Қазақтың киелі қобызының шығу тарихы



бет7/10
Дата06.01.2022
өлшемі187,6 Kb.
#12703
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10
Қобыздың құдіреті

Қыпшақ Қойлыбай Әбдурахпанұлы – атақты бақсы, таңғажайып тәуіп, керемет көріпкел, теңдесі жоқ қобызшы болған. Аңыздарда да, тарихи шығармаларда да Қорқыттан кейін Қойлыбайдың есімі аталады. Ақын Хамитбек Мұсабай өзінің «Қойлыбайдың қоштасу күйі» деген дастанында Қойлыбайдың қобызы мен киелі қасиеттері туралы былай жыр толғайды:

Қарт Қойлыбай – қобызшының абызы,


Шежіредей сайрап жатыр әрізі.
Қатар жүрер қос анардай қашанда,
Замананың ақиқаты, аңызы.
Ол қобызбен – қара тасты сөйлеткен,
Ол қобызбен – тал бесікті тербеткен.
Ол қобызбен – селді буып сұрапыл,
Ол қобызбен – шу асауды үйреткен.
Ол қобызбен – қара бұлтты қақ тілген,
Ол қобызбен – ақбоз үйді тіктірген.
Ол қобызбен – тілін кесіп жыланның,
Ол қобызбен – ханға тізе бүктірген.
Ол қобызбен – жанған өртті өшірген,
Жөнге салған ессіздерді есірген.
Киіз үйді жиһазымен жиюлы,
Арғы беттен – бергі бетке көшірген.
Ол қобызбен – қара нөсер жаудырған,
Ол қобызбен – жан ләззатын қандырған.
Ол қобызбен – тоқсан тоғыз күй шалып,
Ол қобызбен – мәңгіге атын қалдырған.

Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, түсінде Қорқыт атадан бата алған қыпшақ Қойлыбай бақсы шамамен XIV ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген. Оның атақты бақсы, тәуіп, сәуегей, қобызшы ретінде есімінің алты алашқа кеңінен танылған кезі – XV ғасырдың алғашқы ширегі. Ол Қойлыбайды «бақсылардың бақсысы әрі пірі» деп бағаласа, Әлкей Марғұлан: «Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады» деп жазады. Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастап, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бәрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай қобызын бәйгеге қосып бас бәйгені жеңіп алады. Мағжан Жұмабаев Шоқанның зерттеулерін негізге ала отырып «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанын жазған.

Қобыздың тағдыры бақсылардың тағдарымен бірге. Бұл жөнінде Әлкей Марғұланның өзі былай де пжазады: «Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ –ХІХғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді». Рашид ад – Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «Қыпшақ» сөзімен төркіндес екендігі айтылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет