19. Ресейдегі Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясы және оның Қазақстанға ықпалы (1917 ж.).
І дүние жүзілік соғыс Ресей мемлекетіне орасан зор шығын әкелді. 1917 ж. басына қарай Ресей 2 млн.-ға жуық адам жау тұтқынына түсті. Елде соғысқа қарсы көңіл-күй бел ала бастады. Елдің өнеркәсібі, көлік жүйесі және ауыл шаруашылығы да ауыр жағдайға душар болды. Соғыс жылдары ауылдық жерлерден ер адамдардың 48 пайызы әскерге мобилизацияланды. Жұмыс қолының жетіспеуі егістік көлемінің қысқаруына, соның нәтижесінде азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне алып келді. Мал шаруашылығына да үлкен шығын әкелді, мал басы, соның ішінде жұмыс күші болып табылатын жылқы малының саны күрт азайды. Көлік және басқа да маңызды салалардың жұмысы одан әрі ушықты. Халық пен әскерді ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуде келеңсіз жағдайлар орын алды. Орыс әскерінің жоғарғы басшылығының жіберген қателіктерінің салдарынан армия ірі жеңілістерге ұшырап, шегінуге мәжбүр болды. Елдің қаржы жүйесі тығырыққа тірелді. 1917 ж. қарай сомның тауарлық құны соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 50 пайызды ғана құрады, ал қағаз ақша шығару 6 есе өсті.
20.Қазақ зиялылыларының ұлттық өкімет құру жолындағы іс-әрекеттері және «Алаш» қозғалысының тарихи мәні.
1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынборда болған І Жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оның құрамына Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқай, Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т. б. кірді. «Алаш» партиясының Бағдарламасы бекітілді. Ол негізгі 10 бөлімнен тұрады. Алаш Орда (1917-1920) - Ақпан және Қазан төңкерістерінен соң 1917 жылы желтоқсанның 13-і күні құрылған қазақ-қырғыз Алаш автономиясының үкіметі. 1917 ж. желтоқсанның 5-13-і күндері Орынборда II Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайы өткізілді. Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.
Алаш астанасы - Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы еді. Үкімет төрағалығына үш қайраткер - Бөкейханов, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейханов төраға болып сайланды.
Өздерінің қолға алған шараларын іске асыру жолында Алашорда үкіметіне Кеңестерге қарсы жақпен бірігуге тура келді. Өйткені Кеңес үкіметі кеңестік негіздегі автономияларды ғана қолдап, көтермелесе, ал ақтардың Алаш автономиясына көзқарасы басқаша болды.
Сөйтіп, қазақ автономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне қарсы күреске шығып, ақтарға қосылуға мәжбүр болды.
Алашорда сонымен бірге Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. Халел және Жанша Досмұхамедовтер Ленин, Сталинмен, сондай-ақ Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөз жүргізді. Мұның нәтижесі - автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды. Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты.
Достарыңызбен бөлісу: |