Өзін өзі тексеруге және бақылауға арналған сұрақтар:
1. Мәдениет белгілер мен мәндер әлемі дегеніміз не?
2. Тіл – қарым-қатынас және мәдениетті таратушыдеп дәләлденіз.
3. Қазақ тілі және оның тұлғаның мәдени-этникалық бірегейленуіндегі рөлі.
Ұсынылатын әдебиеттер тізбесі
Ғабитов Т.Х., Затов Қ. «Қазақ мәдениетінің рухани кеңістігі». - Алматы: Раритет, 2013.
С. Г. Тер-Минасова Тіл және мәдениетаралық коммуникация [Мәтін] -Астана: 2018.
В. Фромкин, Р. Родман, Н. Хайамс Тіл біліміне кіріспе.- 10-бас. - Астана : 2018.
Дәріс3. Мәдениет семиотикасы
1. Мәдениетті зерттеулерге құрылымдық, семиотикалық ыңғайлар.
2. Ұлттық мәдениеттің мәдени кодының қайталанбайтындығы.
3. Мәдениет рәмізі түсінігі. Мәдениеттің негізгі рәміздері.
Дәріс мақсаты: Мәдениет таңбалық белгілер жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерімен таныстыру
Кілттік сөздер: таңба, белгілер жүйесі, тіл, мәдениет, салт – дәстүр, кино
Таңбалар жүйесі туралы ғылым, яғни семиотика – кез келген ауқымдағы гуманитарлық ізденістердің өзіндік ерекшеліктері айқын көрініс тапқан әрі бір ізге түсірілген ғылым. Жалпы, семиотиканы таңбалар жүйесі туралы ғылым деп білеміз. Семиотиктер бүкіл жаратылысы таңбалардың жиынтығы деп қарайды. Сөз де бір таңба, өмір де бір таңба, мәдениет, ауа, жер, ақиқат бәрі өз алдына бір таңба. Әлбетте, бұл ғылым жоқ жерден пайда болған жоқ. Көне ойшылдар мұның алғышарттарын сөз қылған болатын. Таңбаның табиғатын діни, сонымен қатар материалистік тұрғыдан қарастырған ғалымдар да болды. Алайда, бұл мәселені ғылым ретінде жүйеге түсірген ғалымдар қатарында Ч.Пирс, Ф.Соссюр, Ч.Морристерді атауға болады. Аталған ғалымдардан Лотман ізденісінің басты ерекшелігі ғалымның семиотиканы ең әуелі мәдени код ретінде, яғни мәтінге айналған мәдени қатынастар, ақпараттар ағыны ретінде қарастырған. Лотман мәдениет және тіл, мәдениет және мәтін, мәдениет және тарих, мәдениет және ақпарат, мәдениет және мәтін функциясы, мәтін мен тарих, мәтіннің тарихи заңдылықтары деген күрделі қарым-қатынастарды арнайы қарастырып, олардың түп негізін қозғайды. Таңбалар туралы ілімге деген қызығушылық ең алдымен ақпарат алмасу, ғылыми дискурс һәм мәдени таным тұрғысынан аса маңызды. Бүгінде біз мәдени, ұлттық, тарихи код туралы оның түпкі мәніне бойламай жиі сөз қозғаймыз.
Таңбалар туралы ілім – өнер мен өмірдің, ұлт пен мәдениеттің, тарих пен тіл білімінің, адам баласының ақпарат алмасу қағидаттарының мәнін тайға таңба басқандай түсіндіреді.
Ол біздің адами, мәдени, ұлттық санамыздың қамтитын шеңберлерімен тікелей байланысты.
Лотман кез келген ұлттың мәдени шекарасының маңыздылығына тоқталады. Әрі қарай ғалым ойын одан сайын тереңдетіп ұлттық мәдениеттің өзге мәдени қабаттармен қатынасын да тілге тиек етеді: «Бұл шекара семиотикадан тыс саладан баса көктеп кіретін басқыншылармен қиылысады, ал бұл басқыншылар баса көктеп кіргені былай тұрсын, өзімен бірге динамикасын ала келеді, кеңістікті түрлендіріп жібереді, әйтсе де кеңістік заңдары бойынша өздері де түрленеді. Сонымен бірге семиотикалық кеңістік өзінен мәдениеттің тұтас қабаттарын ұдайы шығарып тастап отырады. Бұл қабаттар мәдениеттің шегінен тысқары түзілім топтарын жасайды да, мәдениетке мүлдем ұмыт болып, жаңа қабат ретінде қайта кіру үшін, өз уақытын күтіп отырады. Семиотикадан тыс саламен ауыс-түйіс динамиканың таусылмас қорын қалыптастырады».
2. Ұлттық код – ең алдымен, тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызды, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетте. Қазақ баласының тағылымы мол тарихында мәдени-рухани болмысы ізгілікпен әдіптеліп, қарапайымдылықпен шыңдалып, парасатпен шырайланған. Ұлттық кодымызда ізгілік, адалдық, перзенттік инабаттылық, адамгершілік, парыз, этикет, ақыл-парасаттылық кеңінен өрістеген, молынан қамтылған. Ұлттық кодта парыз бен әділдік қатар сомдалып, Ж. Баласағұни, М. Қашқари, А. Иасауи, Абай мен Шаһкәрім, Ақымет пен Әлихан, Мағжан мен Міржақып шығармашылығы арқылы халыққа дәріптелген, астары мен арқауы мықты оралымды сөз өрнегімен, ұғынықты тілмен өрілген. Қазақтың ұлттық кодында әділдік тұжырымдамасы ежелгі дәуірден бастап жинақталып, туыстығы жоқ үлкенге деген сыйластық болып танылған. Сыйластық пен ізгілік, ізеттілік пен имандылық қазір енді этикетке айналған тұста, осы ұлттық кодты дамыта отырып, рухани мәдениетімізді жаңғыртуымыз қажет. Ұлттық кодымызда ұят категориясы бар. Бесіктен белі шықпаған баладан бастап, ұят боладыны айтып өсірген ата-ана баласын жақсылық пен жауыздықтың бөлінетінін айтып, мінезін қалыптастырады. Жауыздықпен күрес пен жақсылықты дәріптеу коды қазіргі мораль мен өнегелік категориясын дамыта түседі. Ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың кемелдене дамуын Елбасымыз үлкен мәселе етіп көтеріп, екі қырын атап көрсетеді: ұлттық сананың көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қатерінің» де бар екенін ескертеді.
Елбасымыз ескертіп отырғандай, қазақ білім жүйесінің өзінің дербес даму үлгісі жасалуы қажет. Ол ұлттық сананы, ұлттық рухты асқақтатып, жастардың бойындағы ұлттық сананың кемелденуіне жетелеуі тиіс. Н. Ә. Назарбаевтың «ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» деуінің мәнісін терең түсіну абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |