13.3. Бағалы қағаздар нарығындағы клиринг және есеп айырысу
Биржа қызметінде клиринг және есеп айрысудың біртектес типтік жүйесі қалыптаспаған. Сондықтан клиринг және есеп айрысуды әрбір ірі биржа өзі ұйымдастырады. Оның бүкіл биржаларға бірдей жалпы белгілері болуымен бірге, кез-келген биржаның тек өзіне тән ерекшеліктері де бар. Одан басқа бағалы қағаздар нарығындағы клиринг және есеп айырысу фьючерстік шарттар нарығындағы клиринг және есеп айрысудан өзгеше болады.
Бағалы қағаздар нарығындағы есеп айырысу-клиринг процесінің ең басты ерекшелігі - сатылған бағалы қағаздарды оның алдыңғы иесінен басқа иесіне қайта тіркеудің қажеттігі. Есеп айырысу-клиринг уақытын, яғни мәмілені бекіту мен ол бойынша есеп айырысу уақытын әдетте есеп айырысу кезеңі деп атайды.
Қор нарығының инфрақұрылымы дамыған елдерде есеп айырысу кезеңі алдын ала бекітіледі. Дегенмен ол бағалы қағаздардың типіне байланысты өзгеруі мүмкін. Есеп айырысу күні мынадай формуламен анықталады.
Д = Т+n
мұнда: Т - мәмілені бекіткен күн;
n - есеп айырысу жүргізілетін күндер саны.
Мысалы, Англияда бағалы қағаздар бойынша есеп айырысу мерзімі 10 күн, облигациялар бойынша - 2, фьючерстік шарттар бойынша - 1 күн.
Есеп айырысу кезеңінде брокерлер бір жағынан өз клиенттерінен олар үшін сатып алынған акцияға ақша қаражатын алса, екінші жағынан сатылған бағалы қағаздарды немесе оларды алмастыратын құжаттарды (сертификаттар, куәліктер, трансферттік құжаттар және т.б.) алады.
Есеп айырысу күні сатушы-брокер Есеп айырысу палатасына бағалы қағаздарды береді де, олардың орнына Есеп айырысу палатасынан ақша қаражатын (мысалы, чек) алады. Сол кезде сатып алушы-брокер Есеп айырысу палатасына сатып алынған бағалы қағаздар үшін ақша қаражатын береді. Бірақ сатып алынған бағалы қағаздарды жаңа иесі депозитарийде қайта тіркеуге қажетті бірнеше күн өткеннен кейін ғана алады. Акция сатып алушыға акция бойынша дивиденд aлу құқығы оны сатып алу мәмілесі бекітілген кезде беріледі. Алайда, акция иесі өз құқығын оны шығарған акционерлік қоғамның акционерлерінің реестрінде акцияны тіркеген датадан бастап алады. Акционерлердің реестрін компания сайлаған тіркеуші жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |