Қaзaқстaн республикaсының ОҚу-aғaрту министірлігі


ТAРAУ С.СЕЙФУЛЛИН ПОЭМАЛАРЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ



бет5/8
Дата07.05.2023
өлшемі78,24 Kb.
#90843
түріПоэма
1   2   3   4   5   6   7   8
Байланысты:
курсовая Жиенбaй Ринaт

2. ТAРAУ С.СЕЙФУЛЛИН ПОЭМАЛАРЫНЫҢ ИДЕЯЛЫҚ-КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ.
2.1 Поэмаларының көркемдік ерекшелігі.
1932 жылы болған аштықтың зілзала нәубеті мен адам айтқысыз қайғы-қасіретін жұрттың бәрінен бұрын шыншыл, жүрегінің түгі бар ақын Сәкен Сефуллин көріп, «Қызыл ат» поэмасын жазды. Бұл шығарма да тақырыбының өзектілігімен, онда суреттелген өмір шындығының күрделілігімен және жазушы позициясының өткірлігімен ерекшеленеді.
«Қызыл ат» поэмасы ақиқат шындықтың негізінде жазылған. «Қызыл ат» поэмасында ақын өзі бұрыннан да жиі әрі сәтімен қолданған, аллегориялық әдіспен Қазақстандағы коллективтендіру кезінде болған үлкен қателіктерді, солардың кесапатынан туған трагедиялық қиындықтарды, ащы шындықтарды жасырмай айтады. Ақын мен Қызыл аттың айтысы формасында жазылған бұл туындыны қазақ поэзиясындағы ең уытты әлеуметтік сатира деуге болады, қазақ даласында аштық кеселінен миллиондаған адам қырылғандығын ақын жасырмай айтады. «Қызыл ат» поэмасында Сәкен Сейфуллин кеңестік өмірдің трагедиялық қайшылықтарын ашық, дәл бейнелеуде әр түрлі көркемдік формаларда, шарттылық тәсілдерді пайдаланды.
«Қызыл ат» поэмасында Қазақстандағы мал шаруашылығының көп шығынға ұшырағанын, қазақ аулының материалдық хал-жағдай едәуір төмендеп кетуіне жол берілгенін мейлінше өткірлікпен және төңкерісшіл ақынға тән батылдықпен көтере білді.
Поэмадағы қызыл ат – символдық образ. Поэма берілу формасы жағынан ақын мен аттың әңгімесіне құрылып, шығарманың басты тұлғасы ретінде қызыл ат алынады. Сонымен бірге поэманың бірқатар бөлімдері әрдайым атпен ой бөлісіп, сұхбаттасатын ақынның ішкі жан дүниесін, әлеуметтік өмір құбылыстарына деген көзқарасын, сұлулық, әдемілік жайындағы пікір-пайымдауларын да паш етеді.
Сәкен Сейфуллин поэманның орталық қаһарманы – қызыл ат тұлғасын ешқандай жасанды бояу қоспастан, сол заман, уақыт тұрғысынан қарағанда, ерлікке бара-бара өткірлікпен де қаймықпай, реалистік шыншылдықпен сомдайды. Ол үшін ауыздықпен алысып, желмен жарысқан тұлпардың өткен өміріне батыл түрде экскурс жасап, аттың ғұмыр тарихының екі кезеңін анықтайды. Қызыл ат тарихының бірінші сатысында – оның өз қатарынын суырылып шыққан саңлақ екендігі, аузымен құс тістеген жүйріктігі, ақ бандылармен соғысып, ашық айқасқан ақынға қалтқысыз қызмет атқарғаны да жан-жақты баяндалады.
Ақын атты сөйлету арқылы ауыл шаруашылығы саласында болған олқылықтарды түйіп, соның өз басының сезінуі күйінде берген. Сырттай шолып қарамай, қазақ аулында болған жағдайлардың ішіне кіре, оның ішкі себептерін түсіндіре көрсету үшін бұл орманы ақын әдейі таңдаған болуы керек.
Ақын қызыл атты кейіпкер етіп алуы да тегін емес тәрізді. Ол сол кездегі жүдеушілікке ұшыраған мал шаруашылығының жайын көрсетерлік кейіпкер қызметін атқарумен бірге, көп жылдар тіршілігі тек малмен ғана байланысты болып келген қазақтың еңбегші бұқарасының атынан да сөйлей алды.
Сонда қызыл ат кім? Ол шын аттың өзі ме? Адам ба? Бұл сұрақтар 1933 жылы «Қызыл ат» басылған кездегі таластың үлкен бір сылтауы болған еді. Сыншылардың көбі-ақ қызыл аттың емес, адамның кейпін көрді.
Шынында да қызыл атты ақын жиынтық образ етіп алды. Ендеше ол – ат және ат та емес. Бұлай дейтін себебіміз қызыл аттың бойынан бір мезгіл адамға тән мінез-құлықтар көрсек, бірде атқа тән жайларды танимыз. Бірде ол асыра сілтеушілік кезінде жәбір-жапа көрген қазақ кедейіне ұқсап кетсе, кейде ол тіпті ұқсамай қалады. Бір кезде жасыратыны жоқ, партияның ұлы саясатының бұрмалауынан жүдеушілік көрген белгілі бір дәуір шындығы бейнесін еріксіз еске алдырады.
Қайткенмен, қызыл ат – поэманың бас кейіпкері, ақынның жан досы, серігі. Ол – ұнамды кейіпкер. Сәкен Сейфуллин оны дүниенің, тіршіліктің сұлуы деп таниды.
Жан шіркін сүйеді ғой сұлу затты,
Сүйгенде беріледі күймен қатты.
Гүл, бұлбұл, аққу, айдын, көк сәулесі
Бірақ та жақын көред қызыл атты
Мөлдір көз, алтын айдар, жібек жалым,
Бүгілген құмырсқа бел, ерке жаным.
Досыңа неге жарқын қарамайсың,
Көк шыбық, алма қызыл, серке саным.
Осы үзінділер ақын мен қызыл аттың арақатынасын айқын танытады. Ақын суреттеулерінде қызыл ат кейде ақынды ынтық қылған дүииенің сұлуына баланса, кейде оның сезім күйінің серігі болып елестейді. Ал, үшінші бір жайларда ол кешегі қазан төңкерісі үшін күресте бірге жауға шапқан ержүрек досы ретінде бейнеленеді. Сан соғыста иесіне кейітіп қамшы ұрғызбаған, бетін оқ пен оттан бұрмаған, шабыста жанға жуық келтірмеген тынысты тұлпар түрінде ұғынылады.
Сәкен социалистік ауылды көтеру, егін шаруашылығын өркендету ісінде тек белсенді күш деп атты ғана бағаламайды. Ол ауылда трактор барын жақсы біледі және оны айта да отырады. Ат – қызыл ат – бұл жерде де форма үшін пайдаланылады.
Жаңа егіске жаппай жұмылып, кезінде шаруаны реттеу ісіне қызыл аттың да қатысын тілейді ақын. Осы бір тұста ол жазғытұрғы табиғат көркі мен сол кездегі еңбек күйін пафосты жырлайды. Ұшқан құс, жердегі жанның жазғы еңбек күйіне бөленгенін ұғасыз. Трактор, соқаны қатар салып, жер ылғалы бойында бар кезде егісті айдап бітіру қызметінде досының да өз үлесі болуын қалайды. Бірақ қызыл аттың халі ауыр:
Мінеки, менің мынау – арқам жауыр,
Шор болды қамшыменен екі сауыр.
Алдауыш белсенділер жау боп тиіп,
Мойнымда жал қалмады, өкпе, бауыр.
Колхоз құрылысында болған бұрмалаушылықтар мен асыра сілтеушілікті ақын ең алдымен жалған басушылардан, белсенділерден көреді. Олар қазақ аулының кейінгі таңдағы жағдайымен санаспай, асыра сілтеушілік жасады. Сәкен Сейфуллин поэмасында социалистік шарушылықтың негізі – ауыр өндіріс екенін мойындайды. Және кеңес өкіметінің басты міндеті осы ауыр өндірісті өркендетумен байланысты болғанына көңіл бөледі:
Еңбекші ел жауды жеңіп ұрғаннан соң,
Өзінің әсемдігін құрғаннан соң,
Түрлі ауыр машиналар қажет болды
Социализмге бет бұрғаннан соң.
Қызыл аттың көктемгі егіске қатысып бәйге алуы – социалистік колхоз құрылысының зор жеңісін бейнеленді. Бір-біріне қарсы бейнеде алынған бұрынғы райком, жаңа райком образдары арқылы ақын ескі мен жаңа басшылықтын жұмыс стилін, елмен байланысын көрсетеді.
Онда әлеуметтік алалықтың, жүгенсіздіктің, әділетсіздіктің темір торына түсіп, одан шығатын жол таба алмай зар илеп, жапа шеккен қазақ халқының мұң-зары мен жанайқайы естіледі. Халықтың жан даусы қызыл аттың сөзімен былайша айтылады:
Үкімет әлде бізді «көрме» деп пе ед?
Саған – тек көкке заула, «өрле» деп пе ед?
Алдауыш белсендіге ерік беріп,
«Малды құрт, тез титықтап, жерле» деп пе ед?
Қуларға совет бізді «жалма» деп пе ед?
«Аузыңа қызыл атты алма» деп пе ед?
«Қызыл ат» поэмасында әрдайым атпен сырласып отыратын ақын образы да өзінің қайшылықтарымен, іс-әрекет құбылыстарымен айрықша көзге түседі. Поэмада көңіл көзі ашылып, коғамдық, әлеуметтік құбылыстарға араласа бастаған пңбек адамының есею процесі, тіршілік-болмыстың қиындықтары мен қайшылықтары сол кезеңнің куәгері – ақынның көз алдында өтеді. Бір есте болатын нәрсе – шығармада ақын да, қызыл ат та өсу, даму қалпында сипатталған. Әсіресе аттың рухани жағынан өсуі қойған сұрақтарының мән-мағынасынан аңғарылады.
Жалпы ақынның қызыл атқа берген жауабынан – оның бар жән-тәнімен, адамдық, азаматтық, ар-ұятымен халық жағында болғанын көреміз. «Қызыл ат» поэмасының көркемдік ерекшелігіне келетін болсақ, Сәкен Сейфуллиннің бұл шығармада табиғат пейзажы мен адамның портретін суреттеуге сарандық еткені байқалады. Дегенмен, туындының орталық кейіпкері – қызыл аттың мінез-құлығын, тұлға-сымбатын, қимыл-қозғалысын сипаттауға келгенде ерекше шабыттанып, жылқы малын адам кейпінде суреттеудің қазақ поэзиясында болмаған жаңа үлгісін көрсетеді:
Қарайсың неге сұлық, бота көзім,
Не болды мұң шалғандай незік сезім?
Айналып-толғанып мен келгенімде
Жарқылдап ойнаушы едің етпей төзім.
Сүйріктей аққу мойын алма сағақ
Безенген шыбық дене, кербез сағақ
Наз сұлу, наз қимылды құралайым,
Садақтай ұзын кірпік, гауһар қабақ.
«Қызыл ат» - Сәкеннің халық арасына ең көп тараған шығармаларының бірі. Мұның себебі поэмада ақынның жоғарыда айтылғандай өмірдің көкейкесті мәселесін батыл көтеруімен байланысты. Өмірінде тік мінез, жалтағы мен бұлтағы жоқ, көргені мен сезгенін бүге де жасыра да алмайтын Сәкен «Қызыл атта» Сәкен еңбекші бұқара мен партияның тығыз байланыста екенін жырлайды. Осы сенімге бөгет болғысы келген сұлулардың дұшпандық пердесін ашады. Бұл сенім, бұл бірлік уақытша емес, мәңгілік. Сондықтан «Қызыл ат» та – мәңгілік шығарма.
«Қызыл ат» -қазақ кеңес әдебиетінде социалистік ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын жырлауға бас болған этаптық маңызы бар поэма. Ол осы тақырыпқа болашақ жахылар шығармаларға бастама болды.
Сонымен. Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы бір жағынан, отызыншы жылдары қахақ жұрты басынан кешірген қайғылы трагедияны тұңғыш рет ашып, әшкерлеп көрсетсе, екінші жағынан, поэтиалық тілі орамды, диалогтары мағыналы, образдар жүйесі айқын туынды.
Сәкен Сейфуллиннің поэтикасында символ дәрежесінде көтерілген бірнеше тұрақты бейне бар. Соның ішінде сұлулық, тазалық идеялы ретінде алынатын бейне аққу.
Сәкен Сейфуллиннің шағын лирикалық поэмаларының ішінде «Аққудың айырылуы» поэмасы – орны бөлек, қымбат туынды. «Аққудың айырылуы» поэмасында ақын аллегориялық тәсілмен терең көркем ой айта білген, мәңгілік махаббаты жырлаған. Бас-аяңы жұп-жұмыр ықшам, келісті туындының ширақ сюжеті, жымдасқан композициясына назар аудару керек. Алдымен Арқадағы құмы маржан, суы күміс, айнала көк кестелі шайы шымылдық, жасыл құрақты айна көлдің суреті беріледі.
Қызғыш, тауқұдірет, шағала, сұқсыр, қасқалдақ, үйрек секілді көлді мекендеген құстар қанша сәнді болғанымен, бұл мекеннің толымды суретін бере алмайды. Аққудың келуімен көлде жаңаша, әсем тіршілік пайда болды. Айна көлдің ажарына айналған қос жұбай аққудың айдын үстінде сағынышты кездесуі мен бір-біріне деген мөлдір сезімдерін білдіруін ақын:
Бөлек екен екі ғашық,
Жайқынға кеп түйісті,
Сыпайы ойнап, сыңқылдасып,
Тәтті айқасып, сүйісті.
Күміс суды жұмсақ сызып,
Екі сұлу сыланды,
Сылдырлатып моншақ тізіп,
Ақ көбікке бұланды, -
Деп әсерлі, сұлу толғайды. Ұос аққудың махаббат мейрамы басталады. Ақын бұл құбылысты көз алдыңызға дәл келтірердей жанды, тірі, динамикалы картина жасайды.
Шоқ қамысты тасалап келген сұр мерген аққудың бірін атып т.сіріп, ала жөнеледі. Ғашық жарының жауыздың қолынан мерт болғанын көрген екінші аққудың шарасыз күйінішті халі мен жарсыз өмірді тәрк еткен ерлігін:
Аққу тағы зарлап ұшып,
Жалғыз қалған жарына:
Жығылды кеп суды құшып,
Сұр мергеннің жанына.
Қалған ғашық болмай ие
Моншақтай жасына;
Шықты даусы іші күйе,
Мергеннің кеп қасына, -
Деп жан тебірентерліктей шебер күйде суреттеп берген. Сөйтіп, тағдыр-минут қас-қағымда табиғаттың ғажап жаратқан асылы – сұлулық символын мерт қылады. Бойын күйік билеген, жұбайсыз өмірді мәнсіз деп білген қайран аққу ақырғы шешімге келіп, өлуге бекінеді. Алыс зеңгір көкке, шырқау биікке самғапкөтеріледі де, жерге найзадай шаншыла құлдырап, сұр мергеннің алдына құлап, мерт болады.
Ақынның бұл қорытынды шумағынан поэманың асыл махаббаты ардақтаған, жауыздықты маңсұқтаған идеялық түйіні танылады. Ақын ұғымында сұлулық шын ғашықтық, сезім мөлдірлігі – қастерлі, асқақ қасиеттер, түсініктер болса, аққу – халық түсінігіндегі сол сұлулық пен пәктікті танытатын қасиетті ұғымның бір өлшемі. Сондықтан да Сәкен Сейфуллин қос аққудың махаббат күйін романтикалық биікте көтере жырлай отырып, сұлулық пен адамдық мөлдір сезімді, айнымас адалдықты дәріптейді, әсемдікті сезінбейтін, қасиеттіні қастерлей алмайтын сұр мергендей қатыгездікті айыптайды. Бұл әсемдікті, тазалықты сүйіп өткен ақынның өз идеал-мұраты, осындай асывл қасиеттерді қорғауы деп білу керек.
Әлеуметтік лирика саласындағы кең тынысты туынды «Советстан» - қазақ поэзиясына соны ырғақ, композициялық айтулы өлшем әкелген туынды. Лирикалық қаһарманның экпрессте толқыған көңіл-күйіне, тебіреген жүрек сырына құрылған лирикалық-философиялық поэманың композициясын оның әр түрлі көлемдегі, жеке-жеке ат қойылған тоғыз тараушасы жинақтап, ширатып ұстап тұр. «Советсан» поэмасы – өзін бақытты сезінген заманына риза, жанашыл өзгерістерге өз қатысын білдіретін сезім күйіне толы. Поэманың лиро-эпикалық сипаты ақынның ой-толғаныстарын еркін беруіне мүмкіндік туғызған. Сондықтан да ол еліміздің табыстарын, қол жеткен жаңалықтарды тамашалаушы ғана емес, өз қолымен жасаушылардың бірі болып көрінеді. Лирикалық кейіпкер жүйрік поезд – экпресс үстінде даладағы өзгерістерді, кеңес адамдарының рухани өскенін көреді. Төңкеріс күндерін, тап жауларымен күресті еске алады. Советстан – жаңа кеңес елі осы сындардың бәрінен мүдірмей өткен, қарсыласқан «жеті басты жалмауыздарды» талқандап жеңген «сегіз жасар арыстан» бейнесінде суреттеледі.
Жаңарып жатқан Отан көркі, кеңес халқының бақыт жолындағы күресшіл өмірі, жігерлі күшпен сап түзеп еңбекке, өнерге ұмтылған жаңа буын – ақын шабытының қайнар көзі. Осының бәрін ол Советстан бейнесін, ілгері зырлап бара жатқан экспресс үстінен табады.
Отарбада сан румыз – тілек бір,
Зар иманды махаббатты жүрек бір,
Қуат отты,
Заулап қатты,
Жай қанатты,
Күш жұмсайтын бір майданда тілек бір, -
Дейді ақын. Кеңес елін бақытты болашаққа қарай тоқтамай зырлап бара жатқан экпресс образында бейнелеу ақынның «Советстан» поэмасында кең орын алды.
«Советстан» поэмасында қазақ өлеңінің үшінші тармағына буын өлшемін бұзып, өзара ұйқасатын үш тармақ жасау арқылы тың өзгерістерге барды.
Лирикалық қаһарман – төңкеріс түлегі, жеңген тап – жұмысшылар өкілі, сондықтанда ол Кеңес өкіметі орнаған сегіз жылдың биігінен, шырқау тұрғыда тұрып, жырлап алға басып бара жатқан дәуір атынан сөйлейді. Тартыс, күреске толы заман туралы аұындық жүрекпен тебірене толқиды, ескілікті мансұқ етіп жерлейді, теңдікті, бостандықты, еркін еңбекті мадақтайды. Бір ауыл, бір атырап, тіпті жалғыз Қазақстан емес, лирикалық қаһарман бүкіл Кеңес Одағының атынан сөйлеп, тарих, ел, жер, табиғат туралы, Разин, Пугачев хақында, Кавказ бен Алтай, Еділ мен Жайық, байтақ Ресей жайлы жыр шалқытады.
Сәкен Сейфуллин дүние жүзілік төңкерісті жақтаушы, халықаралық империализмге қарсы белсенді күрескер болды. Осыған орай ақынның «Чжан Цзо-лин» атты өлең-поэмасы жарық көрді. «Чжан Цзо-лин» поэмасы қытай еңбекшілерінің мүддесін сатып, империалистер жағына шығып кеткен қытай генералы Чжан Цзю-линнің опасыздық әрекеттерін әшкерлеу мақсатымен жазылған. «Мұны дүниеге, жауыздық сипатына аңыз боларлық деп білдім», - дейді ақын поэма кіріспесінде. Сәкен оның ұнамсыз қасиеттерін батыл әшкерлеп, өмірде алдамшы, тұрақсыз адамның жағымсыз бейнесін көрсетеді. Ақын Чжан Цзю-лин мансапқорлығына халықаралық империолизмнің үлкен жәрдемші болғанын жазады.
Сұмға сұм қорған болып сақтамай ма,
Көмегін бір-бірінің ақтамай ма?
Ллойд, Жорж, Пуанкере, Чемберлендер
Көтеріп сұмды көкке мақтамай ма? –
Дейді. Поэманың идеялық түінінде елінен безген опасыз сатқындарды жинап, өзінің туған халқына қарсы жұмсап отыратын империализмнің жауыздық әрекеттерін әшкерлеу басым. Ақын демократтық күшті, еңбекші елдің азаттық аңсаған адал ниетін мадақтайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет