Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты.
Ыбырай Алтынсарин: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп атап айтқан. Педагог – кәсіби, толерантты және жоғары мәдениетті, парасатты болуы тиіс. Ол білім алушылармен, ата-аналармен, әріптестерімен сыпайы қарым-қатынас стилін, сөйлеу мәдениеті мен кәсіби-іскерлік, педагогикалық әдеп ережелерін сақтайды.
Білім беру ұйымы педагогтердің және білім беру процесінің басқа да қатысушыларының корпоративтік мәдениетін, стилін, қызметтік этикасын сақтау бойынша бірыңғай талаптарды әзірлейді.
Білім беру ұйымдары педагогтің оң имиджін қалыптастыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіп, мамандықтың беделін арттыруға ықпал етуі тиіс.
Мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.
Конкурстық негізде жұмысқа қабылдау үшін күнтізбелік жылға конкурстық комиссия құрылады.
Конкурсқа ҚР БҒМ-нің 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрығымен бекітілген Педагог лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес www.enbek.kz сайтынан тіркеуден өткен және конкурсқа қажетті барлық құжаттарды ұсынған педагогтер қатыса алады.
Конкурс 16 сағаттық нормативтік оқу жүктемесімен педагогтің бос лауазымына өткізіледі.
Ұлттық біліктілік тестісінен кемінде 50 балл жинаған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, жоғары және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогикалық мамандықтары бойынша білім алушылары мен түлектеріне «педагог» біліктілік санаты беріледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және/немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының «педагог» біліктілік санаты бар түлектері конкурс нәтижелері бойынша жұмысқа қабылданады.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын және «Кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру аясында орта білім беру ұйымдары педагогтерінің бір аптаға нормативтік оқу жүктемесі 16 сағатқа дейін төмендетілді.
Бір пән бойынша бос лауазымның 16 сағатын педагогтер арасында бөліп беруге рұқсат етілмейді. Қажет болған жағдайда оқу жылының басында бос лауазымға (16 сағат) қосымша педагог қабылданады.
Бос лауазымның сағаттары 15 сағаттан кем болған жағдайда бөліп беруге рұқсат етіледі.
Мұғалімдердің оқу жүктемесін тарифтеу оқу процесін жоспарлаудың негізгі параметрі болып табылады.
Тарифтеу – мектеп педагогтерінің білім деңгейіне, біліктілігіне, орындалатын жұмыс көлеміне, сондай-ақ жұмыстың нәтижелілігі мен сапасына қарай оқу жүктемесін белгілеуге бағытталған іс-шаралар кешені.
Педагогті тарифтеу бойынша келесі жұмыс тәртібі ұсынылады:
- МЖМБС, мектептің жұмыс оқу жоспарына және сынып-комплектінің санына сәйкес әрбір пән бойынша оқу сағаттарын есептеу (директор және директордың орынбасары жүзеге асырады);
- Мұғалімдердің оқу жүктемесінің көлемі мектептің жұмыс оқу жоспарындағы сағаттар саны мен мектептің кадрлармен қамтамасыз етілуіне қарай айқындалады;
- Жұмыс оқу жоспары бойынша әрбір параллель сыныптардың сағат санын есептеу жүргізіледі. Сонымен бірге белгілі бір пәндер бойынша сыныптарды топтарға бөліп оқыту ескеріледі. Топтарға бөлу сыныптағы білім алушылардың санына қарай жүргізіледі;
- Әрбір мұғалімнің оқу жүктемесінің көлемі жұмыс оқу жоспарында белгіленген оқу қызметінің түрлері (инварианттық және вариативтік компоненттер) бойынша белгіленеді;
- Сағаттардың санын есептегеннен кейін педагогтердің жүктемелері мен бақылау табелі анықталады;
- Әрбір мұғалімнің оқу жүктемесі оның сыныптарда пәндерді оқыту сабақтастығын, оқыту сапасы мен кадрлармен қамтамасыз етілуін ескере отырып, алдын ала жеке әңгімелесу арқылы (директордың орынбасары, әдістемелік бірлестіктердің басшылары) айқындалады;
Жиынтық тарифтеу тізімі келесі міндетті мәліметтерді қамтиды:
мұғалімнің аты-жөні;
лауазымы;
білім деңгейі;
жүктеме көлемі – апталық жалпы сағат саны; қосымша жұмыс түрлері үшін төленетін қосымша ақылар; тұрақты жеке үстемеақылар (магистрлік, тәлімгерлік үшін және т.б.).
Жаңа оқу жылында оқу жетістіктерін сырттай бағалау бастауыш, негізгі орта білім беру деңгейіндегі білім алушылардың базалық білімін тексеруге бағытталған бағалаудың жаңа моделі – білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингімен (бұдан әрі – ББЖМ) ауыстырылады.
ББЖМ өткізу тәртібі ҚР БҒМ 2021 жылғы 5 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізу қағидаларымен реттеледі. Қағидалар орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) білім беру ұйымдарының меншік нысанына, ведомстволық бағыныстылығына, түріне қарамастан қолданылады.
ББЖМ мемлекеттік бақылау түрі болып саналмайды, білім алушы үшін де, білім беру ұйымы үшін де ешқандай құқықтық салдары болмайды.
ББЖМ мақсаты – білім алушылардың оқу жетістіктерінің ілгерілеуін ұлттық деңгейде өлшеу арқылы орта білім беруді жүйелі жетілдіру.
4 және 9-сыныптар үшін ББЖМ МЖМБС талаптарына сәйкес функционалдық сауаттылық деңгейін, білім мен дағдыларды, аналитикалық, логикалық ойлау қабілеттерін анықтау үшін өткізіледі.
ББЖМ тестілеуі жыл сайын сәуір айында орта білім беру ұйымдарының базасында компьютер арқылы электронды форматта өткізілетін болады.
ББЖМ өткізілетін білім беру ұйымдарының тізбесін жыл сайын уәкілетті орган анықтайтын болады. Іріктеу параметрлеріне: аумақтық тиесілігі, ұйымның түрі, оқыту тілі, білім алушылар контингенті жатады.
Алдыңғы оқу жылдарында ББЖМ-ға қатысқан білім беру ұйымдары келесі жылы ББЖМ-ға қатысатын білім беру ұйымдарының тізбесіне кірмейді.
ББЖМ өтетін білім беру ұйымдарын таңдау бағдарламаға тізімді енгізу нәтижесінде кездейсоқ іріктеу арқылы жүзеге асырылады.
Белгіленген аумақта шектеу шаралары мен төтенше жағдай енгізілген жағдайларда уәкілетті орган ББЖМ өткізуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды.
Тест тапсырмаларының саны, мазмұны мен түрі, сондай-ақ тестілеуге бөлінетін сағаттардың саны МЖМБС-ға сәйкес тест спецификациясымен анықталады. Тест спецификациясын Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) әзірлейді.
Білім беру ұйымдарында ББЖМ өткізу қағидаларының сақталуын бақылауды ҚР БҒМ уәкілетті өкілдері (білім беруді басқарудың облыстық, аудандық органдарының, білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттердің) жүзеге асырады.
Тестілеу рәсімдерін бағдарламалық және техникалық қамтамасыз етуді, ББЖМ нәтижелерін статистикалық өңдеуді Ұлттық тестілеу орталығы уәкілетті орган белгілеген мерзімде жүзеге асырады.
ББЖМ нәтижелері, оны аяқтаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде білім беру ұйымдарына хабарланады. Сондай-ақ білім алушылардың нәтижелері тестілеу аяқталғаннан кейін компьютер экранында бірден көрсетіледі.
ББЖМ нәтижелері бойынша әрбір білім беру ұйымы кері байланыс алады – білім беру сапасын жақсарту бойынша ұсынымдар түрінде әдістемелік көмек алады, бұл:
1) білім беру сапасына әсер ететін факторларды (білім алушылардың оқудағы қиындықтары, оларды даярлаудағы олқылықтар, педагогтердің кәсіби дамуына қажеттілік) анықтауға;
2) әдістемелік қолдау көрсетуді қажет ететін білім беру ұйымдарын анықтауға;
3) білім беру ұйымдарының педагогикалық әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы кешенді талдау жұмысын жүргізе отырып, әрбір өңірдегі әрбір мектеп бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлейтін болады.
Білім беру ұйымдары педагогке оқу процесін жоспарлау үшін қажетті оқытудың белгілі бір кезеңдеріндегі білім алушылар жетістіктерінің деңгейі туралы қорытынды ақпаратты; педагогтер мен мектептің қызметін, оқу бағдарламасының меңгерілуін бағалауға қажетті сынып пен мектептің жетістіктері туралы ақпаратты; ата-аналар үшін олардың балаларының білім жетістіктері туралы ақпаратты алады.
ББЖМ нәтижелері туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
2021-2022 оқу жылында білім беру ұйымдары ЖАН БАСЫНА ШАҚҚАНДАҒЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ шеңберінде үнемделген қаражатты мектептің қажеттілігіне (жабдық, жиһаз, интерактивті тақта және т.б. сатып алу) бөлу бойынша дербес шешімді жүзеге асырудың тиімді механизмдерін пысықтауы қажет. Жылдың соңына дейін қалған қаражатты сауатты жоспарлау кезінде шығыстардың қосымша баптарына (күрделі жөндеу, жабдықтарды сатып алу және т.б.) жұмсауға болады.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес (63-бап, 3-тармақ) мектептер ақылы қызмет көрсете алады. Бұл қызметтерге:
- қосымша білім беру бағдарламалары (балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктері мен қызығушылықтарын дамыту);
- оқу уақытынан тыс пәндер (сабақтар мен сабақтар циклдері) бойынша қосымша сабақтар;
- пәндердің (сабақтар мен сабақтар циклдері) ғылыми негіздерін тереңдетіп оқыту;
- білім алушылар мен тәрбиеленушілер және тағы басқалар арасында: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар т.б. іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
- музыка аспаптарын пайдалануға беру және интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;
- жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету кіреді.
Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарына бекітілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын жалға беруде белгіленген тәртіпті қатаң сақтау талап етіледі (ҚР БҒМ 2020 жылғы 18 ақпандағы № 65 бұйрығы).
Нысандарды мүліктік жалға беру сабақтан тыс және каникул уақытында төмендегі белгілі бағыттарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру (балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын, спорт саласындағы бейімділіктері мен қызығушылықтарын дамыту);
2) дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шаралар.
Ақылы қызмет көрсету үшін мектептер өздері келісім-шарт жасайды. Ақылы қызмет көрсету есебінен алынған табыс мектептің өз бетінше басқаруына түседі.
ПЕДАГОГТЕРДІ АТТЕСТАТТАУ. «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша, мамандандырылған және арнайы білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында лауазымдарды атқаратын педагогтерді аттестаттау туралы» ҚР БҒМ 2020 жылғы 14 мамырдағы № 202 бұйрығына сәйкес жүргізіледі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 8 қаңтардағы № 410-VI ҚР Заңымен білім беру ұйымдары көрсететін білім беру қызметтерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау институты енгізілді.
МЕМЛЕКЕТТІК АТТЕСТАТТАУ - мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарында, олардың меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан профилактикалық бақылау арқылы 5 жылда 1 рет білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелерінде ҚР Кәсіпкерлік кодексіне және ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес жүргізіледі.
Бірінші мемлекеттік аттестаттау қайта құрылған:
- мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында – 3 жыл сайын;
- бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру ұйымдарында – 4 жыл сайын өткізіледі.
Мемлекеттік аттестаттауға жататын білім беру ұйымдарының тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы, оның аумақтық бөлімшелері бекітеді, сондай-ақ осы мемлекеттік органдардың ресми сайтында орналастырылады.
Білім беру ұйымы жыл сайын ұсынылатын білім беру қызметтерінің МЖМБС талаптарына сәйкестігіне өзін-өзі бағалау жүргізеді және білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосына, оның аумақтық бөлімшелеріне өзін-өзі бағалау материалдарын ұсынады.
Өзін-өзі бағалау: талдауды, ішкі бақылауды, диагностиканы, жоспарлау құралдарын, білім беру қызметін жақсартудың түзету механизмдерін қамтиды.
Білім беру ұйымдары білім беру қызметін өзін-өзі бағалауды ҚР БҒМ 2016 жылғы 2 ақпандағы № 124 бұйрығымен бекітілген Білім беру ұйымдарын бағалау өлшемшарттарын пайдалана отырып жүргізеді.
Өзін-өзі бағалау білімді, білік пен дағдыларды бақылау жұмыстарын (бітіруші сынып білім алушыларын кешенді тестілеу), ата-аналарға/заңды өкілдерге сауалнама жүргізуді қамтиды.
Кешенді тестілеу бастауыш білім беру үшін екі пән (оқыту тілі, математика), негізгі орта білім үшін үш пән (оқыту тілі, математика (алгебра немесе геометрия), тест тапсырмасының нұсқасына байланысты инварианттық компоненттің бір пәні) және жалпы орта білім беру үшін төрт пән (алгебра немесе геометрия), тест тапсырмасының нұсқасына байланысты инварианттық компоненттің екі пәні) бойынша өткізіледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту деңгейінде ата-аналарға сауалнама жүргізіледі.
Білім беру ұйымдарына бармай профилактикалық бақылау арқылы мемлекеттік аттестаттауды жүзеге асырудың шарттарын сақтау:
- бақылау органдарының білім беру ұйымына баруына тыйым салынады;
- құқықтық статистика мен арнайы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелу және білім беру ұйымын алдын ала хабардар ету талап етілмейді;
- аттестаттау қорытындысы бойынша құқық бұзушылық болған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалмайды, бірақ білім беру ұйымына оны жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, қорытынды беріледі.
Мемлекеттік аттестаттау білім беру ұйымдарына бармай-ақ, профилактикалық бақылау арқылы білім беру ұйымдарының білім беру саласындағы ақпараттандыру объектісінің ресми сайттарында орналастырылған білім беру қызметі туралы өзін-өзі бағалау материалдарының деректерін ұйымдардан және уәкілетті мемлекеттік органдардан алынған мәліметтермен салыстыру арқылы талдау жүргізіледі.
Мемлекеттік аттестаттау 7 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде өткізіледі.
Мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша келесідей қорытынды беріледі:
- егер білім беру ұйымының білім беру қызметі МЖМБС талаптарына толық сәйкес келсе, «аттестатталды»;
- егер білім беру ұйымының білім беру қызметі МЖМБС талаптарына сәйкес келмесе, «аттестатталмаған».
Білім беру ұйымдары қорытындыда көрсетілген заң бұзушылықтар бойынша қорытынды табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап, 5 жұмыс күнінен кешіктірілмеген мерзімде білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосымен, оның аумақтық бөлімшелерімен келісілген, бір жылдан аспайтын мерзімді көрсете отырып, заң бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар туралы ақпарат береді.
Заң бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін білім беру ұйымы заң бұзушылықтарды жою туралы есепті білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосына, оның аумақтық бөлімшелеріне ұсынады.
Берілген есепті негізге ала отырып, білім беру ұйымдары 5 жұмыс күні ішінде қайта қорытынды шығарады. Заң бұзушылықтар жойылмаған жағдайда белгіленген мерзімде есеп берілмесе, білім беру ұйымы аттестатталмаған болып есептеледі, бұл сол білім беру ұйымына бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу үшін негіз болып табылады.
2021-2022 оқу жылындағы мерейтойлық күнтізбелік күндерге назар аудару ұсынылады.
- Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл;
- Семей ядролық полигонының жабылуына – 30 жыл;
- Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің туғанына – 180 жыл;
- Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175 жыл;
- Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың туғанына – 160 жыл;
- Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл;
- Қазақ ақыны, әдебиеттанушы ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл;
- Қазақтың лирик ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл;
- Этнограф, өнертанушы, әдебиетші, журналист, қоғам қайраткері Ақселеу Сейдімбектің туғанына – 80 жыл.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мектептердің оқу процесін ұйымдастырудың әртүрлі форматтарына дайындығы қамтамасыз етіледі (ҚР БҒМ 2020 жылғы 13 тамыздағы №345 бұйрығы (2021 жылғы 31 наурыздағы өзгерістер мен толықтырулармен) https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=37670209).
1 қыркүйекте дәстүрлі форматта білім беру ұйымдарын ашу үшін келесі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау ұсынылады:
- күнделікті санитарлық-залалсыздандыру шараларын жүргізу;
- дезинфекциялау және жуу құралдарымен ылғалды тазалау;
- ғимаратты желдету және кварцтау;
- термометрмен өлшеу;
- сыныпқа кабинет бекіту;
- үзілістерді әртүрлі уақыттарға қою;
- мектеп педагогтері мен техникалық қызметкерлерді вакцинациялау;
- қосымша ауысымдар мен кіші ауысымдарды ұйымдастыру;
- ауысымдар бойынша оқу процесін ұйымдастыру;
- ауқымды іс-шараларды өткізбеу;
- асханалар жұмысын кесте бойынша ұйымдастыру;
- медициналық кабинеттер мен оқшаулағыштардың қызметі.
Ата-аналармен және білім алушылармен жеке гигиена мен санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге (медицина қызметкерлерін шақыра отырып) ерекше назар аудару керек.
Профилактикалық екпелер жүргізу қажеттілігіне ерекше назар аудара отырып, қызметкерлер арасында санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет.
Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге, балаларды мектепке жеткізетін ата-аналарға Ashyq қосымшасын қолдану, білім беру ұйымдарын жеке қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз ету ұсынылады. Қауіпті аурулар тобындағы балалар, ата-аналары COVID-19-бен ауырған балалар және науқаспен байланыста болған балалар қашықтан оқыту форматына ауыстырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |