді және бекітеді;


8) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есепті әзірлеу және бекіту қағидаларын әзірлейді;


9) ретеуші мемлекеттік органдарға реттеушілік әсерді талдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетеді және олардың қызметін үйлестіреді;


10) Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың кәсіпкерлік саласындағы басшылықты жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарының реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептерін қарайды;


10-1) кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметін қамтамасыз етеді;


11) мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды реттеушілік әсерді талдауды ендіру мен жүзеге асыру мәселелері бойынша оқытуды ұйымдастырады;


12) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізеді;


13) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы жылдық есептің жобасын әзірлейді;


13-1) ақпараттық құралдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;


13-2) алып тасталды – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;

13-3) алып тасталды – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;


13-4) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың бизнес-әріптестер тізілімімен интеграциялауға жататын ақпараттандыру объектілерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу бойынша әзірлейді;

14) жеке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау саласындағы бақылауды жүзеге асырады.


3. Кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


Ескерту. 85-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.06.2021 № 52-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

86-бап. Реттеуші мемлекеттік органдар және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті



1. Мыналар:


1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;


2) кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құрал және (немесе) талап, реттеуді қатаңдату енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар реттеуші мемлекеттік органдар болып табылады.


2. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:


1) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүзеге асырылатын тиісті салада (аяда) мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.




2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін бекіту;


3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру;


4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүзеге асыру;


4-1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын қарау және шешімдерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолымен қабылдау;


5) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.


3. Кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құрал және (немесе) талап, реттеуді қатаңдату енгізілген немесе енгізілуі жоспарланып отырған жекелеген салада немесе мемлекеттік басқару саласында басшылықты жүзеге асыратын реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:


1) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға кәсіпкерлік қызметті реттеудің жай-күйі туралы есептерді ұсыну;


2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.


Ескерту. 86-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

87-бап. Бақылау және қадағалау органдары және олардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті



1. Тексерілетін субъектілер қызметінің осы Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан байқауды және тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бақылау және қадағалау органдары болып табылады.


2. Бақылау және қадағалау органдарының құзыретіне:


1) тиісті салада мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

2) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.




2) өз құзыреті шегінде осы Кодекстің 141-бабының 2 және 3-тармақтарында, 143-бабының 1-тармағында көзделген нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ тексерулер жүргізудің жартыжылдық кестелерін әзірлеу;


3) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;


4) мемлекеттік бақылау және қадағалау тиімділігінің мониторингін жүргізу;


5) мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізуді жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;


6) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру жатады.

88-бап. Монополияға қарсы органның кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

Ескерту. 88-бап алып тасталды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

89-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласында:


1) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;


2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге да заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

90-бап. Жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу саласындағы құзыреті

Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары:


1) өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағаларын бекітуді және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды;


2) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсат беру рәсімдерін, хабарламалар қабылдауды;


2-1) реттеушілік әсерге баламалы талдау жүргізуді;


2-2) кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға реттеушілік әсерді талдау жөніндегі жұмыстың жай-күйі туралы есептер ұсынуды;


2-3) Бірыңғай есеп беру күнін ұйымдастыру мен өткізуді;


2-4) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды;


2-5) Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасында белгіленген сыйақы мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды;


3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.


Ескерту. 90-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-1-тарау. Монополияға қарсы орган және оның өкілеттіктері



Ескерту. Кодекс 7-1-тараумен толықтырылды - ҚР 28.12.2016 № 34-VI Заңымен (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі).

90-1-бап. Монополияға қарсы органның жүйесі

1. Монополияға қарсы органның біртұтас жүйесін орталық мемлекеттік орган және оған бағынысты аумақтық бөлімшелер құрайды.


2. Аумақтық бөлімшелер өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өкілеттіктері және орталық мемлекеттік орган бекіткен ереже шегінде жүзеге асырады.


Ескерту. 90-1-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2022 № 101-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

90-2-бап. Монополияға қарсы органның міндеттері



Монополияға қарсы органның міндеттері:


1) адал бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу;


2) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және тергеп-тексеру, жолын кесу;


3) экономикалық шоғырлануды реттеу;


4) бәсекелестікті шектейтін нарық субъектілерін монополиясыздандыру болып табылады.


Ескерту. 90-2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет