ІІ ТАРАУ Корпоративтік бағалы қағаздар және
олардың сипаттамасы
2.1. Корпоративтік бағалы қағаздар түсінігі
Корпоративтік бағалы қағаздар деген эмитенттері акционерлік қоғамдар, кәсіпорындар және басқа да ұйымдық-құқықтық меншік формасындағы мекемелер, сондай-ақ банктер, инвестициялық компаниялар және қорлар болатын бағалы қағаздар. Корпоративтік бағалы қағаздар қарызды, үлесті және туынды бағалы қағаздар болып үшке бөлінеді.
Қарызды бағалы қағаздар - ол ақша қаражатын белгілі-бір мерзімге қолдануға алып, оны қайтарғанда қарыз қаражатын қолданғаны үшін алдын-ала келісілген процент түріндегі өсімақы төлеу қажет екендігін білдіретін құжат. Қарыз қатынастарынан туындайтын корпоративтік бағалы қағаздардың түрлеріне облигациялар мен вексельдер, банктердің депозиттік және жинақ сертификаттары жатады. Үлесті бағалы қағаздар акция түрінде шығарылады, оны ұстаушы акционерлік қоғам мүлкінің белгілі-бір үлесін иемденуге құқылы. Туынды бағалы қағаздар - ол базистік активтің (яғни осы бағалы қағаздың негізі болатын актив) бағасының өзгеруіне байланысты туындап, мүліктік құқықты білдіретін құжатсыз бағалы қағаз. Базистік активке тауарлар (астық, ет, мұнай, алтын, көмір және т.б.) және негізгі бағалы қағаздар (акция, облигация) жатады. Туынды бағалы қағаздардың түрлері: фьючерстік шарттар (тауарлы, валюталы, проценттік, индекстік және б.) және еркін айналыстағы опциондар.
Корпоративтік бағалы қағаздар:
акционерлік қоғам құрылғанда және акцияларды құрылтайшылар арасында орналастырғанда;
қоғамның жарғылық капиталының мөлшерін ұлғайтқанда;
облигациялар шығару арқылы қарыз капиталын тартқанда шығарылады.
Қалыпты жұмыс істеп тұрған қор нарығы негізгі екі нарықтан: негізінен кәсіпорындар мен банктердің акцияларынан тұратын корпоративтік бағалы қағаздар нарығы және мемлекеттік бағалы қағаздар нарығынан тұрады. Бұл нарықтар көптеген елдердегі тәрізді бір-біріне 1.2 арақатынасымен біркелкі дамуы тиіс. Алайда, қазіргі кезде Қазақстанда мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы қарқынды дамуда. Қазақстанда корпоративтік бағалы қағаздар нарығының баяу дамуының негізгі себептері - өндірістің құлдырауы және инфляцияның қарқындауы, сондай-ақ ірі отандық кәсіпорындардың акциясының бақылау бумаларын шетелдік баскарушы фирмаларға сатудың әсері. Соңғы айтылған фактіні практикалық тұрғыдан алғанда корпоративтік бағалы қағаздар нарығын қарқанды дамыту оның басқа нышандарын дамытуға қарағанда (мыс.Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігін құру, нарықты реттейтін құқықтық-нормативтік актілерді шығару және т.б.) маңыздырақ. Себебі ірі өндірістік кәсіпорындар тобының (олар көбінесе экономиканың өндіріп шығаратын секторындагы кәсіпорындар) бағалы қағаздары Қазақстан қор нарығының базасы болуы керек. Ондай кәсіпорындардың жоғары инвестициялық тартымдылығы өтімді әрі сенімді корпоративтік бағалы қағаздар шығаруға мүмкіндік береді.
Сайып келгенде корпоративтік бағалы қағаздар нарығын дамыту инвесторлардың бос қаражатын тартуға және оны ұтымды пайдалануға, сөйтіп шаруашылық салалары арасында қайта белуге, нәтижесінде ел экономикасын көтеруге қызмет етуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |