8-тарау. БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ 54-бап. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеудің мақсаты мен нысандары 1. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу білім алуға конституциялық құқықтарды іске асыруды қамтамасыз ететін жағдайларды жасауға және білім беру ұйымдары ұсынатын білім беру қызметтерін көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. 2. Білім беру саласындағы мемлекеттік реттеу құқықтық қамтамасыз ету, білім сапасын басқару, стандарттау, бақылау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
55-бап. Білім беру сапасын басқару 1. Білім беру сапасын басқару білім беру саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және білім сапасын бағалаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құрайтын мемлекеттік және институционалдық құрылымдарын, білім беруді қаржыландыруға бөлінетін қаражатты пайдалану ұтымдылығын және білім беру жүйесі жұмыс істеуінің тұтастай тиімділігін қамтиды. 2. Білім беру сапасын басқару білім беру мониторингінің нәтижелері негізінде, білім берудің барлық деңгейлерінде басқарушылық шешімдерді қабылдау арқылы жүзеге асырылады. 3. Бiлiм беру мониторингi бiлiм беру жүйесінің сапасын сырттай және iшкi бағалау үшін әкімшілік деректер мен талдамалық бағалау көрсеткіштерінің кешені көмегімен жүзеге асырылады. 4. Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі білім беру ұйымдарынан тәуелсіз, оқыту сапасын жүйелі байқау болып табылады. 6. Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізілетін орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
56-бап. Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары 1. Қазақстан Республикасында әрбір білім беру деңгейі бойынша: 1) оқыту нәтижелеріне бағдарлана отырып, білімнің мазмұнына; 2) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесінің ең көп көлеміне; 3) білім алушылардың даярлық деңгейіне; 4) оқу мерзіміне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайтын білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары белгіленеді. 2. Тиісті білім беру деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, барлық білім беру ұйымдары үшін міндетті. 3. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары инклюзивті білім беру ескеріле отырып әзірленеді.