48-бап. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау 1. Білім беру ұйымдарында білім алушылардың, тәрбиеленушілердің науқастануын болдырмау, денсаулығын нығайту, тән саулығын жетілдіру, салауатты өмір салтына қалыптастыру жөніндегі қажетті шаралардың орындалуы қамтамасыз етіледі. 2. Білім алушылардың, тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақ режимі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар, оқу жоспарлары мен денсаулық сақтау және білім беру органдарының ұсынымдары негізінде әзірленген білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады. 3. Денсаулық сақтау жүйесінің ұйымдары білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайына үнемі бақылау жасауды, оларға медициналық қызмет көрсетуді жүзеге асырады. Білім беру ұйымдары медициналық пункттер үшін үй-жайлар ұсынады. 5. Білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы және белсенді тынығуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзіліс жасалуы көзделуге тиіс. 6. Білім беру ұйымдарында оқытудың, тәрбиелеудің, еңбек пен тынығудың салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін жауапкершілік олардың басшыларына жүктеледі.
49-бап. Ата-аналардың және өзге де заңды өкілдердің құқықтары мен міндеттері 1. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерінің: 1) баланың тілегін, жеке бейімділігі мен ерекшеліктерін ескере отырып білім беру ұйымын таңдауға; 2) ата-аналар комитеттері арқылы білім беру ұйымдарын басқару органдарының жұмысына қатысуға; 3) білім беру ұйымдарынан өз балаларының үлгеріміне, мінез-құлқына және оқу жағдайларына қатысты ақпарат алуға; 4) өз балаларын оқыту мен тәрбиелеу проблемалары жөнінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардан консультациялық көмек алуға; 5) балаларының шарттық негізде қосымша қызмет көрсетулер алуына құқығы бар. 2. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер: 1) балаларға өмірі мен оқуы үшін салауатты және қауіпсіз жағдайлар жасауға, олардың ой-өрісі мен дене күшін дамытуды, имандылық тұрғысынан қалыптасуын қамтамасыз етуге; 2) балаларды одан әрі жалпы білім беретін мектепке беруді айқындай отырып, мектеп алды даярлығын қамтамасыз етуге; 3) білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға; 4) балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге; 5) білім беру ұйымы жұмыскерлерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге; 6) білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға; 7) білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. 3. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын балалардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шет елдерге кеткен балаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында немесе негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламалары бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мектептерде олардың орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті.