Жалпы орта білім беру Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіндегі білім беру деңгейлерінің бірі болып табылады және 6 жастан бастап оқыту мен тәрбиелеудің ұйымдасқан жүйесін көрсетеді.
Жалпы орта білім берудің құрылымдық-мазмұндық моделінің негізінде кіші мектеп жасы, орта мектеп жасы, жоғары мектеп жасы сияқты жас кезеңдеріне тән жетекші іс-әрекеттер түрлерінің типологиясы болып табылатын негізгі мазмұн және жеке тұлға дамуын кезеңге бөлу жатыр.
Жалпы орта білім берудің жалпы оқу ұзақтығымен үш сатысы белгіленеді: 12 жыл: 5+5+2
I - саты – бастауыш білім беру. (1 - 5- сыныптар).
Оқытуды бастау жасы – 6 жас. Оқыту ұзақтығы – 5 жыл. Бастауыш білім берудің негізгі мәні– білім алушының даралығын ашу және оқу әрекетін игерту.
Бастауыш мектептегі оқу әрекетін ұйымдастыру оқу, жазу, санау бойынша қажетті білім, білік және дағдылар жүйесін игертуiн, осы сатыдағы негізгі құзыреттіліктердің қалыптасуын қамтамасыз етеді.
II - саты - негізгі орта білім беру. (6-10 - сыныптар). Оқыту ұзақтығы – 5 жыл.
Негізгі орта білім берудің негізгі міндетi – игерген білім, білік, дағдылар мен әрекеттердің базалық тәсілдеріне негізделген базалық мәдени деңгейі мен дүниетанымын қалыптастыру.
Негізгі орта мектепте оқу әрекетін ұйымдастыру жеке тұлғаның өзін-өзі таныту тетіктерін, ғылыми таным мен ойлау әдістерін, зерттеу мәдениетінің негіздерін игеруді, кәсіби мақсаттарын қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Оқушыларды болашақ кәсіби қызметінің бағытын саналы түрде таңдауға даярлауды жүзеге асыратын мектептің психологиялық-педагогикалық, ақпараттық және ұйымдық қызметінің жүйесі ретінде бейіналды дайындық енгізіледі.
Негізгі орта мектеп міндетті базалық деңгей болып табылады және базалық білім беру бағдарламаларын аяқтауды және негізгі орта білім берудің негізгі құзыреттіліктерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді