Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі


-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі



бет2/70
Дата06.04.2023
өлшемі251,49 Kb.
#80114
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70
11-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі

Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігіне:


1) осы Кодексте белгіленген реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттарын сақтау, сондай-ақ мемлекеттік реттеуді негіздеудің, келісудің және мониторингтеудің міндетті рәсімдерін ендіру;


2) мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне деген сенімін арттыру;


3) реттеушілік саясатты қалыптастыруда жобалық басқаруды ендіруге, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің бұрын қабылданған шешімдерінің сабақтастығы мен ескерілуіне негізделген мемлекеттік реттеудің жүйелілігі мен дәйектілігі;


4) кәсіпкерлік субъектілеріне залал келтіргені үшін мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының дербес жауапкершілігін енгізу;


5) жаңа талаптарды енгізу нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілері үшін кедергілер жасауға жол бермеу арқылы қол жеткізіледі.


Ескерту. 11-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.12.2021 № 95-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

12-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру



1. Кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте белгіленген тексеру жүргізуге қойылатын талаптарды мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары сақтамаған жағдайларда, лауазымды адамдарды тексеруге жібермеуге құқылы.


2. Мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жүзеге асырылуы барысында өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында кәсіпкерлік субъектілері үшінші тұлғаларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.

13-бап. Құқық бұзушылықтың алдын алу басымдығы

1. Құқық бұзушылықтар профилактикасының және кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды орындау уәждемесінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану алдында басымдығы бар.


2. Кәсіпкерлік субъектісі жасаған құқық бұзушылық үшін мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары оның сипатына және ауырлығына сәйкес болуға тиіс.

14-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы және мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара жауапкершілігі

Ескерту. 14-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


1. Мемлекет рұқсат беру арқылы лицензиаттың, екінші санаттағы рұқсат иесінің мемлекеттік реттеудің мақсаттарына сәйкес қауіпсіздіктің ең төмен деңгейін қамтамасыз ететінін растайды.


2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының тарапынан кәсіпкерлік субъектілері заңды қызметінің жүзеге асырылуына кедергілер жасалмауға тиіс.


3. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде кәсіпкерлік субъектілері өз міндеттерін орындаған немесе өздеріне заң бойынша берілген құқықтарды іске асырған кезде олардың әрекеттерінің адалдығы көзделеді.


Кәсіпкерлік субъектісі, егер құқықтарын, заңды мүдделерін іске асыру және (немесе) міндеттерін орындау кезінде ол мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіліп берілген құзыреті шегінде берген ресми түсіндірмесін басшылыққа алса, оның ішінде, егер мұндай түсіндірме кейіннен кері қайтарылып алынса, қате деп танылса немесе мазмұны өзгермеген нақ сол бір нормативтік құқықтық актіге қатысты жаңа, мағынасы бойынша өзге түсіндірме берілсе, мұндайда да адал деп есептеледі.


Мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін актісін шығару салдарларынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен өтелуге жатады.


4. Кәсіпкерлік субъектісі жол берген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық тексерулер жүргізу барысында сипатталуға тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактісін куәландыратын дәлелдерді негіздеу және мән-жайларды ашу мемлекеттік органдарға жүктеледі.


Мемлекеттік орган қарап жатқан мән-жайлар туралы кәсіпкерлік субъектілері ұсынған нақты деректер сот немесе мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес керісінше деп белгілегенге дейін анық деп есептеледі.


Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық белгісіздіктері кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына түсіндіріледі.


5. Басқа кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсету немесе бұрыннан бар міндеттерін орындаудан немесе нақты жасалған құқық бұзушылықтар үшін заңды жауаптылықтан жалтару мақсатымен осы Кодекспен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен берілген құқықтарды олардың мақсатына қайшы келетіндей етіп пайдалануға тыйым салынады.


6. Осы баптың мемлекеттік органдардың міндеттемелерін белгілейтін ережелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға қолданылады.


Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2019 № 249-VI (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

15-бап. Сыбайлас жемқорлықтан азат болу



1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді енгізу және жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысы және құқықты таңдап қолдану фактілері орын алмауға тиіс.


2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен байланыстарын шектеу мақсатында нормативтік құқықтық актілерде "бір терезе" қағидатын қолдану көзделуге тиіс, бұл ретте мемлекеттік органдардан барлық қажетті келісулерді ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау тәртібімен мемлекеттік органдардың өздері алуға тиіс.


3. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және оларға теңестірілген, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жүзеге асыратын адамдардың мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды қолдану мақсатында қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалануына жол берілмейді.

16-бап. Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету

1. Кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды ынталандыру мақсатында мемлекет кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктер жасауға бағытталған шаралар кешенін жүргізеді.


2. Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, оның ішінде кәсіпкерлікті қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.

17-бап. Отандық тауар өндірушілерді, жұмыс орындаушыларды, қызмет көрсетушілерді қолдау

1. Мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды іске асырады.


2. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және оларға сараптама жасау, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу және халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына қатысу кезінде отандық тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері ескеріледі.

18-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің ісіне заңсыз араласуына жол бермеу

Мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың бірлестіктерінің ісіне, сондай-ақ көрсетілген бірлестіктердің мемлекеттің ісіне заңсыз араласуына және оларға мемлекеттік органдардың функцияларын жүктеуге жол берілмейді.

19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа қатысуы

Жеке кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптама кеңестері (бұдан әрі – сараптама кеңестері) арқылы, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысады.


Ескерту. 19-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

20-бап. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру



Ескерту. 20-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 24.06.2021 № 52-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.


Кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті ендіруіне мемлекет кепілдік береді және оны көтермелейді.


Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бастамаларын қолдауды мемлекеттік органдар, ұлттық холдингтер, ұлттық даму институттары және өзге де ұйымдар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.


Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 24.06.2021 № 52-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке шектеулі қатысуы



1. Мемлекет кәсіпкерлік қызметке осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелген шекте қатысады.


2. Мемлекет жеке кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу үлесін кәсіпкерлік саласында мемлекеттік заңды тұлғалар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар құруды шектеу арқылы қысқартуға бағытталған шараларды қолданады.


ЗҚАИ-ның ескертпесі!

22-бап өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі - ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексімен.







Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет