Б. Б. Мамраев ф.ғ. д., профессор, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік



Pdf көрінісі
бет23/39
Дата02.01.2017
өлшемі5,22 Mb.
#986
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   39

                   Текеев 
Көп болды өз алдыма жатқаныма, 
Өзімше төрт түлік мал баққаныма. 
Жарыста озат келем өзіңізден, 
Байқасаң – қанатымның қатқаны да. 
Алдына асыл  сөзбен қойсам тізіп, 
Ақыным, таң қаларсың тапқаныма. 
Айтайын озатымның өнегесін, 
Тыңдап ал, үлгі етерсің ауданыңа. 
Ақыным, естісең де бұдан бұрын, 
Айтайын табысымды сөзіңді ұғып. 
Атақты Тельман деген колхозымда, 
Болған жоқ биылғы жыл бір де шығын. 
Асыра алған сертін орындауда, 
Келтірсем көп мақтанбай сөздің шынын. 
Ақыным, естідің бе, жүз биеден, 
Алғанда жүз алтыдан асыл құлын. 
Өсірдім асыл тұқым жылқыларды, 
Сеп-семіз бәрі дағы бейне жұлын. 
Қызамын енді өзім бірден-екі, 
Тиеді Маңқыстауға сөзім шеті. 
Не бағып жүргеніңді біле алмадым. 
Жоғалған биыл малың жетпіс жеті. 
Бастығы ауданыңның Қарабасов, 
Жан екен шіміркенбес екі беті. 
Із-түзсіз колхоз малын жоғалтуға, 
Салмайды неге тиым, болса ниеті. 
Өлшеусіз пішен шауып, ойладың ба, 
Қыста ертең  көбейсін деп малдың еті. 
Демеңіз осынымды жала-жалған. 
«Жыңғылдың» жаман колхоз артта қалған. 
Бастығы Жәрдемов боп білмейді екен. 
Қалайша айрылғаның қолда бардан. 
Колхозың «Бірінші май» бұған сәйкес, 
Оның да кетуге тұр, құлап жардан. 
Бұлардың өлімі көп, азығы жоқ. 
Әзірге аз дәулетпен жатып алған. 
Тағы да олқы ісін көп келіспеген. 
Жарыс жоқ ауданында өрістеген. 
Білмейді колхозшылар еңбек күнін, 
Білгенін айырады керіспенен. 

133 
 
Нұсқауы үкіметтің орындалмай, 
Жарысың тексерілер терісінен. 
Білдіріп отырмайсың озаттарды, 
Көрсеткіш тақталарың кем істелген. 
Жар газет, жауынгерлік листок кем, 
Сыналып отырмайды кеміс деген, 
Жоясың қашан мұны, аз күн қалды, 
Баралық мерекеге жеңіспенен...[8].  
Бұл  айтыстан  ауыл  шаруашылықты  мекенге  айналған  түбектегі  қол  жеткен  табыстар  мен 
кейбір  шешімі  таппаған  мәселелер  ашып  көрсетілді.Әсіресе,  мал  басын  аман  сақтау,  төл  санын 
көбейтуге  баса  назар  аудару  керектігі  көрсетілді.  Қоғамдағы  келеңсіз  жақтарды  жойып,  мемлекеттік 
мүлікті  мұқият  сақтауға  шақырды.  Жоғарыдағы  үш  сайыстан  Тәжібай  Текеевтің  айтыс  өнеріндегі 
шеберлігі тыңдаушыларын  өзіне тартып  ғана  қоймай, олардың  қуанышы  мен  қайғысына ортақтасып, 
қол жеткен табыстарын паш етті.  
Қорыта келгенде, қырық жыл Мақат аудандық газетіне қол қойған редактор Т.Текеевтің өмір 
жолы туралы жазылар да, айтылар да әңгіме көп болмақ. Денсаулығының кемтарлығына қарамастан 
тәуліктеп жұмыс істеп, демалуды білмеген газет ісіне шын берілген Тәжібай атамыздың өнегесі көпке 
үлгі боларлық.  
 
Әдебиеттер тізімі: 
1.  А.Елеусінов.  «Тарланбоз талант». Жеңісті  жақындатқан  жандар.  –  Алматы:  «Өлке»  баспасы, 2005 
ж. – 104 б. 
2.  Т.Текеев.  «Байланыс  конторындағы  басты  олқылықтар  жойылуы  керек»  //  Социалистік  Эмба.  24 
март, № 12 (610).1944 ж. 
3.  «Әділ іс пен адал еңбектің жеңісі» // Социалистік Эмба, 12 май, № 18 (663), 1945 ж. 
4.  Т.Текеев. «Еңбектегі жеңістер» //  Социалистік Эмба, 23 февраль № 6 (651), 1945 ж. 
5.  Ақындар  айтысы.  «Озат  боп  бәйгі  аларлық  жарыспенен,  -  Баралық  мерекеге  табыспенен!»  // 
Социалистік Эмба, № 35(660), 1944 ж. 
6.  З.Қабдолов. Жебе. Әдеби толғаныстар мен талдаулар. − Алматы. «Жазушы», 1977.- 268 б. 
7.  Ақындар  айтысы.  «Бір  қосып  жер  асты  ісін,  гараж  күшін  –  күресті  күшейтелік  мұнай  үшін!»  // 
Социалистік Эмба, 10  апрель, № 657, 1945 ж. 
8.  Ақындар  айтысы.  Шевченко  және  Маңғыстау  аудандары  арасындағы  айтыс  //  Колхоз  жолы,  28 
сентябрь, № 33 (1471), 1945 ж. 
 
 
 
ӘОЖ 81.373.421 
 
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕР ЖҮЙЕСІНДЕГІ АНТОНИМДІК ОРАЛЫМДАР 
 
Жолдыгулова А.  
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 
 
  Фразеологизмдер – барлық тілдерге тән әмбебап құбылыс. Сондықтан да ол барлық тілдерде 
кеңінен  зерттелуде.  Түркі  және  басқа  тілдердің  фразеологиясы  бойынша  осы  күнге  дейін  жүргізіліп 
келе жатқан жан-жақты зерттеулер фразеологизм құбылысының сан алуан тұлғалық және мағыналық 
түрлерін  анықтады.Тіл-тілдің  сөздік  қорын,  сөз  байлығын  зерттейтін  саланың  бірі-фразеология. 
Фразеология  теориясы,  тұрақты  тіркестердің  жүйелік  мәнінің  қалыптасу  ерекшеліктерін,  жалпы 
фразеологизмдер туралы ғылымның мәселелерін талдау сонау өткен ғасырдың алғашқы кезеңдерінен 
басталады. Фразеологияның лингвистикалық пән ретінде қалыптасуы француз текті швейцар ғалымы 
Шарль Баллидің атымен байланысты. Ол  тіл  білімі тарихында тілдегі  тұрақты  сөз  тіркестерді  арнайы 
және жүйелі түрде зерттеу қажеттігін алғаш негіздеп, еңбектерінде талдау жолдарын көрсетті. 
Фразеология  теориясы  дамуының  келесі  кезеңі  орыс  ғалымы  В.В.Виноградовтың  есімімен 
байланысты. 
Фразеология 
мәселелерінің 
аумағы 
кеңейіп, 
лингвистикалық 
әдебиеттерде 
В.Л.Архангельскийдің, 
О.С.Ахманованың, 
А.М.Бабкиннің, 
В.П.Жуковтың, 
В.Н.Телияның, 
Н.М.Шанскийдің, Н.Н.Амосованың, А.В.Куниннің және т.б. ғалымдардың белгілі еңбектері фразеология 
теориясын дамыта түсті. Қазақ тіл білімінде фразеологияның жалпы және нақты мәселелері бойынша 
ғылыми еңбектер жазылды. Олардың қатарында фразеология мәселелеріне арналған І.Кеңесбаевтың, 
М.М.Копыленконың,  Р.Сарсенбаевтың,  К.Ахановтың,  Ә.Қайдардың,  Г.Смағұлованың,  С.Сатенованың, 
Э.Самекбаеваның, Н.Уәлидің, Р,Авакованың және т.б. еңбектерін атап көрсетуге болады. 

134 
 
Фразеологиялық тіркестер – ғасырлар бойы қалыптасқан, аз сөзді, көп мағыналы, бейнелі сөз 
бедерлері.  «Сөз  тілдің  аса  керекті  құрылыс  материалы.  Сөз  жеке  тұрғанда,  жансыз  жасық  денедей 
дәрменсіз  боп  көрінеді.  Оның  жандана  түсетін  де,  гүл-гүл  жайнайтын  да  жері  сөз  тіркесі,  сөйлем 
құрамы», -дейді М.Балақаев (1,18)Тілдің негізгі байлықтарының біразы – тұрақты тіркестер.Олар ұзақ 
жылдар  бойы  халық  тілінде  шыңдалған  нысанаға  дөп,  дәл  тиетін  өткір  де  көркем  тілдік 
конструкциялар. 
Қай  тіл  болмасын  нақты  заттың  сандық,  сындық  немесе  абстрактылы  мағыналарын,  қимыл-
қозғалысын,  қасиетін,  қолданысын  білдіретін  жеке  сөздермен  қатар,  компоненттерді  біріктіріп  бір 
мағынаны білдіретін, жеке сөздердің рөлін атқаратын тұрақты сөз тіркестері болады. Олар әдебиетте 
қалауын тауып қиыстырылса ғана мәнер табады.  Классик жазушыларымыз  осындай ерекшеліктерді 
асқан ұқыптылықпен аңғарып,қиыннан қиыстырып, сөз асылын саралап, өзіне қажет сөздерді талғап, 
орынды  қолданатыны  аян.  Қазақ  тіліндегі  тұрақты  сөз  тіркестерінің    негізігі  ерекшеліктері,  жай  сөз 
тіркестерінен айырмашылығы жайында белгілі филологтарымыз өз ойларын ортаға салып, тұжырымды 
пікір айтып келеді. Мәселен, І.Кеңесбаев: «Идиом мен фраза тілдегі қолдану ыңғайына қарай бірінің 
орнына бірі жүріп, ауысып отырады» десе (2,125), Н.М.Шанский: «Фразеологиялық тіркестердің тілдегі 
қызметі  жеке  сөздердің  қызметіне  ұқсас»,  дейді,  ал  В.В.Виноградов:  «Фразеологиялық  топтар  мен 
фразеологиялық  тіркестерде  омонимдер  болмайды.  Олар  синонимдік  тізбектер  қатарына 
жатады»(3,58)  -  деп,  фразалық  тіркестер  ұғымы  жағынан  синонимдерге  өте  жақын  екендігін  ашып 
берген болатын. 
 
Ғалым  Ғ.Мұсабаев  фразеологиялық  тіркестердің  негізгі  ерекшеліктерін  айта  келіп,  оған 
идиомалар,  мақал  мен  мәтелді  жатқызса,  М.Балақаев:  «Фразеологизмдерге  идиом,  фраза,  мақал-
мәтелдер  жатады»,  -дейді.  Тұрақты  сөз  тіркестерінің  қатарына  бізше  фразаны  қосу  орынды  сияқты. 
Себебі фразаның семантикалық бірлігі тұрақты сөз тіркестеріне жақын.Ертеден бері қалыптасып келе 
жатқан сөз байлығының ауқымды бөлігі ретінде фразеологияның қазақ тіл білімінің жеке саласы екені 
бүгінгі күні  баршаға  мәлім.  Алайда  фразеология  түбегейлі  зерттеліп, түгелдей  дерлік аяқталған  сала 
деп  айтуға  болмайды.  Оның  әлі  де  болса  шешілмеген,  даулы  мәселелері  мен  зерттелмеген жақтары 
баршылық.  Номинативтік  және  коммуникативтік  фразеологизмдер  –  тіл-тілде,  басқа  да 
фразеологизмдер  тәрізді,  халықтың  рухани,  мәдени, шаруашылық  өмірі  мен  салт-дәстүрі,  әдет-ғұрпы 
және  наным-сенімі,  дүниетанымы  негізінде  туындап,  көркем  сөздің  кең  қолданылатын,  бейнелі  де 
әсерлі құралына айналып, қолданыста оралымдар мен айтылымдардың мән-мағынасына экспрессивті-
эмоционалды  рең  беретін,  астарлап  айту  тәсіліне  айналған тілдік  құбылыс.  Олардың  көптеген  терең 
сыры  халықтың  тілдік,  психологиялық,  қоғамдық,  шаруашылық,  танымдық  қасиеттеріне  де 
байланысты.  Номинативтік  және  коммуникативтік  фразеологизмдердің  қалыптасу  жолы  тек  тіл 
заңдылықтарына  ғана  емес,  сонымен  қатар,  олардың  әртүрлі  контексте  қолданылуына  да  тікелей 
байланысты. Қазіргі  қазақ фразеологиясының  синхронды  сипаты  оның  қалыптасуының  дереккөздері, 
жеке  фразеологизмдер  мен  фразеологиялық  жүйелердің  жасалу  мерзімі,  фразеология  теориясының 
әдіс-тәсілдері оның қаншалықты күрделі және сан алуан түрлі екендігін көрсетеді. Кез келген ұлттық 
тілдің  фразеологиясы  –  сол  ұлт  тілінің  танымдық  және  тәжірибелік  іс-әрекетінің  нәтижесі,  қоғамның 
коммуникативтік  қызметінің  барлық  салаларындағы  экспрессивтік  түрде  қатынас  жасаудың  ерекше 
бірліктерінің  жүйесі.  Осы  ретте  арнайы  қарастыруды  қажет  ететін  өзекті  мәселелер  қатары  бар.  
Фразеологизмдердің  семантикалық,  морфологиялық  және  синтаксистік  құрылымдарының  қалыптасу, 
өзгеріп-түрлену  шегінің  тілдік  нормаға  сай  келуінің,  контекстегі  басқа  сөздермен,  сөз  тәркестерімен, 
сөйлемдермен 
байланысқа  түсу 
ерекшеліктерінің 
және  т.б. 
жақтарының 
әртүрлі  тілдік 
заңдылықтардың  негізінде  жүзеге  асатындығы  байқалады.  Бұл  заңдылықтардың  тілдік  бірліктердің 
номинативтік және коммуникативтік қасиеттерінен өзгеше түрде қалыптасқанын, фразеологизмдердің 
тіліміздегі  қарапайым  сөздердің,  сөз  тіркестерінің,  сөйлемдердің  қасиеттерін  қамти  отырып, 
семантикалық және грамматикалық жақтан ерекшеліктерге ие болған құбылыс екенін көреміз.   
Фразеологизмдер 
жүйесінде 
антонимдік 
оралымдар 
кездесе 
беретін 
құбылыс. 
Фразеологиялық  антонимдердің  мағыналарының  арасы  сәйкессіздеу  болып  келеді.  Тілімізде  қарсы 
мағыналы  фразеологизмдердің  болуы  фразеологиялық  антонимияның  дербес  категория  екендігін 
көрсетеді.  Мысалы: 
ит  арқасы  қиянда  –  қарға  адым  жерде;  салы  суға  кетті  –  тасы  өрге  домалады; 
тұяқсыз  өтті  –  үбірлі-шүбірлі  болды;  жерден  жеті  қоян  тапқандай  қуанды  –-  зәресі  зәр  түбіне  кетті, 
жер-көкке  сыйғызбады  –  ағаш  атқа  мінгізді  т.б.  Антонимия  шындық  өмірдегі  қарама-қарсы 
қатынастардан  туындайды,  тарихи  тұрғыдан  адам  санасында  қалыптасқан  қарама-қарсы 
құбылыстардың,  заттар  мен  ұғымдардың  қарама-қарсы  мәнін  тану  негізінде  анықталады,  сондықтан 
антонимдес  фразеологизмдердің  сипаты  антонимдес  сөздердің  сипатынан  алшақ  кетпейді.  Көбінесе 
абсолют түрдегі емес, қатыстылықты сипаттағы қалыптасқан антонимдер тілімізде көп кездеседі.  
Фразеологизмдерді  қарастыру  арқылы  ұлттық  тіліміздің  көркемдік  таным  әлемі,  әлеуметтік 
болмысы танылады. Қандай да бір жазушының тілдік шеберлігі, әдеби мүмкіндігі тілдің мол қазынасын 
еркін  меңгеріп,  құнарлы  да  шұрайлы  тіркестерді  әсем  де  бейнелі  етіп  қолдана  білуінен  аңғарылады. 

135 
 
Әр  қаламгер  өзінің  өте  бай  шығармашылық  лабораториясында  фразеологизмдерді  аса  бір 
байыптылықпен,  асқан  бір  шеберлікпен,  нәзік  сезімталдықпен,  жоғары  біліктілікпен  қолданады.  
Фразеологизмдердің  қалыптасуы  мен  дамуына  этнолингвистикалық  факторлар  да  әсер  етеді.  Тіл 
білімінің  салалары  ішінде  тілдің  ұлттық  сипатын  аша  түсетін  саласы  –  фразеология.  Қазақ  тілі 
фразеологизмдері  қазақ  халқының  данышпандық  шығармашылығы,  ой  өрісі  мен  рухани  дарынының, 
танымының  көп  ғасырлар  бойындағы  жемісі  болып  табылады.  Қазақ  тілі  фразеологиясының  ұлттық 
сипатын,  танымдық  табиғатын  фразеологизмдердің  фонетикалық,  грамматикалық,  семантикалық 
ерекшеліктерінен де, стилистикалық қызметінен де көруге болады. 
 
Әдебиеттер тізімі: 
1.  Балақаев  М.,  Жанпейісов  Е.,  Томанов  М.,  Манасбаев  Б.  Қазақ  тілінің  стилистикасы.  –Алматы: 
Мектеп, 1974. –191 б. 
2. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі.–Алматы: Ғылым, 1977.–712 б. 
3. Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. А.,1996.-226 б. 
 
 
 
ӘОЖ. 82.1/29 
ТАБИҒАТ ПЕН КЕЙІПКЕР ЖАНЫНЫҢ ҮНДЕСТІГІ 
(Жазушы Н. Әбуталиевтің «Наркескен» романы бойынша) 
 
Құлшарова А. 
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 
 
Жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Наркескен» романы 2003 жылы «Өлке» баспасынан жарыққа 
шыққан.  Шығарма  тарихи  уақыт  пен  сол  аралықтағы  көркем  бейне  –Махамбет  образын  сомдаудағы 
ерекше  туынды  болып  табылады.  Романның  қысқаша  мазмұнынан  келер  болсақ,  мұнда  Исатай-
Махамбет бастаған ұлт азаттық көтерілісі мен сол уақыттағы Нарындағы қараша елдің тыныс-тіршілігі, 
елін  қорғаған  хас  батырлар  ерлігі  мен  Кіші  Жүз  руларының,  әсіресе  он  екі  ата  Байұлының  шежірелі 
тарихы, жалынды ақын, батыр Махамбеттің айналасындағы адамдар образы, оның ішкі романтикалық 
көңіл-күйі, ой-сезімі т.б айтылады.  
Романның  бірінші  тарауында  Нарын  даласын  жағалай  қоныстанған  елді  мекендер  көрініс 
табады. Қаламгер мұны жай ғана суреттеп қоймайды. Жау тылында отырған мазасыз елдің көңіліндегі 
нала-мұң  мен  кірбің  атаулыны  айналадағы  табиғат,  жәндік,  құс,  тау  сияқты  жансыз  заттар  арқылы 
суреттейді.  Мәселен,  «...бұғып,  мүлгіп  тұрған  боз  дала,  қуқыл  реңді  дала,  бүршігін  жара  алмай, 
жермен-жексен  боп  жатқан  боз  жусан,»  [1;  3  б]  т.б.  Осы  арада  жазушының  дала  өсімдігін :  Сірә  да 
жарық дүниеге шығар туашақ нәрсенің туа алмай, көретінін көре алмай тұмшаланып қалғаны қасірет 
екен.  Жусан  екеш  жусан  да  сап-сары,  дертке  душар  болғандай  қайғылы  күй  кещеді,  [1;3б]-деуінен 
табиғат пен адам жанын егіздеуі анық байқалып тұр.  
Тарихи  кезеңнің  бір  көрінісі  ретінде  Жанғожаның  қараша  үйі  арқылы  жазушы  сол  кездегі 
күйбең  тірлікті  ұғынықты  суреттейді.  Киіз  үй  мен  оған  жамалған  құрым  киізді  денедегі  бітеу  жара 
секілді деп кейіптеуі де жазушының қарабайыр тірлікті қарапайым өмір шындығымен тұтастыруындағы 
әдеби  шеберлігі  болуы  керек.  Жазушы  төрт  түлік  малдың,  соның  ішінде  сиырдың  қасиетін  адам 
мінезңмен  теңестіреді.  Қазақ,  тіпті,  әрісі  әлем  әдебиетінде  де  мұндай  жанама  суреттеулер  көптеп 
кездеседі.  Ә.  Кекілбаевтың  «Бәйгеторы», О. Бөкейдің  «Бура»,  Ш.  Айтматовтың  «Қош  бол,  Гүлсары», 
т.б  әңгіме-повестерінде  бұл  кеңінен  ашылады.  Ал  «Наркескендегі»  суреттеудің  бұл  тәсілін  мына 
тұстардан  анық  байқаймыз:  Осы  Зеңгі  баба  тұқымының  көзі  бұрыннан  қып-қызыл  болатын,  төлін 
туғалы  бері  ол  үлкейіңкіреп  ақ  айраңданып  аларып  кеткен  секілді.  Кәдімгі  ашуланғанда  шарасынан 
шығыпақиланып адам баласының көзіне бір ұқсастық бар...немесе: Мал емес-ау, тіпті даладан кезіксе, 
хан ордасы  жақтағы  қара жолмен келе  жатқан  бейсауат жолаушыны  немесе  мылтық  асынған  казак-
орыс  шабарманын  көрсе  де  басындағы  бағын  жоғалтқандай  әлгіге  елегізіп,  мүйізін  кекірейтіп  көзін 
алайтып бір мөңіреп қалады. Жайық пен Үйшіктен қашық құм мойнындағы Жәңгір ханның жасағынан 
аза шеккен, жапа көргенжалғыз тұл жетім тап мынау өзі секілді [1; 5б.]. 
Жазушы суреттеп отырған өмір құбылыстары кейде аң, құс, т.б арқылы беріледі. Бұл арадағы 
хан  билігінен  деген  жануардың  қарсылығы  иесі  Жанғожаның  немесе  басқаның  ішкі  күйі  аңғарылып 
тұр.  
 
Кейіпкер  дүниетанымы  арқылы  жазушы  өз  оқырмандарына  парасаттылық  танытып,  ұлағатты 
ой  ұшқынын  береді.  Осы  тұстар  Жанғожаның  қонағы  Сатыбалдыға  жігіттің  басындағы  үш  гауһар 
жайлы  айтқан  әңгімесінен,  Жанғожаның  Мұхаммед  пайғамбар  заманынан  бастап  шараптың 
«шайтанның сүйер асы» деп аталу тарихы, бәрі-бәрі кейіпкерлер диалогынан байқалады.  

136 
 
Ал  романдағы  Махамбет  бейнесінің  алғашқы  көрінісі  Жанғожаойы  арқылы  берілген. 
 
Жазушы  осы  тұрғыда  батырдың  портретін  еске  түсіруі  арқылы  былайша  бедерлейді: 
Махамбеттің  белінде  қорамсақ,  иығында  садақ,  қиыр  қылыш  наркескенін  сол  жағына  асыныпты, 
шалқақтау  біткен  кере  қарыс  маңдайы,  орақ  мұрын,  әдемі  қара  мұртты,  жүзі  ызғарлы  кісі.  Денесі 
бұлшық етті шымыр, жуан кеуделі, қақпақ жауырынды, қолдары әлуетті екен [1; 11б]. 
Қысқасы, бұл тарауда кейіпкерлер характері бірден толыға қоймайды. Өткен уақыт бірлігі мен 
оқиғалар тізбегі кейіпкер санасында қайта дөңгеленіп, қарама-қайшылықты тартыс айқындала түседі. 
Жаңаша бастау алып, оқиға шиеленісі екінші тарауға ойысады.  
 
Әдебиеттер тізімі: 
1. Әбуталиев Н. Наркескен. – Алматы: Өлке 2003. 478 б.  
2. Қабдолов З. Сөз өнері. -Алматы: Қазақ университеті, 1992. -348 б. 
3. Әшімбаев С. Парасатқа құштарлық. -Алматы: Жазушы, 1990. -180 б. 
 
 
 
ӘОЖ 37.017.92 
 
ХАЛҚЫНЫҢ МӘДЕНИ-РУХАНИ ҚЫЗМЕТШІСІ 
 
 Исмурзина Г.Б. 
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АК филиалы 
Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының  
аға оқытушысы, магистрант 
 
Илья  Жақанов  есімі  барша  қазақ  баласына  таныс.  Құдіретті  ән  әуенін  сезінген,  асыл  сөз 
мәйегін  бойға  сіңірген,  өнердің  өресіне  бойлай  білген  әрбір  жан  қазақ  елінің  сүйікті    перзенті  Илья 
әндерімен қатар прозалық шығармаларын оқып, сусындап өсіп келеді. Қаламгер қазақ музыка өнерінің 
майталмандары жайлы эсселер мен  новеллаларын, «Ықылас» атты романын көпшілікке ұсынып, зор 
құрметке,  халық  махаббатына  бөленіп  жүрген  жан.  Заңғар  жазушы  Мұқтар  Әуезовтің  «Суреткердің 
жан дүниесі неғұрлым сұлу болса, оның шығармалары да сондай көрікті болады» деген сөзі бар-тын. 
Илья аға сондай сирек бітімді суреткер, бекзат болмысты тұлға.   
ҚазМУ-нің  филология  факультетін  1959  жылы  бітірісімен  1959-1963  жылдары  «Қазақстан 
пионері» ( қазіргі «Ұлан») газетінде, 1963-1984 жылдары Қазақ ҚСР телевизия және радиохабарларын 
тарату  жөніндегі  мемлекеттік  комитеттің  редакторы,  аға  редакторы,  Қазақ  радиосы  музыка 
редакциясының  бас  редакторы  қызметін  атқарғандығы  жазушы  қаламы  төселіп,  шеберлене  түсуіне 
үлкен  себепкер  болғандығы  даусыз.  Әдеби  көркем  шығармаларында  жазушы  музыканың  адам 
өмірімен байланысы, адам болмысында музыканың алатын орны, оның адамды тәрбиелейтін, адамды 
адам  ететін  қасиеті,  адамның  сазсыз  өмір  сүру  мәнінің  жоқтығы  шынайы  суреттеледі  де,  өнер 
қайраткерлерінің  естен  кетпес  бейнелері  жасалады.  Мысалы,  бір  ғана  қазақ  халқының  құдіретті 
қобызшысы  Ықылас  туралы  романы  өткен  замандардағы  қобыз  өнерінің  асқан  шеберінің  ғұмыр-
тағдырын  оның  өнерімен  байланыстыра  суреттейді.  Жазушы  қобызшының,  қобыздың,  Ықылас 
тудырған  күйдің  адам  жан  –  дүниесін  дыбыспен  аялайтын,  әспеттейтін  қасиетін  шебер  бейнелеген. 
Сәкен  Сейфулин  Ықыласты  өз  көзімен  көріп,  бірге  жүргендіктен  оның  қасиеттеріне  тәнті  болып, 
аузының суы құрығанша: «Ықылас қобыз тартқанда сауулы інген иіп тұрады» деп, немесе, тыста қара 
түнде  шулаған,  сарнаған  қамыстың  үнімен  бірге  Ықыластың  қобызы  да  сарнап  жылайды»  деп  еске 
алыпты. 
Ықылас туралы ел аузында мынадай да аңыз бар: «Әкесі Дүкен қобызшы Ықыласты он- он екі 
жасында  Қоянды  жәрмеңкесіне  ертіп  апарады.  Жәрмеңке  алаңында.  Дүкен  атышулы  Жанақ,  Шөже, 
Тәттімбет,  Тоқа,  Біржан  салдардың  алдында  қобыз  тартады,  өзі  шаршағанда  Ықыласқа  тартқызады. 
Баланың  қобызына  ден  қойған,  әбден  қартайған  Жанақ:  «Әй,  Шөже,  мына  бір  баланың  қолындағы 
қобыз үні қайда кетіп барады?» деп сұрайды. Сонда Шөже: «Ой,тәңірім–ай, мен жазғанда көз бар ғой 
дейсің бе? Оның үні көз жетпейтін жерге кетіп барады емес пе?» деп жауап беріпті. Сөйткен Ықылас 
туралы романды өнер адамы, оның ішінде қобызшы-күйші туралы музыканың жан-дүниесін жүрегімен 
сезінетін адам, өзі музыканың туындыгері жазған саз өнері туралы тұңғыш роман деу керек. 
Ильяның  2006  жылы  жарық  көрген  «Бұлбұл  әуезі»  атты  жинағындағы  «Қазақ  вальсі», 
«Бұлбұл», «Өр Алтай, асқан Алтай, асқар Алтай», «Айгөлек», «Түнек сәулесі», «Жас қазақ», «Жүрек 
сыры»,  «Қаракөз»,  «Қайықта» атты шығармаларын  жазушы  «көркем эсселер»  деп  атаған екен,  оған 
қоса  біз  бұларға өнер  тақырыбындағы  көркем повестер  мен  әңгімелер  деп  айдар  тағар  едік.  Мұндай 
шығармаларды кез келген музыка өнерінен алыс жазушы жаза алмайды. Бұл шығармаларды тек қана 

137 
 
өз  жүрегінен  нәзік  үн  қосқан  жазушы  ғана  жаза  алады.  Сондықтан  да  Илья  бейнелеген  Ахмет 
Жұбанов,  Латиф  Хамиди,  Күләш  Байсейітова,  Евгений  Брусиловский,  Жамал  Омарова,  Бақытжан 
Байқадамов,  Садық  Кәрімбаев,  Рамазан  Елебаев,  Жүсіпбек  Елібеков,  Шәмші  Қалдаяқов,  Әбілахат 
Еспаев, Махсұтбек Майшекен сияқты әншілер мен композиторлардың сомдалған бейнелерін жасаумен 
бірге, тарихта болған өнер адамдарының өшпес шығармашылық шалқар шабытты шақтарын, олардың 
тылсым өнерпаздық құпияларын шеберлікпен көрсеткен. 
  Міне,  Ильяның  осылайша  жазушы  екенін  білсек,  тек  соңғы  жылдары  ғана  дүниеге  келген 
«Аққу  әні»,  «Еділ-Жайық»,  «Сырлы  жүрек  пернесі»  атты  кітаптары  арқылы  оның  музыка  зерттеушісі 
екендігіне көзімізді жеткіземіз. Ол Алматы, Астана, Атырау теледидарынан төгіліп сөйлеп отырғанында 
арғы-бергі  замандардағы  композиторлардың,  әсіресе,  әнші  сал-серілердің  әрбіреуінің  сазгерлік 
табиғатын  тарата,  ашып  айтқанда,  көрермендердің  өздерін  ұмытып  тыңдайтындарын  қайтерсіз.  Не 
деген  суреткерлік,  не  деген  тереңдік  десеңізші.  Мұның  бәрін  ол  қайдан  білді?  Ильядан  бұрын  да 
атақты  халық  әншілері  туралы  зерттеу  еңбек  жазылыпты.  Ол–біреу  ғана.  Ол  –  Ахмет  Жұбановтың 
«Замана  бұлбұлдары».  Бірақ  Ильяның  зерттеулері  ондағы  зерттеулерге  ұқсамайды.  Себебі,  ол  өзінің 
пікірлері  мен тұжырымдарын,  деректерін  Ахметтен алған  жоқ,  әлгі белгісіз жайларды  халық  аузынан 
жазып алды. Ел аралады. Зәредей де болса деректің түбін қазды, соның шындығына жетуге тырысты, 
әндердің  табиғатын  ашты,  қалай  пайда  болған  тарихын  зерттеді,  іздеді,  табаны  тозды,  жүрді,  тау, 
дала, орман, тоғай, құмды жолдарды кезді. Әнші- сазгерлердің өмірлеріне, ән тағдырына, әндердің туу 
тарихына байланысты бұлдыр жайларды нақтылады, шындықты ашты, қолға ұстатқандай айқындады. 
Сөйтіп,  халық  алдына  көп  құпияларды  жайып  салды.  Илья  Жақанов  жиһанкез  композитор-жазушы. 
Бармаған  жері,  баспаған тауы жоқ:  республикамыздың  төрт  құбыласын  түгел  аралап,  іргедегі  Ресей, 
Қытай,  Моңғолия,  Иран,  Ауғанстан,  Түркия  қазақтары  атырабында  болмаған  жері  шамалы.  Илья 
Жақанов  ел  аралағанда  –  іздегені  өлең-жырлар;  осы  ұзақ  жылдар  бойы  зерттеулерінің  нәтижесінде 
қазақ  әндерінің  арғы-бергі  тарихын  қозғайтын  еңбектер  және  әлем  қазақтарынан  ғасырлар  бойы  ән 
жыр, қиссалар жинақтап, тиянақтап жұмыс жүргізіп келеді. Сондай-ақ Ильяның қырғыз, қазақ тілінде 
шыққан «Қайта оралған ән», «Хош бол, вальс», «Тау мен дала әндері» повестері де бар.  
Ильяның  әрі  эссе,  әрі  зерттеу,  әрі  теориялық  талдаулар  беретін  очерктері  көп  екенін  айтар 
болсақ,  олар  мыналар:  «Үшқара»,  «Топайкөк»,  «Иман  Жүсіп  әндерінің  тағдыры»,  «Ақшашақ»,  «Есіл 
өзен», «Жиырма бес», «Жүрек пернесінде» ,«Дударай», «Тәңірберген Молдабай», «Мен өзім Аманғали 
атанамын»,  «Таңжарбайдың  әні»,  «Махамбеттің  отты  әуені»,  «Қызыл  әнші»,  «Мәриям  туралы  ән», 
«Қойыстың  әні»,  «Балқадиша»,  «Жалмұқан-Ақтоқты»  және  тағы  басқалар.  Осы  шығармаларын 
оқығанымызда  алуан  әсерге  кенелеміз.  Біріншіден,  қызығамыз,  екіншіден,  жаңа  деректерге  тәнті 
боламыз,  үшіншіден,  сезімнің  мол  құшағында  қалып,  тебіренеміз,  осынша  тірнектеп  жинап  жазған 
авторды  жанымызбен  аялаймыз.  Бұлардың  бәрі  қазақ  өнеріндегі  құбылыстарды  өнерсүйер  халық 
жүрегінің түкпіріне жеткізуге қызметтену үшін, шабыттың қайнар бұлағында отырып жазған дүниелер 
деп  білеміз.  Қазақ  өнерінің  тарихына,  қазақ  музыкасының  тарихына  қосылған  үлес  деп  бағалаймыз. 
Ән  шежіресіндегі  кейбір  халық  санасында  ұялаған  ағат  орныққан  деректерден  тазартып,  дүние 
бағытқа сілтейтін соншама таңқаларлық мәнді және ғұламалық дәріс екендігіне шәк келтірмейміз. Осы 
айтылғандарды біраз мысалдармен дәлелдеп өтейік. Әр өнерсүйер қауым күні бүгінге дейін «Дударай» 
әнінің авторы Мария Жагорқызы Рекина деп келді. Мұның өзі халық арасында лақаппен тараған қате 
дерек екенін Илья тайға таңба басқандай етіп, елді ұйқыдан оятқандай селт еткізді . Бұл әнді Мария 
шығарды  дегенге  Марияның  өзі  таң-тамаша  қалған  көрінеді.  Тіпті,  оған  Қазақ  ҚСР-нің  еңбегі  сіңген 
әртісі  деп  атақ  бергеніне  де  таңданған.  Ал,  шынында,  бұл  әннің  сөзін  де,  музыкасын  да  шығарған 
өнерімен  бір  аймаққа  ғана  белгілі  болған,  бірақ,  барша  халыққа  аты  таралмаған  Үлебай  деген  адам 
екенін зерттеуші дәлелдеп берді. 
Ал,  бұл  оқиғаларды  бұрын  халық  білген  жоқ.  Олар  тарихтың  қойнауында,  заман  шаңының 
астында  қалған  шындықтар  еді.  Илья  бұл  шындықтарды  қатпарлы  жылдар  тереңінен  қазып  алып, 
халық санасына дұрыс бағыт сілтеді. Бұл зерттеуші тарапынан жасалған батыл әрекет еді. 
«Зәуреш»  әнінің  тарихына  байланысты  тағы  бір  шындық  бар.  «Зәуреш»  деген  Мұхиттың  әні 
екенін,  Зәуреш  деген  қыздың  ерте  өлгенін  жоқтаған  әкенің  зары  екенін  халық  білді.  Бірақ  ол  кімнің 
қызы  екенін,  қалай өлгенін, қайда жерленгенін, күйеуінің  кім  екенін  білмеді.  Ильяның  анықтауынша, 
Зәуреш Медет деген атақты ел биінің қызы екен. Оның үш әйелінен отыз ұлы болыпты, жалғыз қызы 
осы  Зәуреш  екен.  Ұлдары  елді  жайлаған  дерттен  қаза  тапқан.  Ұзатқан  қызы  да  дүние  салған.  Бұл 
оқиғалар  әкені  айықпас  қайғыға  душар  етеді.  «Зәуреш»  Медеттің  ұзақ  зары  қылып,  қайғылы  сазбен 
Мұхит шығарған ән. Ырғыз жерінде жатқан қызының бейітіне келіп айтқаны бұл зарлы ән бүкіл елге 
қайғының гимніндей боп тарады. Илья, тіпті, Зәуренің күйеуінің кім екенін де зерттеп білді. Оның ХІХ 
ғасырда  өмір  сүрген  қазақтың  ардақты  перзенттерінің  бірі  екенін,  Алтынсаринмен  замандас,  ұлы 
педагог идеясында қызмет еткен азамат екенін анықтады. 
Бұл  қызықты  деректер  халықты  таңғалдырды.  Ильяның  өнерді  зерттеудегі  жұмыстары  бұл 
айтылғандарымен шектелмейді. Батысқа көшіп келіп, халықпен терең сырласу мектебін ашқан ол ерте 

138 
 
кездегі уақыт уысында қалып, белгісіздікке ұштасқан талай халық композиторларын тұңғиықтан алып 
шығып,  жаңа  заманның  кәусар  ауасына  қандырып,  елдің  аялап  тұтар  дүниесіне  айналдырды. 
Аманғали,  Қызыл  әнші,  Қойыс,  Қисса,  Ажар,  Досат  сияқты  әнші  композиторлардың  «Аманғали  әні», 
«Қара  ат»,  «Босмойын»,  «Әмірхан»,  «Гүлжансары»,  «Сағындым,  Жайық»,  «Ауылым  Қызылқоға 
кемерінде»,  «Шандоз»,  «Қамшыгердің  әні»,  «Жаңғақ»  әндеріне  өмір  Илья  қолымен  сыйланып, 
Атыраудың  біртуар  әнші-өнерпазы  Қуанғали  Жұмалиевті  жарыққа  шығаруы,  елге  жариялауы  – 
ізденімпаздық, талмай зерттеушілік нәтижесі. 
Жазушылық  пен  журналистік.  Екеуін  бірдей  деуге  де  болмайды.  Алайда,  журналистік  әуелі 
басталып,  жазушылыққа  ұласып  кетушілік  күнделікті  өмірдегі  табиғи  құбылыс  екен.  Талайлар 
көсемсөзден  бастап,  оқырманды  үйірген  қаламын  сөз  зергерлігіне  ұластырғаны  белгілі.  Ильяның 
табиғаты  дәл  осыған  келеді.  Алайда,  бір  айтатын  жай,  екі  стихияның  мұхитында  еркін  қалықтай 
алатын қаламгер бұл шеберліктерін эфирде тоқайластырды. Ол шебердің шырқау биікке шыққандығы 
екендігіне ешкім таласпас. Бұған дәлел мол. Илья жасаған фильмдер мен радиоспектакльдер осының 
көрінісі.  Қазір  қазақ  теледидарының  гауһар  қорына  айналған  «Біржан  сал»,  «Ақан  сері»,  «Үкілі 
Ыбырай»,  «Естай  әнші»,  «Жаяу  Муса»,  «Мәди»,  «Майра»,  «Балуан  Шолақ»….  және  қазақ 
композиторлары  Мұқан  Төлебаев,  Ләтип  Хамиди,  Сыдық  Мұхамеджанов,  Қапан  Мусин,  Бақытжан 
Байқадамов  және  басқа  көптеген  сал-серілер  мен  музыка  шеберлерінің  шығармашылық  бейнелері; 
сонымен  бірге  «Шоқан  және  музыка»,  «Жамбыл  және  музыка»,  «Сәкен  және  музыка»  атты 
телесериалдар  және  «Доссор  вальсі»  мен  «Доссорда  шай  құяды  Гүлжансары»  фильмдері,  Штраус 
вальсі  мен  Бетховен  шығармашылығына  арналған  «Вальспен  қоштасу»,  «Айлы  соната»  атты 
музыкалық телеспектакльдер өнер саласындағы үлкен тарихи құндылықтарға айналды. 
Қазақ радиосындағы Біржан сал, Гете, Лермонтов, Бетховен, Шуберт, Абай жайында қойылған, 
«Бурабайдың баурайында», «Қараңғы түнде тау қалғып», халық әншісі Тоқбай және Шәкен Айманов 
жайлы  «Екі  жирен»,  Ақан  Серіге  арналған  «Балқадиша»  атты  радиоспектакльдер  эфирден  түспейтін 
інжу-маржандар  қатарына  қосылып,  олардың  авторы  Ильяның  мерейін  үстем  етумен  бірге,  халықты 
сүйіспеншілікке  бөлейді.  Ал,  «Ықылас»,  «Ақан  Сері  әндері»,  «Аманғали»,  «Құрманғазы»  атты  деректі 
фильмдердің  өзі  бір  төбе.  Бұл  айтылғандардың  бәрі  –  Ильяға  радиожурналист,  тележурналист, 
режиссер деген шеберлік қырларын да телуге болады деген сөз. 
Кезінде  Илья аға мен қосағы Тиышкүлді осы ән құдіреті табыстырған-ды. Ал бұл күнде ағаның 
басты қамқоршысы, күтушісі, редакторы, тіпті хатшысы да – жары Тиышкүл Алтайқызы. Тиышкүл апа 
қазірге  дейін  сазға  бөлене  мызғып,  сазға  тербеліп  оянады.  Жаңа  туған  шығарманың  тұңғыш 
тыңдарманы да, алғаш тұсауын үйде кесуші де көрінеді.  
«Қызыл  орамалды  шырайлым  менің»  повесі  өте  көркем  жазылған,  қайта-қайта  оқи  бергің 
келеді.  Мұндағы  Ілияс  –  албырт,  аңқау,  мінезі  дыз  етпе,  өзінің  бүкіл  бақытын  шайқап  алатын, 
байқамай  бәрін  бүлдіріп  алатын,  тағдырлы  жан.  Әселінен  көз  жазып  қалады.  Бүкіл  арманы,  аңсауы, 
құсасы Әсел болып қалады. 1965 жылы күзде «Әселім» әнін Ыстықкөлде жатып шығарды. Оған себеп, 
дәл сол кезде «Қайта оралған» деген повесін жазып, ең соңғы эпилогында Ыстықкөлді суреттеген еді. 
Оның тас-талқан болып  бүлініп,  тулап жатқан  сәтін  суреттеген. Ол  –  қырғыздың  екі көзі  жоқ,  соқыр 
музыкантының  тағдыры  болатын.  Міне,  сол  кітаптың  соңғы  эпилогы  оны  қазан  айында  Ыстықкөлге 
тағы  апарды.  Сол  сапардан  қайтарда  көлге  қарайды,  тау-тау  толқындар  жөңкіліп  келеді.  Сол  кезде 
«Қызыл  орамалды  шырайлым  менің»  повесіндегі  Ыстықкөлмен  қоштасатын  Ілияс  елестеген  көз 
алдына.  «Қош  бол,  Ыстықкөл,  қош  бол,  Әсел,  қош  енді  айтылмаған  әнім  менің»  дейді  кітаптың 
соңында.  «Әселім»  тура  осындай  сәтте,  кітаптың  соңғы  нүктесін  қоярда  туған.  «Сол  сапардан  кейін 
Алматыда  тамылжыған  жақсы,  жылы  күн  болды.  Екінші  ұлым  Данияр  бесікте.  Бір  демалыс  күні  күн 
шуақта  баламды  арбасымен  қыдыртып  жүргенмін.  Бір  кезде  балам  қыңқылдады.  Үйге  кіргіздім,  көзі 
қарақаттай, қоянның көжегіндей сүйкімді балам қолынан ұстасам, секіріп кетеді, төсекке секіріп мініп, 
ішегі  қата  күледі.  Баланың  қылығына  қызығып  отырып,  еліге  түскенім  сондай,  алдыма  ұстап 
отырғанымда «Асылым» деген ән келді» дейді автор. 
 Илья Жақанов туралы қанша айтса да тауысу қиын. Оның сегіз қырлы феномендігі туралы сөз 
жыраулардың талай толғауларындай, күйшілердің домбыра күмбіріндей төгіле береді. Бүгінгі күні кең-
байтақ  республикамыздың  о  шеті  мен  бұ  шетін  бүкіл  алты  Алашты  Илья  әндері  құшағына  алып, 
бауырына  қыса,  ғажайып  сазымен  баурауда.  Композитордың  өзі  елдің  қай  бұрышына,  қай  түкпіріне 
барса да, қай республикаға қадам басса да, оны бауырындай қабылдайды. 
 Илья Жақанов - батыс өңірінің ғана емес, бүтін қазақ елінің өнерінің, соның ішінде ән өнерінің 
тарихын зерттеп, зерделеп, кейінгі ұрпаққа мұра қылып қалдыруды мақсат етіп, ән өнерінің дамуына 
өлшеусіз үлес қосып жүрген тұлғаларымыздың бірі. 
 Бүгінгі  таңда  білімді  де,  білікті,  рухани  дүниесі  бай  толық  адам  қалыптастыруда  эстетикалық 
тәрбиенің  орны  бөлек.  Адам  жанын  байытып,  сұлулық  сыйлайтын  ән  тағдыры,  әннің  тарихы  туралы 
жазылған  бұрын  соңды  Ахмет Жұбановтан  кейін  болмаған.  Мұндай шығармалар қазақ  рухы мен  жан 
дүниесін алапат сезімге бөлеп, құнды дүние, мәңгілік мұра, рухани ырысымыз болып қала бермек. 

139 
 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет