Мысалы, 1924 жылы Ақмола уезінде жоғары білімі бар бірде-бір қазақ болған жоқ.
Қазақтың ұлт зиялылары шығармашылық тұрғыда табысты еңбек етіп, мәдени құрылыс, халыққа білім беру саласын жеделдетуге зор үлестерін қосты. Қазақ тілінде оқулықтар жазылды.
Мұндай оқулықтардың авторлары
А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Ә. Ермековтер болды. Алгебрадан қазақ тіліндегі мектеп оқулығын Қаныш Сәтбаев, географиядан Әлихан Бөкейхан, Қазақстан тарихын профессор Санжар Асфендиаров құрастырды. 1928 жылдың соңына қарай қазақ мектептері үшін 30-дан астам оқулық жарық көрді.
1929 жылға дейін Қазақстанда араб жазуы пайдаланылды. ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп, араб графикасына негізделген «төте жазу» жасалынды. 1929–1940 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпби жазу жүйесі енгізіліп, 1940 жылдан ол кирилл графикасымен ауыстырылды.
Мектеп ісіне әліпбидің өзгертілуі үлкен қиындықтар туғызды. Азаматтарды қайта оқытуға даярлау курстары үлгермей жатты. 1930 жылы тамызда көшпелі халық тұратын мекендерде жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді. Алайда осы жылдары етек алған аштық мектептердің кеңінен ашылуына кедергі жасады. 1941 жылы республикада 7,5 мың мектеп жұмыс істеді, соның ішінде 5,1 мың бастауыш мектеп. Онда 1 миллионға жуық әртүрлі жастағы балалар оқыды. Жалпыға міндетті оқуға жататын мектеп жасындағы балалардың 98,9%-ы оқумен қамтылды.
Соғыс жылдарында мектеп саны көбейген жоқ: тек 1% ғана өсті, педагогикалық кадрлар құрамы 10%-ға азайды. Бастауыш сыныптарға жоғары сынып оқушылары немесе зейнеткерлер сабақ берді. Оқушылар саны 1 138 мыңнан 792 мыңға дейін азайды. Ер-азаматтар соғысқа кеткеннен кейін, тылдағы өмірдің қиындықтары әйелдер мен балалардың иықтарына түсті. Кейбір балалар аналарына көмектесіп, мектепке бармай қалатын.
1939 жылы жалпыға ортақ әскери міндеткерлік енгізілген соң, мектептерде әскери іс пәні оқытыла бастады. Гуманитарлық пәндер оқытуда әскери-патриоттық тақырыптарға көп көңіл бөлінді. Барлық мектептерде соғыстан жаралы болып қайтқан майдангерлермен кездесулер өткізіліп тұрды.