Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



Pdf көрінісі
бет14/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

НҰРГҮН БАТЫРДЫҢ СӨЗІ
Ай, жарандар, жарандар, 
Тыңдаңдар да қараңдар. 
Күн сəулетті ұлысым, 
Айыыны қорғар не амал бар?
Ақырғы сəтім таянды, 
Жауыздар білмес аяуды.
Қайғыға жүзім боялды, 
Жерімді жаулап жау алды.
Түбінен сынды тірегім, 
Адыра қалды тілегім, 
Салдырып бітті білегім, 
Қалтырап кетті жүрегім, 
Таусылды-ау дəмім, білемін!
Қанішер залым басынды, 
Қулығын менен асырды, 
Апанға алдап түсіріп, 
Жұтатын болды басымды.
Тебінгім текке шіріді,
«Темірдей күнім құрыды, 
Тұйыққа тығып қармады-ау, 
Құтқармай жаудың құрығы.

324
Көңілді жайлап уайым тұр, 
Дұшпанның көрі дайын тұр, 
Құтқаршы мына пəледен, 
Апатайым, Айыы Умсуур!
Бір əкеден тумап па ек, 
Бір шешеден тумап па ек, 
Есіңе алшы сен мені, 
Бір арманды қумап па ек!
Бейқамдықтан сорладым,
Бұлқынамын,
Тордамын.
Басыма күн туды ғой,
Болшы, апатай, қорғаным! 
Наталья ХАРЛАМПЬЕВА
АСЫҒЫСПЫЗ
Сəуірде сулар сəл неге 
Сықырлап, сеңі бөлінсе, 
Айтпақшы болып əлде не, 
Тырысқаны ғой өзінше, 
Айта алмай, бірақ тынғаны-ай, 
Кеттік-ау біз де тыңдамай, – 
Асығыспыз!
Қауызын жарған қызғалдақ, 
Шуаққа шомып түрлене, 
Сыбырлап қана бізге арнап, 
Айтпақшы болар бірдеңе, 
Алайда сасып, тызақтап, 
Кетеміз гүлден біз аттап, – 
Асығыспыз!

325
Өзіміз алған жоғалтып,
Ескі дос келіп тағы да, 
Ескі достыққа қол артып, 
Жасаса жаңа базына, 
Тыңдамаймыз біз оны да, 
Құлақ аспаймыз назына, – 
Асығыспыз!
Аңсаған асыл арманға, 
Қолымыз жетпей қалғанда, 
Құса боп оған не етеміз, 
Ұмытып тез-ақ кетеміз, 
Уақыттың өзі «сөйт» деді, 
Асығыспыз ғой өйткені, 
Асығыспыз, 
Асығыспыз, 
Асығыспыз!
ТҮС
Бұл өзі неткен күй еді? 
Көремін ылғи түсімде, 
Құлынын ерткен биені 
Жайқалған шалғын ішінде.
Кісінеп бие жай ғана, 
Құлынға қарай ойысар. 
Шапқылап құлын айнала,
Желінге келе жабысар.
Оянып сосын жүремін, 
Қызғаныш бойға толғандай, 
Өзімнен басқа біреудің 
Бағына куə болғандай.

326
РОМАНСҚА ЕЛІКТЕУ
Терезеңді аш.
Арайлап,
Таң атты міне кəдімгі. 
Күлімдеп көзі бар аймақ, 
Қараңғылықтан арылды.
Үлгірмей жатып сырласып, 
Барлығы бірден өзгермес, 
Қамыға берме құр жасып, 
Сандалтпай қыздар сөз бермес.
Қолымнан келсе көрмек ем, 
Сыр тартып сенен оңаша. 
Үлкенсің біраз сен менен, 
Ойнайын десем балаша.
Терезеңді аш.
Таң атты.
Шырақты таста өшіріп,
Жаңғыртып бүкіл алапты,
Күлейік енді қосылып.
КҮЗГI ЖАҢБЫР
Күзгi жаңбырлар
кешеу жаңбырлар кешiккен,
байқатпай келiп,
қағады тырс-тырс есiктен.
Күзгi жаңбырлар
жып-жылы болып құйылып
тұрғанда,
дала жатады қалғып, бұйығып.

327
Күзгi жаңбырлар 
жуас жаңбырлар,
япырым-ау, 
келесi көктем 
жайында сөйлеп жатыр ма-ау?
Күзгi жаңбырда – 
сезiмдi, ойды шарпыған 
болады екен 
шаттыққа толы жарқын əн!
ХАТ КЕЛМЕДI
Келмедi тағы хат маған, 
Кiнəлаудың да өзi айып, 
қарбалас iстен қаптаған 
уақытың жүр-ау азайып.
Күн сайын таңды-таңға ұрып 
құйындай ұшам өзiм де.
Мұрша жоқ, сенi сағынып 
берiлер едiм сезiмге.
Қайсы бiр сəтте
ал, ендi!
толастап бар iс жағалай. 
Тыныштық басар əлемдi 
құлаққа ұрған танадай.
Сондайда, тiптi, көз iлмен, 
ашылар жүрек жарасы:
бүгiн де мiне, өзiңнен
хат келмей қойды, қарашы...

328
* * *
Сүйiктiм,
жеңесiң сен бəрiн дағы 
қателiк,
əлсiздiктi бойыңдағы. 
Бiлесiң өз үлесiң,
ертеңiңдi,
алдыңда сайрап жатыр жолың да əнi.
Дегенмен,
жататұғын түйдектелiп 
серпiлген күйбеңдi бiр күндi өткерiп, 
Сен сонда менi еске алып,
сенделерсiң, 
сезiмiң бiр шаттық, бір
мұң боп келiп.
Кепiлмiн бiр күйiп,
бiр тоңбағыңа,
мен жайлы ойыңа құл болмағыңа,
түседi-ау сол ойлардың көлеңкесi 
келешек сенiң жарқын жолдарыңа...
Сүйiктiм,
жеңесiң сен бəрiн дағы 
қателiк,
əлсiздiктi бойыңдағы. 
Бiлесiң өз үлесiң,
ертеңiңдi 
алдыңда сайрап жатыр жолың да əнi.

329
АЛЖИР ПОЭЗИЯСЫНАН
Жамал АМРАНИ 
ЖЕР
Өкiнiшi удай ащы төзiмнiң
Түнек толы тағдырымның түбiнен
Тағы, тағы тапқаным
Тылсым сəуле – сұлу жүзi диқанның.
Отарланған қара түннен тапқаным
Заманалар қыртысына тығылған
Сұлу жүзi диқанның.
Кеше ғана азап шеккен аптаптан,
Сүт аралас қан менен кiр баттасқан.
Қара жердi сабасына түсiрдi,
Бүгiн мiне шаруалардың қолдары,
Алып аспан сыйлайды оған құдiрет.
Арқасында жұмыстың, əн салады адамдар:
Жердiң зiлдей жұпарын, таңсəрiнiң тұманын,
Көкке ұмтылған шыңдар мен
Шексiз дала  кеңiстiгiн кеудесiне жинап ап.
Жүрек тулап шаттықтан, шүпiлдейдi күлкiге
Кеше тойда тер басқанша би биледi диқандар
Сардар күннiң сары найзасы астында.
Лашықтың тесiгiнен сығалайды сəулелер,
Биiк ұстап бастарын, шоқтай жайнап көздерi
Еңсесiн ел көтердi.
Үнсiздiктiң ескi елесiн өртеген
Жалынына өмiрдiң
Суарылған ендi олардың жандары
Күйiгi көп жылдардың қиуазы болар бұл.
Аштық, ауру, қайғыдан,
Қабарып, жүдеп, өзгерiп кеткен өңдер-ай,

330
Күз жасының лапылдаған алауындай өңдер-ай,
Қоршаулардың тiкенектi сымдарын
Көрсетпей өскен көк шалғын сынды өңдер-ай.
Бар дауыспен жар салды жұрт «Үмiт!» деп,
Беу, жыршылар, нұрға толы болашақты жырлаңдар!
Асқақ елiм!
Түрегел де байлығыңды көр мiне!
Көр өзiңнiң бейнетiңнiң зейнетiн,
Өз еркiңнен жаратылған ырысыңды көр мiне!
Күшiң сенiң барлық мəннiң шын мəнiне айналды, 
Ақыл-ойдың дəнiн ендi өлтiре алмас ештеңе. 
Бүгiн мiне басылған соң қара дауыл, 
Қайырымсыз құйындар
Қайта-қайта жаңғырықсын қуатты үн:
«Жабыс жерге, өңде, терле, 
Күн сеп жерге өмiр нұрын шашатын!»
Көрiп тұрмын асқақ жанның 
Топыраққа терең сiңген тамырын, 
Көрiп тұрмын күштi қолын 
Тың қыртысын қопарған.
Сөз бар менде,
Кiлт бар менiң қолымда.
Ерлiгiңдi, еңбегiңдi сендердiң
Ашатын да, əйгiлейтiн əлемге.
Уа, нұрлы түн! Ақ жүрегi əлемнiң! 
Қабырғаға қамалсам да, 
Тас бұғауға таңылсам да 
Үмiтiмдi үзбеймiн.
Уа, қаншама тiлсiз түстер
Адам көрген азаптар.
Уа, қаншама ұяң əндер, қасiрет пен күш-қайрат

331
Жаратылған жаңа күннiң нұрынан,
Алмас шалғы астында.
Ғұмырларыңмен сендердiң
Жалғанды түгел жарқырататын шақ туды!
Үмiтсiңдер сан қырлы.
Дүниенi серпiлдiрер, сергiтер,
Шексiздiкке жол ашар, бар еңбектi жандырар
Үмiтсiңдер кемелденген, толысқан.
Сендер –
Таудан дүркiреген тас көшкiнi сияқты
Тас-талқан қып талқандаған самарқаулық мұздарын 
Дүмеп соққан дауылсыңдар,
Келешектiң күндерi мен 
Жердегi бар ырыстың 
Тұқымдарын тараттыңдар дүниеге.
Бөгделiктi бiлмейтiн бұл өңiрде, 
Исi аңқыған шөп маяның түбiнен, 
Шынжырлардың шықырынан, 
Құрғақ iнжiр жұпарынан, 
Боз теректiң шуылынан, 
Бұтақтардың аясынан, 
Жылынам да сая табам бүгiн мен.
Қайта-қайта жер жаңғыртып қуатты үн 
Шақырады, шақырады толассыз: 
Барлық мəннiң нағыз мəнi болуға, 
Тiршiлiктiң гүлдеуiне ұйтқы боп, 
Шөлi қанбас құштарлықты мадақтауға 
   
 
 
 
мəңгiлiк
Ай нұрымен астасып бiр жатсыншы.
Сүт жарқылы, жердiң ыстық бояуы.
Өкiнiшi удай ащы төзiмнiң
Түнек толы тағдырымның түбiнен
Тағы, тағы тапқаным, –
Тылсым сəуле – сұлу жүзi диқанның.

332
Əбу əл-Қасым СААДАЛЛА
ҚАРА ҚАҒАЗ
(Таудан келген хат)
Сол хатты сен сабырмен оқып едiң,
Кеттi бiрден қуарып от реңiң.
Жер-дүние теңселiп, шанши бердi
Бейне ине сұққандай көкiрегiң.
Найзағайы соғыстың ұрып өтiп,
Қойдан қоңыр тiрлiктiң нұры кетiп,
Орнап өлi тыныштық от басына
Құлазыдың ерiнiң  күбiр етiп.
 
Қос тiзеңдi құшақтап сен опынып, 
Табалдырық түбiне кеп отырып, 
Күбiрлейсiң: «Ол – тiрi, тiрi, тiрi, 
Мүмкiн емес өлуi, бəрi өтiрiк!
Бекер үмiт үзудiң керегi жоқ, 
Қырық жыл қырғын болса да келедi...» – деп.  
Сонда бұған жарыңның жауабын да 
Естiгендей боласың ерегiрек:
«Сүйiктiм-ау, күн бекер күркiремес, 
Сенiң сүйген ерiнiң – бұл күн елес. 
Тау жолымен шығандап өрлеп кеттiм, 
Оралуым бұл жолдан мүмкiн емес.
Басымдағы ағаштар бiлдi немдi, 
Жұлдыз қойды төбеме нұрлы белгi. 
Жер бетiнде жатқан бiр тас едiм мен, 
Мəңгiлiкке қойнына кiрдiм ендi.
Мен сенемiн, ғұмырым жалғасады, 
Уақыттың адымы алға асады. 
Дəнге ұқсап жүрегiм өнiп шығып, 
Гүлге айналып тiрлiкке сəн қосады».

333
Катеб ЯСИН
ОТ БАСЫНДАҒЫ БИ
Бiз билеймiз,
Отты айнала,
Көздерiмiз шоқтай жана,
Жауынгерлiк басамыз биiмiзге.
Ештеңе жоқ өзге мiне,
Қыздың сұлу көздерi де,
Құдық та жоқ, жоқ мұнда үйiмiз де.
Тауға бiткен балқарағай,
Еңкеймей де,
Шалқаламай,
Тiп-тiк күйi тұр бiздi бағып қалып.
Бiз билеймiз отты айнала,
Көздерiмiз шоқтай жана
Кектi биiн Алжирдiң шабыттанып.
От-жалыннан, сiрə, мына
Ертеңгi күн туады да,
Жаманшылық бетiнен баса бастар.
Қылмыс бiткен құрып қалар,
Жалғандық та шiрiп болар,
Ескi жұртта жайқалар жас ағаштар.
Жастық шағым – гүл кезеңiм,
Сайрандаймын,
Қыр кеземiн,
Қызғалдағы жайнап тұр көктемiмнiң.
Жастық шағым – бөспе күнiм,
Ұмытылмас естелiгiм...
Əн салады есiгi мектебiмнiң.

334
Темiр таға саптама етiк,
Қызғалдақты таптап өтiп,
Шырылдаған жанымды шоқ қарыған.
Мектептегi есiк сорлы,
Шұрық-шұрық тесiк болды
Мылтықтардың қорғасын оқтарынан.
Төксiн, мейлi, аспан – қайғы, 
Көзiмiзден жас тамбайды, 
Мызғымастан, мiнеки, тұрмыз бiздер.
Жадырайтын шақ та болар... 
Көзiмiзде от қана бар, 
Мызғымастан, мiнеки, тұрмыз бiздер.
Жанардағы жiгер отым,
Жауларды өртеп жiберетiн,
Күлiн күкке ұшырып аямайтын.
Жолдастарға нұрын бұрар,
Жақын тартып,
 
 
жылындырар,
Мейiрiмiн төгетiн, аялайтын.
Түнгi аспанды тiлiп өтiп,
Бiрi келiп, бiрi кетiп,
Оқтар мiне ысқырып, зырқырайды.
Ал бiздердiң жанымызда,
Жүрегiмiз, қанымызда:
«Алжир!» деген жалғыз сөз шырқырайды.
Алжир!
От боп лапылдайсың, 
Жанартау боп атылғайсың, 
Мұратына жетедi қайрат қылған.

335
Жанартаудай бiр атылар, 
Кедейлердiң қуаты бар, 
Лавадай тереңде қайнап тұрған.
Шаттығы жоқ сұр күндердi, 
Сатқыны көп тұл түндердi, 
Өзгертуде таңдары азаттықтың.
Құлдықтар мен қорлықтарды, 
Мазақтар мен зорлықтарды 
Өзгертуде заңдары азаттықтың.
Өртке күйген егiндер мен. 
Қан төгiлген үңiрлермен, 
Келемiз бiз айқасып бiлегiмiз.
Жеңiс бiздiң жолымызда,
Қару дайын қолымызда,
Келер күн деп соғады жүрегiмiз! 
ОҢТҮСТІК АФРИКА ПОЭЗИЯСЫНАН
Уильям ПЛУМЕР
ЙОХАННЕСБУРГ
Сексен бесте, Рандта жанталасып, 
Ақыл-естен айрылып, анталасып, 
Безек қағып бiреулер байып алып, 
Жатты үйiнде шалқытып, шалқаласып.
Шампанменен ваннада алтын шайған, 
Бiлсiн олар өмiрдiң нарқын қайдан? 
Үлде менен бүлдеге оранып ап 
Жалықпастан салады əр күн сайран.

Бiреулерi карта ойнап, жұртты алдады, 
Асық ойнап басқасы сырт қалмады. 
Шашып-төгіп ал бірі сайқалдарға 
Осы өңiрдiң алтыны құртқандары.
Ақсақалдар түктi де ұмытпайды, 
Зердесiнде күп жайды құлыптайды. 
Жас дəуренiн дандайси есiне алып, 
Өздерiне титтей шаң жуытпайды.
Жұлдыздардың шапқылап арасында, 
Жаратқанмен жүрiптi жарасымда. 
Тағдырларын бұғы мен зұлыстардың 
Топас мылтық шешiптi, 
Нанасың ба?
Сендер, сонау алдыңғы лектегi, 
Өркениеттiң сүйенiш, тiректерi, 
Сұғанақтар, сұрқия, сұмпайылар – 
Дүниенi тұрғандар тiреп, тегi.
Алтын кiргiш түсiне, тыраш тұлға,
Жорытпа да, құр бекер сұрастырма:
Қайнар көзi сарқылған алтын құм да,
Ұмытылып қалды ғой құм астында.

337
МЕНМЕННIҢ МЕНСIНБЕУI
Ақ  түстi  оңтүстiкафрикалықтар  өздерiн  ерекшелеп – 
«еуропалықпыз»  деп,  ал  қара  түстi  оңтүстiкафрикалық-
тарды «еуропалық еместер» деп атайды. «Егерде кiмде-кiм 
менен қай елден келдiң деп сұрай қалса, – дейдi қара түстi 
оңтүстiкафрикалық маған. – «Еуропа емес елден келдiм», – 
деп жауап беруге тура келедi». Ол өзiне паспорт сұрағанда 
да үзiлдi-кесiлдi қарсылыққа тап болады. «Отаныңды тас-
тап  кетуiңе  рұқсат,  бiрақ  қайтып  оралуыңа  рұқсат  бере 
алмаймыз», – дестi оған... 
Тiл қажет пе?
Жауабын бере кетем:
Бiзде барды бiлуге керек емес,
Бiзде жоқты бiлуге керек екен.
Паспорттан да айрылып сорлағансың,
Түрiң сенiң қара емес болмағансың.
Оралуға елiңе рұқсат емес,
Шетке шықсаң қайта алмай қор боласың.
Тiрi еместi – бiз болсақ, өлген деймiз.
Тоқ еместi – аштыққа көнген деймiз,
Сен өлi емес, тiрiсiң, сондықтан да,
Кəсiбiңе бəрiбiр мəн бермеймiз.
АҚ ҚОЛҒАП
Орыстың романын оқығанда,
Осынау Трансвааль даласынан, 
аспанның ақ шынысы арасынан, 
жақындар маған қарай шоқылар да, 
көрiнер Россия көзiме мың, 
сол елмен бiр жақындық сезiнемiн 
таңырқап қара сөзге отырам да.

338
Сымбаты сұқтандырар асыл айды 
қара қыз тағдырына жасымайды, 
ақ өңдi мен сияқты мырзалардың 
кiрiн жуып, тамағын асырайды, 
қара қыз бiлiптi өз сұлулығын, 
мен бiлсем, бiрақ та ол басыбайлы.
Ал бүгiн, жарты ғасыр өткен шақта, 
зымырап заманалар кеткен шақта, 
қараймын қолтаңбасы қайталанбас, 
тұсынан Толстойдың жеткен хатқа, 
баяғы басыбайлы Ресейдiң 
аптабы тағы бiздi өпкен жоқ па?
Жанады саяжайда күн нұрланып, 
бокалда мұз күледi сыңғыр қағып, 
қауымға табақ тартқан қара қолға 
жараспай ақ қолғап қол тұр бұлданып. 
Келедi тойға асығып машиналар, 
Шетте тұр шаруалар – тұнжыр халық.
Көрiнiс Қазан жаққа ауысқанда, 
қар басқан шақырымдар жарысқанда, 
тiлдесiп французша, тонға оранып, 
алдынан шанамыздың қар ұшқанда, 
шегiнiп шаруалар жол бередi,
тойға келе жатқанда таныс маңға.
Кездесер тiптi басқа бiр қара қыз,
балғадай аяқ-қолы бұл да нағыз,
қанша жыл қайырылмай өтсе дағы,
жасымай тағдырына жүр, – қараңыз:
бұл жерде барын салып баққанымен
бермейдi баяғыша құлға маңыз.
Бұл хатта құлдар ешбiр сөз болмаған,
олардың мұң-мұқтажы қозғалмаған,

339
банкирдiң қалыңдығы жəне бiр үй,
сатылған шаттық жайлы жазған маған,
осында қоғамның тұр айналымы,
жамырай мансапқа қол созған жаран.
Мансапқа қол созудың жемiсi – бал,
хақың бар, шамаң да бар, келiсiп ал.
Жапанда жалғыз жүзген бұл дүниенiң
қолайлы əйбат əппақ терiсi бар!
Қара қол тығылыпты сол терiге,
шешер ол ақ қолғапты ертеңiне,
арналған ақ өңдiге құтхананы
ашады қара қолмен серпе мiне,
айнадан құлды көрер
сонда өзiмен
кездесуге тиiстi ертегiде.
АНА ҚАСIРЕТI
Сап-сары құмды алаңда 
Ауылға жақын жердегi, 
Азанмен елең-алаңда, 
Анасы қызын жерледi.
Қанатын кеттi күйретiп, 
Дүние қара жамылып. 
Сүлдесiн қалды сүйретiп, 
Қарт ана қатты қамығып.
Қайғыдан жаны мұздады, 
Қайтарар қызын кiм оған? 
Көрiсiп құрбы қыздары, 
Зарлап та жоқтап жылаған.
Көңiлдес досы күрсiнiп, 
Күңiренiп, қимай жүр əлi. 

340
Күнi ертең, бiрақ тiршiлiк 
Қайғысын ұмыттырады.
Ұмытар бəлкiм күнi ертең 
Ганнаны барлық құрбысы. 
Ұмытпай бiрақ күнелтер, 
Сарғайып сонда бiр кiсi.
Емдемес уақыт жарасын, 
Қартаяр, бойдан əл таяр. 
Жүрегiне орап наласын, 
Қызымен қатар жантаяр.
АЛҒАШҚЫ ТАНЫСУ
Жадымда сол түн, жадымда, 
Сағатты сол бiр ұмытпан. 
Бұлбұлдар саябағында, 
Махаббат жырын құбылтқан.
Ай туып əппақ құймақтай, 
Бозарта қалды тас түндi. 
Көлеңке көшiп тiл қатпай, 
Жасмин менi мас қылды.
Кезiмде сол бiр толқулы, 
Сұстанып үйге енiп ең. 
Əбiгер болып, сол түндi 
Өткiзiп едiң менiмен.
Көтертiп қолды, қуырып, 
Келе сап қабақ шыттың сен. 
Қалтамды түгел суырып, 
Тiнткiлеп қарап шықтың сен.
Ақтарып шықтың барымды, 
Мен ешбiр қарсыласпадым. 

341
Қопсытып қағаздарымды, 
Табалдырыққа тастадың.
Асықша менi иiрдiң, 
Өңiңде – ыза, қатал кек.
Кенеттен маған бұйырдың:
«Паспортың бар ма, əкел», – деп.
Кiтаптарымды бiр көрiп,
Портфельге сықап тастадың.
Етене танысқың келiп,
Протокол жаза бастадың.
ЖАСТЫҚ
Жалыным, жайсаң жастығым,
Ұлғайттың жанның жарасын –
Көктемдей нұрға мас күнiм,
Қызара бөртiп барасың!
Пəк арман, таза ой кентi, –
Қай күйде, қайсы жайдасың?
Бейкүнə жүрек перзентi,
Қапалымысың, қайдасың?
Аспанның асты тарылып,
Тамұқтан тұра қашқанмын –
Қасiрет, мұңнан арылып,
Жатсынбай бауыр басқанмын.
Күн болған түнде-түнекте,
Қайдасың жұлдыз – жарығым?
Құдайдай күштi құдiретке
Теңеймiн сенi əлi күн!
Көзмайын көктiң талдырып,
Қайдасың, жанып тұрмысың?..

342
Ұясын қысқа қалдырып,
Қайырылмай кеткен жыл құсым...
Жалыным, жайсаң жастығым,
Ұлғайттың жанның жарасын.
Ататын таңдай ағарып,
Адасқан айға панасың!..
ОҢТҮСТІК КОРЕЯ ПОЭЗИЯСЫНАН
Чве Донг Хо
ШАҚПАҚ ТАС
Қап-қараңғы, керең түнде,
Жырларымды берем кімге –
От шығатын тас сияқты,
Түнді тіліп аққан жұлдыз,
Көзден аққан жас сияқты.
ЖАТ ЖЕРДЕГІ ЖАРАН
Алыс ел, жат қалада бұрқыраған мұз-қары,
Таңсəрінің ызғары.
Қонақ үйдің қуысы,
Кісінің кетіп күйісі,
Ауыздан атқан аппақ бу,
Тымырайған тар көше,
Ыстық нанның иісі...

343
ДОНГ АН ДОНГ БАЗАРЫНДАҒЫ КЕМПІР
Донг Ан Лонг базары босағасында
Əрбір таңда, көруші едім жасымда,
Бір кемпір жуа аршитын.
Жыл он екі ай бір көтермей басын да,
Бір кемпір жуа аршитын.
Шаруасы жоқ басқада,
Əлем қандай, ел нендей?
Бұл дүниеге тек қана
Жуа аршуға келгендей.
Куəмін:
Дəл көкөніс дүкенінің түбінде
Ақ қабығын аршитын ол жуаның,
Құдайдың құтты күнінде.
Байқамастан ешкімді,
Басын алмай шұқшиып,
Кəрі белі бүкшиіп,
Кемпір жуа аршитын,
Қай-қашан да тұқшиып.
Бірде ол басын көтеріп,
Естіп бөгде шуылды,
Көріп қалды бұрқырап
Бара жатқан құйынды.
Топырақ жұққан қолымен
Шашын түзеп тұр ана.
Ұқсас еді шашы оның
Жақсы аршылған жуаға.
Сол кемпірдің кіп-кішкентай,
Бір ақ уыс бетінен
Өз анамның жүзін көрдім, 
Тастай берік бекіген...

344
Ким Джи Ха
ҚАНБАЙТЫН ШӨЛ
Таңсəріде, бір бұрышта,
Атыңды сенің жазамын – демократия...
Менің зердем сені есінде сақтамапты, дұрыс па?
Менің адымым да сені баяғыда, тіпті ертеде ұмытқан,
Шықпағасын құлыптан...
Дегенмен мені үміттің жалғыз сəулесі ғана шақырды
Кеудедегі шөлді еске алып,
Жазады жасырын сенің атыңды – демократия...
Бір көшенің бұрышы, күн шықпаған, түн іші,
Топырлаған аяқтардың жүрісі,
Есік қаққан дыбысы,
Жəне бір əлдекімнің ышқынысы шалынар.
Сол дауыста ыңырсу, жылау, күрсініс те бəрі бар...
Менің түкпірімде сақтаулы жүрген сенің салқар атың үшін,
Сенің жалғыз есіміңдегі салтанатың үшін,
Өтіп бара жатқан өмірдің өксік əнін.
Нағыз көгілдір бостандықтың жеңсік дəмін,
Күшпен айдап əкетілген достарымның қан-қан түрін еске  
 
 
 
 
 
 
 
алып,
Көкірегім толқып, қолым дірілдейді, дүниеден кеш қалып.
Сылдыраған кекпен тақтаға
Қалтылдап бормен жазып құрағанмын сенің атыңды.
Сен келмейді дегенге мен сенбеймін!
Демімді ішке тартып, кемсеңдеймін,
Сөйтіп, байқатпастан шығарамын сенің атыңды,
Қанбайтын шөлмен!
Қанбайтын шөлмен!
Демократия жеңеді!

345
СЕУЛГЕ САПАР
Барамын, жылама, барамын...
Белінен басып ақ пен қараның,
Қарамай аңқамда кеберсіген асуға,
Сабылып шөлде Сеулге кетіп барамын
өзімді-өзім сатуға, міне, қарағым.
Оралам қашан? Белгісіз...
Əсем күлкімді көресіз қашан енді сіз?
Шиеленген түйінді 
Шешерім тіпті сенгісіз...
Барамын, жылама, барамын...
Десем де тіпті бұл жауыз əлем құрысын,
Ұмытам қалай гүлдер мен
Бидай иісін?
Ештеңені де ұмытып тіпті көрмегем.
Арманым – қайту жылап та сықтап болса да,
Шағымда, бəлкім, жұлдызым көкке өрлеген...
 
Барамын, жылама, барамын...
Асудан асып кеберсіп жатқан аңқамда
Аспаннан да асып əр таңда,
Сеулге қарай сабылдым қуып сағымды,
Сатуға өз тəнімді.
ЖАҢА КӨКТЕМ
Қурағанын көрген кезде дала гүлі үсіген,
Қурамайтын самырсынды сүйгенімді түсінем.
Самырсынға деген менің махаббатым алғашқы,
Енді дала гүлін сүйген махаббатқа жалғасты...

346
Джонг Хен Джонг
АРАЛ
Адамдардың арасында сан аралдар бар екен,
Сол аралдың біреуіне жетсем бе деп дəметем...
ТӨЗЕ АЛМАЙМЫН
Қаңтар ұзаған сайын
Жаның жасара түседі, жақындап көктеміне.
Төзе алмаймын, тамыздың кеткеніне,
Қыркүйектің, қазанның да өткеніне...
Төзе алмаймын
Жұрттың əуре қылықтарына,
Былықтары мен шылықтарына,
Өзгерістер мен сырқаттар бел алғанына,
Төзе алмаймын
Бар нəрсенің жоғалғанына.
Төзе алмаймын,
Төзе алмаймын
Замандардың тізбегіне,
Барша уақыт іздеріне.
Көлеңкелерге
Төзе алмаймын,
Неге мен сөз алмаймын?
Іздері деген тыртықтары емес пе?
Ағып жатқан мен ауып жатқанның,
Жанға батқанның, жанға батқанның...

347

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет