колл опционы - сатып алу шарты, онда опционның өзі сатып алынады.
Пут опционы - сату шарты, ол бағалы қағазбен бірге сатылады. Айта кететін жәйт, алғашқыда опциондық шарт тек қор нарығындағы акцияға қатысты болса, қазіргі кезде ондай шарт кез-келген активке жасалады.
Опционның негізі болған активтің екі бағасы болады: ағымдағы нарықтық баға, немесе спот бағасы және опционда көрсетілген оны орындау бағасы. Ал опционныц өз бағасы сыйақы деп аталады. Ол опционныц негізі болған активтің бағасы емес.
Құқықты бағалы қағаздардың келесі түрі - варрант. Варрант - ол өз иемденушісіне белгілі-бір қоғамның анықталған акция (немесе облигация) мөлшерін алдын-ала бекітілген бағамен алдағы мерзімде сатып алу құқығын беретін екінші қатардағы бағалы қағаз. Ол - қоғамның айналымдағы бағалы қағаздарына сатушының сатып алушыға меншік құқығын беретін міндеттемесі. Варрант иемденушісі қолындағы варрантты белгілі бір уақыт аралығында тұрақты бағамен онда белгіленген артықшылықты акциялар және облигациялар санына айырбастауға құқығы бар. Варрантты акцияға айырбастамай-ақ, қоғам оны өзіне сатып алып, жою мүмкіндігі де бар.
Варрант - ұзақ мерзімді бағалы қағаз. Ол 10 жылдан 30 жылға дейін, ал кейбіреуі мерзімі шектеусіз айналыста жүреді. Әдетте, оны қоғам облигациялармен және артықшылықты акциялармен қоса шығарады. Бұл, бір жағынан, бағалы қағаздарды алғашқы орналастырғанда тартымды (өтімді) етсе, екінші жағынан, қоғамның эмиссиялық шығындарын азайтады.
Варрант қоғамның басқа бағалы қағаздарымен қоса шығарылғаннан кейін, олардан бөлініп, өз алдына айналымға түседі. Ол туралы қоғамның жарғысында көрсетілген болуы керек. Варрант бөлінгеннен кейін негізгі бағалы қағаздың сатылу бағасы варрант бағасына кемиді. Екінші нарыққа түскесін варрант өзінің нарықтық курсына ие болады. Варрант бойынша сатып алынатын бағалы қағаздың бағасы варранттың орындалу бағасы деп аталады. Кейде варрантты негізгі бағалы қағазбен бірге ұсынады, ондай жағдайда олардың бағасын біріктіріп айтады.
Экономикалық мазмұны бойынша варрант сатып алу опционына ұқсас болғанымен одан бірсыпыра айырмашылықтары бар.
Біріншіден, варрант қоғам эмиссиялайтын (шығаратын) бағалы қағаз, ал опцион опциондық мәміле жасасудан туындаған шарт.
Екіншіден, варрант сан жағынан шығарылатын бағалы қағаздардың эмиссия мөлшеріне сай келсе, ал опциондық мәмілелердің керекті санын нарықтың тұтыну қажеттілігі анықтайды.
Үшіншіден, варранттар ұзақ мерзімге шығарылса, ал опциондық мәміле - ол, әдетте, қысқа мерзімді шарт.
Төртіншіден, варрант алғашқы иемденушіге ақысыз берілсе, ал опцион иесі опционды жаздырып алушыға (сатушыға) ол үшін сыйақы төлейді.
Сөйтіп, акцияға негізделіп шығарылған екінші қатардағы бағалы қағаздардың пайда болуы - ұлттық бағалы қағаздардың өз елінің шекарасынан шығуына байланысты, яғни әлемдік бағалы қағаздар нарығының пайда болу себептерінің бірі. Заңды немесе жеке тұлға шетелде орналасқан компанияның акциясын тікелей ала алмайтындықтан компания орналасқан мемлекетте депоненттелген (шығарылған) депозитарлық қолхатты қолдана алады.
Достарыңызбен бөлісу: |