Несиелік тәуекел - ол клиринг және есеп айырысу процесінің бір буынында келісілген уақытта есеп айырыспаудан туындайтын тәуекел. Биржа нарығы және оның инфрақұрылымы дамыған жағдайда тәуекелдің бұл түрі сирек кездеседі. Алайда, брокердің көрсеткен қызметіне клиенттің сыйақы төлемеу қаупі тұрақты түрде болып тұрады.
Жүйелік (операциялық) тәуекел - ол компьютерлік және байланыс жүйелерін қолдануға байланысты болатын шығын тәуекелі. Мысалы, кенет электроэнергиядан ажырату, клиринг-есеп айырысу жүйесі қызметшілерінің жіберген қателері. Сондай-ақ, алаяқтық, бұзықтық, ұрлық және т.с.с. кездесетін келеңсіз жағдайлар да шығынға соқтырады.
Қазіргі кезде биржалық жүйелерді ұйымдастырушылар айтылған тәуекелдерді азайту жолдарын қарастыруда. Ең алдымен биржалық процеске қатысушылардың арасындағы бір-біріне деген сенімнің мықты болуы қажет. Өз әріптестерінің сенімін ақтамаған брокер, әдетте, келесі мәмілеге жіберілмейді. Мәміле ауызша да, жазбаша да бекітілетіндіктен саудаға қатысушылардың өзара қатынасындағы сенімді сөзінің маңызы зор. Сондықтан сенімділік жоғары болған сайын, биржалық айналым да көп болып, нәтижесінде пайда да артады.
Тәуекелді төмендетудің (минимизациялау) келесі жолы - биржалық делдалдар есебінен сақтандыру қорларын құру. Егер есеп айырысу процесінің бір бөлігінде төлем жүргізілмей қалса, онда төлемеу қаупін сақтандыру қорлары өзіне алады.
Қорыта айтқанда, клиринг - есеп айырысу технологиясын және оны ұйымдастыруды жетілдіру биржа ісін дамытуға көп әсер етеді. Клиринг және есеп айырысудың барлық процесін компьютерлендіру реквизиттерді тексеру мен құжаттарды рәсімдеуді жеделдетіп, ойда болмаған қателерден сақтандырады, ақпараттарды есептеп, сондай-ақ оларды сақтауды қамтамасыз етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |