Бақылау сұрақтары:
Клиринг және есеп айырысудың анықтамалары.
Клирингтің негізгі түрлерініц сипаттамасы.
Клирингтің принциптері.
Мәміле бойынша есеп айырысу кезіндегі тәуекел түрлеріне сипаттама.
Бағалы қағаздар нарығындағы клиринг және есеп айырысудың ерекшеліктері қандай?
Фьючерстік мәміледегі клирингтің ерекшеліктері
Клиринг және есеп айырысу жүйесін дамытудың міндеттері (бағыттары) қандай?
Осы міндеттерге жету жолындағы жүргізілетін іс-шаралар қандай?
XIV ТАРАУ Биржалық бағаны айқындау
14.1. Биржалық баға белгілеудің мәні және маңызы
Биржалық баға белгілеуде екі жақты көзқарас қалыптасқан:
Біріншісі, баға белгілеу - ол биржалық сауда кезінде бағаны айқындау процесі.
Екіншісі, баға белгілеу - ол биржалық сауда процесінде белгіленген баға туралы мәліметтерді өңдеу, оларды биржалық бюллетеньдерде жариялау үшін дайындау және саудага қатысушыларға көрсету.
Биржалық саудада бағаның белгіленуі - тіркелген сауда жүргізушілердің өзара қызметтерінің нәтижесі. Сөйтіп, биржа бағаның объективті қалыптасуына мүмкіндік жасап, тек оны айкындаумен шұғылданады.
Биржа бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуға түскен ұсыныс пен сұранысты шоғырландырып, ағымдағы сұраныс пен ұсыныстың ара-қатынасын анықтап, соның нәтижесінде уақытша және салыстырмалы тепе-теңдіктің көрінісі түрінде бағаны айқындайды. Бекітілген мәмілелер бойынша бағалы қағаздардың қолдан қолға өту бағасы оның бағамы деп аталады. Сондықтан биржалық бағам биржалық мәміле бекіткенде де және биржадан тыс айналымда да бағдар ретінде қолданылады.
Биржа туралы заңдар мен нормативтік актілер бағалы қағаздардың биржалық бағамын бекіту ережесін ұсынбайды. Баға белгілеудің негізі болып саналатын принциптерге байланысты баға белгілеуде әртүрлі әдістер қолданылуы мүмкін.
Әдетте биржалық бюллетеньдерде мәміле бағасының барлығын тіркемей, биржалық күні бойғы баға динамикасын толық сипаттайтын ең ақырғысын тіркейді. Ең ақырғы баға вертикаль және горизонталь тұрғысынан алынады, яғни биржалық күн бойғы жоғарғы және төменгі; сондай-ақ алғашкы минуттардағы және биржалық күн соңындағы қорытынды баға алынады.
Тіркелген мәмілелердің көрсеткіштері мен инвесторлардың мәлімдемелерін сараптап баға белгілеуші комиссия бағалы қағаздардың түрлері бойынша жоғарғы және төменгі ең ақырғы бағаны анықтайды. Әлемдік алдыңғы қатардағы биржаларда баға белгілеу қағазына енгізілген жабылу алдындағы баға немесе соңғы мәміле бағасы биржалық баға болып есептеледі. Биржалық баға көпшілік ақпарат құралдарында жарияланады.
Экономикасы дамыған Батыс елдерінің қор биржасында бағалы қағаздармен сауда автоматтандырылған жүйе арқылы жүргізіледі. Акция бағамының оның көрсетілген (номинал) құнынан көтерілуін лаж немесе ажио, ал бағамның көрсетілген құннан төмен ауытқуын дизажио деп атайды.
Достарыңызбен бөлісу: |