2. Ә.Бөкейхановтың қоғамдық-саяси өміріне сипаттама беріңіз.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов – көрнекті қоғам қайраткері, Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінің депутаты, Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясының Бюро мүшесі, қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының негізін салушы әрі көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым – ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі дарынды публицист.Ә.Н.Бөкейханов 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бұл қазіргі Жезқазған облысы, Ақтоғай ауданына қарасты Қаратал ауылы. Ол қазақтың ақырғы ханының бірі Бөкейдің ұрпағы.Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін, Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған метепте 1879 жылдың 16 қырқүйегінен 1886 жылдың 16 маусымына дейін тәрбиеленіп, оқу барысында үлгілі тәртіп танытқан.Ол 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. Осы жылдары ол барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе солшылдардың көзқарасына бейім болды. Ә.Бөкейханов Ресей жандармерия басқармасының назарына алғаш рет студенттік жылдары-ақ ілігіп, «саяси сенімсіздердің» қара тізіміне алынды. Әлихан бұл тізімнен патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да – 1937 жылдың қырқүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін де шыққан жоқ. Ол Ақпан төңкерісінен үлкен үміт күтті. Бірақ ол үміті ақталмады. Уақытша үкімет, оның ішінде өзі мүшесі болып жүрген кадет партиясының көсемдері қазаққа автономия беруге қарсы болады. Оның үстіне олармен жер мәселесі жөнінде де ымыраға келе алмайды да, ол бұл партиядан шығып, қазақтан сайланған тоғыз өкілді бастап барып, Томск қаласында Сібір автономистерінің құрылтайына қатысады. Осында болашақ Сібір республикасының құрамында Қазақ автономиясы құрылмақ болады.Құрылтайдан оралысымен Әлихан қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі. Артынша, 1917 жылы желтоқсанында Екінші жалпықазақ съезі Алаш автономиясы жарияланып, Ә. Бөкейхан сол алғашқы Қазақ республикасының тұңғыш төрағасы (президенті) болып сайланады. 1919 жылы большевиктер өкіметінің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімнен кейін Ә. Бөкейхан қалған өмірін ғылыми зерттеушілікке арнады.Бірақ, ұлттық намыстан жұрдай, жалған интернационалист белсенділердің көрсетуімен ол 1926 жылы екі рет тұтқындалып, түрме азабын тартты. Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, зор беделінен қорыққан большевиктер өкіметі оны Қазақстанға жолатпады. Онда он жыл үй қамауында отырған Әлиханды 1937 жылы тамызында қайыра тұтқындап, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кеседі.