Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



Pdf көрінісі
бет3/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

ТҮЛКІБАСТАҒЫ ТОЙ
Шаң ілеспес
шалқұйрығың əлі тың, 
шалқы,
шайыр,
ширықсын бір шабытың!
шоққа лақтыр

41
шабан тірлік қамытын,
шабылған жоқ əлі ағаш ат – табытың...
Жаяу жырау
жыр төгіп те жарытпас,
жортып жет те,
іл көкпарды!
алып қаш!
қаның ойнап,
қазақтығың оянсын,
асау желмен аймаласып, мауық бас!
Қаз мойынды əн ғой мынау – ат емес,  
күй десең де,
би десең де қате емес, 
жел жетпейтін жүйріктігін айтсаңшы,
найзағаймен,
нұрмен ғана тетелес!
Ойын-тойға,
қыз қууға қырат кең,
ойхой, досым,
ойқастап бір шық атпен,
құрттай қыздың
қылымсуын қарашы,
қылтыңдатпай ұрып жықшы тымақпен!..
1996
ЖАҢҒЫЗТӨБЕ. РОЗА РЫМБАЕВА
Жусаны жұпар шашқан
Жаңғызтөбем,
Жоныңнан жалаңаяқ 
Жалбыз терем.
Жанымның жапырағын жамыратып, 
Жарысып жібек желмен жалғыз келем.

42
Алдымнан адырларың андыздаған, 
Ауылсың қасиетті, Жаңғыз, маған. 
Аулақта ата-анамды аңсағанда
Ақ жауын алқымымды айғыздаған.
Атыңнан айналайын «Жаңғыз» деген, 
Төркіні текті өнердің əнді үзбеген. 
Жаһанның Жерұйығы сен едің ғой, 
Атамыз Асанқайғы мəңгі іздеген.
Жер бар ма бұл жалғанда Жаңғызымдай, 
Жеткізген бұлаңдатып хан қызындай. 
Тілеймін болсыншы деп елім аман 
Ешқашан жарылыстан қан бұзылмай.
1999
ЗАЙСАН. ЗІЛЗАЛА
Тегеранға
аттанамын мен қазір,
алып ұшақ арқырайды жолға əзір. 
«Жер тағы да сілкінді, деп Зайсанда», 
сөз қылды жұрт,
əзіл емес, 
қайда əзіл?
Ішім іріп, бөлінді ғой ой санға, 
жан-жүрегім жөнеп кетті Зайсанға. 
«Жағадан ап сілкілердей жерімді, 
не жаздық?» деп, 
хаққа сұрақ қойсам ба?
Амал бар ма ағайыннан хал сұрар, 
хал сұрамай қалай ғана жан шыдар? 
қанша жерден тасбауыр боп кетсе де 
Тəңірдің де туған жері бар шығар?

43
Ет-жүрегім түскен сынды пышаққа,
мен отырмын,
неге отырмын ұшақта?
Ақша бұлттар сырғып жатыр əйнектен,
сəл ұмсынсам толатындай құшаққа.
Мен отырмын көк аспандай жыртылып,
жанарыма жас кеп қалды іркіліп,
сонау-сонау...
ақша бұлттар астында
жатыр менің туған жерім сілкініп...
1993
ҚАРА ЕРТІС
Қара Ертіс, саған қайранмын: 
қайрылып артқа қарамай, 
қақтығып келіп қарадай, 
қаймығу білмес баладай, 
қойып бір кеттің Зайсанға 
қоңырқай тартқан қоладай.
Қойып бір кетіп жайландың, 
қоғаға келіп байландың, 
қобалжып барып ойландың, 
қаһарың қашып, қайғы алдың, 
Қара Ертіс, саған қайранмын!
Қарғын боп кейде тасасың, 
қабақтан қарғып асасың, 
қанаңа сыймай қашасың, 
қан менен суды қосасың, 
құтырып кеткен бақсыдай 
құдайдың ұстап асасын!

44
Қара Ертіс, менің қақпамсың, 
құтпан боп құйып жатқансың, 
көз жасы боп та аққансың, 
қайғы боп қыста қатқансың, 
қамкөңіл, қамсау қазақты 
қапысыз қалай тапқансың?
Қара Ертіс, маған ай-күнсің,
қарқара толқын айбынсың,
қазаққа қызыр айдынсың,
қай күні бізден айнырсың,  
қай күні теріс ағар деп,
қан жұтқан менің қайғымсың?!.
Қара Ертіс – қара қайғымсың!..
1999
ҚАРЫНДАСЫМ ҚАЙДА, ҚАРА ЕРТІС?
(Экспромт)
Қанатым қабат қайрылып, 
Қасірет-қайғы төнер тұс, 
Қапыда қалдым айрылып, 
Қарындасым қайда, Қара Ертіс?
Балапандарын шайқаған 
Қайрылып ұшып келер құс. 
Келер ме бірақ қайтадан, 
Қарындасым менің, Қара Ертіс?
Түсіме ол ылғи кіретін, 
Анамыз да əлі көрер түс. 
Жағаңда сенің жүретін, 
Қарындасым қайда, Қара Ертіс?

45
Толқынға кетті-ау айналып, 
Түскенде басқа нелер күш, 
Келесің кімге қайғы алып, 
Қарындасым қайда, Қара Ертіс?
Жылдарға немді айтармын, 
Жаз да өтіп, əлі келер қыс... 
Жанын ап, тəнін қайтардың, 
Қаршадай қыздың, Қара Ертіс.
Қай тұсқа барып тоқталдың, 
Кеудеден ұшқан өлең-құс? 
Қарындасымды енді жоқтармын, 
Өзіңді көрсем, Қара Ертіс?
Соңында қалды үш бұтақ, 
Сол ғана бойға берер күш, 
Өтті ғой өң мен түс құсап, 
Қарындасым менің, Қара Ертіс?
1999
ЗАЙСАН КӨЛІ. ЖАҒАЛАУ
Қанатында қалқи беріп  дүрмектің, 
Көптен бері жалаңаяқ жүрмеппін,  
Көптен бері жерге тимей табаным, 
Көптен бері жаяу өмір сүрмеппін.
Жағалаудан желге ілескен шаңдаймын, 
Самғаймын да жер мен көкті жалғаймын. 
Аш адамға берсем – берем үзім нан, 
Бақытсызға бақыт бере алмаймын.
Қолы жоққа созсам дағы қолымды, 
Тауып бере алам ба мен жоғыңды. 

46
Дəрі де емес тамызатын науқасқа,
Менің жырым жеңе алмайды өлімді.
Тұрмын бүгін жаға – жардың үстінде,
Құдай білер
құдірет пен күш кімде.
Пақыр болдым түк келмейтін қолынан,
Жерге кірдім жер бетіне түстім де.
Желкендіге жерде жүру обал-ау, 
Алдың-артың: айтыс, айтақ, абалау... 
Түйір шаңың қайта келіп қонғанын 
Сездің бе сен, 
Алтын құмды жағалау?
1999
ҮЛКЕН ҚАРАТАЛ
Ауыл осы өзім талай жыр еткен, 
анау үйде қоңыраудай шыр еткем, 
анау қырда көкейімді ой тесіп, 
арманымның маңдайынан күн өткен, 
мұнда тұңғыш табын сезіп қайғының, 
тұңғыш рет танысқанмын түнекпен, 
айтылған серт, алысқан қол ада боп, 
аққан жұлдыз тура тиген жүректен.
Сонау тауда бұлақ болып басталдым, 
мынау жонда мен өзімнен қашқанмын, 
ат іздеуге алыс шығып, адасып, 
құс жолына түсіп кеткем аспанның, 
анау бақта, аясында жас талдың, 
махаббаттың əліппесін ашқанмын, 
тұңғыш рет тəуекел деп тас жұлып, 
тұңғыш рет тауым қайтып, жасқандым.

47
Мынау мектеп түйген маған қабағын, 
оқытқан сол алғаш үміт сабағын, 
айлы түнде тұңғыш рет жыр жазып, 
шабыт керген көкірегімнің шанағын, 
у да емесін, бал да емесін байқадым, 
ішіп көріп өкініштің шарабын, 
жан-жүрегім тігісінен сөгіліп, 
оңашада ай нұрымен жамадым.
Ауыл осы,
ұям осы мен ұшқан,
артық маған жердегі бар қоныстан,
менің ізім бар əлемді шарлап кеп,
ауылымның көшесімен тоғысқан,
келіп тұрмын тыртық-тыртық жүрекпен,
келгендей боп көрінбейтін соғыстан...
апам қайда, атам қайда, қайда əкем,
шағымды бұл көрмей ме екен толысқан?
2000
НҰРҒИСАНЫҢ АҚҚУЛАРЫ
Қағылез, қара бала қалқан құлақ,  
Солақай домбыраны тартар бұрап.  
Кеудесі күмбірлеген күміс əуен, 
Шабыты шалқып-тасқан шалқар бұлақ.
Ал тартты!
Домбыраны тарт дегесін, 
Арманның алға бұрып мəрт кемесін. 
Сұм жалған,
Сөнген жұлдыз сəулесіндей, 
Қолыңды созып тұрып жалт бересің!
Беу, мынау саусақ емес сиқыр шығар, 
Жаныңды əн əлдилеп, күй шымшылар. 

48
Шанағын домбыраның жарып шықпай 
Қашанғы көкейіңде мұң тұншығар.
Қазақтың қайғы-мұңы таусыла ма, 
Төбеңнен күй нөсері жаусын, аға! 
Жан салдың қатып қалған қара тасқа, 
Үн бердің жапырақ пен тамшыға да.
Тəңірдің нұрындай бір құя салған, 
Шыққандай періште күй киесі алдан. 
Самғаған жер жүзінде бүкіл аққу 
Домбыра шанағына ұя салған.
Зарлаған сыңары үшін азаппенен, 
Аққудың ақ сенімін ғажап көрем. 
Құстарда ұлт болмайды-ау, 
Ұлты болса 
Аққуды құс ішінде қазақ дер ем!
Сұрланып, бірде күліп, шырайланып, 
Сұм жалған бір жылайды, бір ойланып. 
Сұңқылдап Нұрағамның аққулары 
Қона алмай көк аспанды жүр айналып. 
АЛМАТЫ. АҚПАН
Терезені ашып ем қар ұшып кірді, 
Бөлмені басқан буменен жарысып кірді, 
Мұнарлы түнде қан-сөлсіз қылаңытқан Ай, 
Ат жүйріктей боп аспанға жабысып тұрды.
Тұншығып қалған бір əлем – құпия бəрі, 
Жұмбағын шешіп кім оны түсіне алады? 
Түрікпендердің төңкерген қауға бөркіндей 
Қарауытады бұтақта құс ұялары.

49
Бетіме қонған мамық қар еріп барады, 
Жербауырлаған аппақ бу тобық қағады. 
Жұмыртқа басқан сиқырлы самұрықтай боп, 
Тыныштық жатыр түбіті көміп қаланы.
...Зілзала өтіп, Зайсанда ақсарбас сойып, 
Қауқылдап ауыл жатыр-ау
 
 
 
бас, жамбас қойып.
...Қар жауған түнгі қаланың көшесіне ұқсар, 
Көңілім менің тапталар-тапталмас болып.
1991
ЕСКІ ҚАЛАМЕН ҚОШТАСУ
С. Бəйтерековке
Бақытты сəттей боп қас-қағым, 
Алматым, сенде өтті жас шағым. 
Ұмытпас мені де 
Медеуім, Тастағым.
Арманға құшақты ашып көп, 
Өртенгем мен дағы ғашық боп, 
Жұлдыздан шашуын 
Тұратын шашып көк.
Қимастан нөсерлі 
Көшеңді,
Алматым, аттандым, 
Хош енді.
Ғажаптар таласқан көкпенен, 
Алматым, өзіңе жетпеген. 
Мен саған оралам, 
Алатау, Көктөбем.

50
Самалы желпіген саялы, 
Күндерді аңсаймын баяғы. 
Басқа əлем алдымнан 
Құшағын жаяды.
Қимастан нөсерлі 
Көшеңді,
Алматым, аттандым, 
Хош енді.
1997 – 1998
АРҚА ҚЫСЫ
Самаржақ жел зарлауық, 
қымтатқызып тұс-тұсты, 
бір-ақ түнде қар жауып, 
бір-ақ күнде қыс түсті.
Ақ сəукеле киініп, 
аппақ үкі тақты бау, 
ақ қайың тұр бұйығып, 
алқымында ақ қырау.
Сынатұғын түрі жоқ, 
сүйреп келген қылышы, 
қасат қары сүрі боп, 
қыстың мынау тұрысы.
Шана теуіп бала мəз, 
оң мен солың омбы қар. 
Сүлік ерін сары аяз, 
сүйген жері домбығар.
Жүрегімді у жеді, 
жан түбінде жатыр мұң. 
Мынау əлем – музейі 
менің махаббатымның.
1999

51
АСТАНА. ҚЫРАУ
Астанада түн ауды, 
ақ түтек қар шұбаулы, 
үрлеп тұрмын деміммен, 
əйнектегі қырауды.
Ақ құйынның ұршығы, 
көше айналып тыншыды, 
қыз ұзатып жатқандай 
қарлы боран сыңсуы.
Ұзатылып кеткен кім? 
ұзын сонар өткен күн, 
ерігені қыраудың 
нышаны ма көктемнің?
Жаның күйіп-жанса да, 
жосықсызды аңсама, 
еріместен жүректе 
қайғы жатыр қаншама?
1998
АСТАНА ТУРАЛЫ ƏН
Ақ бота боп 
Аспаныңда 
Ақша бұлттар ойнақтаған, жас қала. 
Жүз түрленіп қас-қағымда, 
Жан сырына бойлатпаған, Астана.
Көшелері күнге ғашық, 
Əрбір тасы əн салатын, Астана. 
Жырын толғап, биге басып, 
Жер-жаһанды қарсы алатын, жас қала.

52
Аппақ түнде арайыңды 
Аңсап тұрып жұтып бағам, Астана. 
Жусан иісі танауыңды 
Жұпарымен қытықтаған, жас қала.
Еркелеген Есіл ару,
Бұрымдары жарқылдаған, жас қала.
Таңы – сұлу, кеші – дəру,
Ақ самалы аңқылдаған, Астана.
2000
АСТАНАЛАР
Қайдасыңдар,
Қайран менің астаналарым, 
Сендерді ойлап жанымды жасқа маламын. 
Өзегімде өртеніп Отырар жатар 
Кезіп жүргенде əлемнің тас қалаларын.
Сəулеті асқан Сауран мен Сығанақтарым, 
Құмның астында қалдыңдар сығалап бəрің. 
Катапульттердің күрзісі күйретіп кеткен 
Түсіме менің кіреді бұла бақтарың.
Астаналарым,
Армандай Сарайшықтарым,
Жермен жексен боп жоғалды-ау зер-айшықтарың.
Ұмыттым ба əлде,
Жаулардың сұқтанып саған
Жарқабағына Жайықтың қалай шыққанын.
Табылды десе қалдығы Баласағұнның 
Шапаттап санды шаттанам балаша бүгін. 
Мəскеуден басқа шаһарды шенейлетпеген 
Тарих дегенің неткен бұл «тамаша» ғылым!

53
Орынборды да жайым жоқ тосырқағандай, 
Көп қала көзден ұшты ғой асыл қамардай. 
Пұшайман болам киелі Түркістанды ойлап, 
Тойлайық десек біз жүрміз жасын таба алмай.
Туған жылы жоқ тарихым тереңде менің, 
Күмбезім күлге көміліп көнерген едім. 
Көне шаһарлар аруағы жебесін сені, 
Көсегесі де көк тудай көгерген елім.
Дəуірлер бар ма
Қазақты бастан ұрмаған,
Патшалар бар ма
Алашты босқа қырмаған?
Ата-бабалар аруағы қолдасын сені,
Аяулы менің Астанам – жас, сəби қалам.
Бір тоқпақтан соң ұшырап бір тоқпағына, 
Төтеп бердік қой замандар сырқаттарына. 
Астана жұртын айналған Асанқайғы ата, 
Маяңнан түсіп, 
Бата бер ұрпақтарыңа!
1998
ҚАЗАҚСТАН
Арыстандай айбаттым, 
Жолбарыстай қайраттым, 
Аспандаған байрақтым, 
Қанша жұлдыз жайнаттың, 
Қанша бұлбұл сайраттың, 
Қазақстан, ардақтым!
Тұлпарыңның шабысын,
Домбыраңның қағысын, 

Күңіренткен тау ішін, 
Дарияңның ағысын 
«Сүйем!» десем – бəрі шын, 
Қазақстан – намысым!
Əрбір тасы – киелім, 
Əр уығы – жүйелім, 
Əн кернеген жүрегін, 
Күй кернеген тиегін, 
Сары алтыннан сүйегің, 
Қазақстан – жыр елім!
Шаңырағың – шырағым, 
Топырағың – тұмарым, 
Ғаламда жоқ сыңарың, 
Ғажайыбым, жұмағым, 
Басы таза бұлағым, 
Басылмайтын құмарым, 
Қазақстан – қыраным!
Айың тусын оңыңнан, 
Күнің тусын солыңнан, 
Жұлдыз жансын жолыңнан, 
Басыңа бақ орнасын, 
Қыдыр болсын жолдасың, 
Құдай сені қолдасын, 
Қазақстан – көз жасым!..
1995 – 2000

55
«ҚАНАТНАМЕ» топтамасы 
ҚҰСПЕН ТУЫСТЫҚ
Білмеймін қандай туыстығым бар құспенен, 
Бұл дүниеде ешкім жоқ маған ұш деген. 
Бірақ та дəйім түсімде ұшып жүрем мен,
Бір қанат қақсам –
қалықтап жерге түспегем.
«Құс мінез» дейді,
мінездің шығар лезі,
Қай шайырдың да қызбалау шығар мінезі.
«Құс ұйқы» дейді,
бұл дағы маған ұнайды,
Қай жақтан келген ұқсастық сонда бұл өзі?
Қанатымен ұшып,
құйрығыменен қонатын,
Құс көрсем болды, көңілім көкті шолатын.
Қонаққа барсам «құс сүтін» қояр алдыма,
Кіндік əкемнің ныспысы Құсбек болатын.
Қарап қаламын қара түндерде мақпалдай, 
Құс жолы менің кеудемнен тарап жатқандай. 
Қайран да менің көңілім сонда көкбараз, 
Құс қанаты боп қылаулап тұрған ақ қардай.
КЕРЕГЕ

56
Өзімде кейде қомдана қалған құстаймын, 
Шабытқа мінсем бақыттың құсын ұстаймын, 
Туыс боп құспен жаратылған соң тумыстан, 
ұшармын мен де! 
Апыр-ау, неге ұшпаймын?..
ЖЫЛ ҚҰСЫ
Ұясынан ұшқанда
Қайта оралмас құс бар ма?
Əттең, дəурен – құс емес, 
Тамсандырған түс-елес, 
Қайта оралтар күш қайда?
Тасып өзен тіл қатар, 
Тас лақтырсаң шым батар. 
Тасқын су ғой – бұл өмір, 
Батпас үшін жүзе біл, – 
Тірлік заңы тым қатал.
Құтылмайсың қашып түк, 
Құшағыңды ашып, күт:
Қайта көрген түстей боп, 
Қайта келген құстай боп, 
Қайта оралар ғашықтық!..
1999
ҚАУЫРСЫН
Тағдырдың жеңілдетер ауыр сынын 
жыр жаз! – деп, 
бердің аққу қауырсынын, 
төңірегім түгел самғап бара жатты 
ашқандай маған бір сəт тəңір сырын.

57
Аққу сыр,
қауырсын наз,
қанатты өлең,
армандай тағдырыма балап келем,
құдай-ау, құс мінезді ақындарды
қалайша қанатсыз ғып жаратқан ең?
Тірсегін қара жерде тілер қайғы, 
тізерлеп ақын өмір сүре алмайды, 
қайыл боп қарауылға ілігуге 
қайырсыз қазасына жыр арнайды.
Бұл өмір болса-дағы ғажап тіпті, 
армандап өтеді ақын азаттықты, 
ішіне құдайды əрең сығалатар, 
ілер ме көзге ешкімді қазақ мықты?!
Ойымнан түскендей боп ауыр шынжыр, 
бойыма қанат берді қауырсын бұл, 
құс текті қаламменен жазылған соң 
құрсаған бұғауынан арылсын жыр!
БОЗТОРҒАЙ
Жиі ашынам! 
ен далада 
миы ашыған 
мен ғана ма?
Сойылғанда 
қазанаттар, 
қойылғанда 
азаматтар,
кəрғыз толы 
кең далада, 

58
жалғыз бөрі – 
мен ғана ма?
қарақтылар 
оқ құшқанда, 
қанаттылар 
көкке ұшқанда,
сауыры түтін 
шер далада, 
бауыры бүтін 
сен ғана ма?
Көкек келіп, 
ұясы лаң, 
зекет теріп, 
жуасыған 
бозторғайдай 
жиі ашынам, 
жиі ашынам!.. 
ПҰШАЙМАН
Бітіпті деймін түсімде қос қанат маған, 
Қос топшым бар да қолым жоқ, 
Қостан аттанам... 
Қатар да қатар қаптаған қауырсынымды 
Керегедей ғып жаям да досқа мақтанам.
Үзіліп біреу қарайды,
Сүзіліп біреу,
Қызғанып біреу қарайды,
қызығып біреу.
Аспандап ұшып, биіктен құйылып түсіп,
Жарқылдап өткен жасыннан қыз үміттілеу.

59
Қара Ертіс дедік, Сарысу, Ақжайық дедік, 
Қалықтап ұшып, əлемді қақ жарып келіп, 
Қиядан шалып, қарағым, қатарлас қондым, 
Қиюы келді дүние жап-жарық болып.
Бастағы бағың көрсетсе тұрлаусыз қалып, 
Ойнайды-ау тағдыр жараңа ыңғай тұз жағып. 
Қолдарым қайда өзіңді қапсыра құшар?! 
Қор болдым қанаттарымнан ыңғайсызданып!
Жап-жарық залда
Жаппай би, тынбай қызған əн,
Билейікші деп, бұрылып ымдайсың маған.
Құшақтап сені билер ем,
Құшар ем тас қып,
Атаңа нəлет қанаттан ыңғайсызданам!
МАС ШАҒАЛАЛАР
Сылқылдап қана арбап күліп, 
тұрмайды теңіз төсектен, 
араққа малып нан лақтырып,
шағалаларды мас еткен,
жағалаудағы жігіттер...
Машақты көктен қағып алып, 
мəңгірген аппақ шағала, 
құмдаққа құлап жаны қалып, 
қалбаңдап жатыр жағада, 
жігіттер оған мəз-мəйрам.
Ұшуға біткен қанаттардың 
топшысы түгел қираған, 
құдіреті қайда жаратқанның, 
аспанға құсты сыйлаған? 
Жігіттер солай мəз-мəйрам...

60
Аспан тұр бəрін тұспалдап ап, 
күнаһарлардың сорына: 
«Шыбын жандарың ұшқанда, қап, 
түсерсіңдер, деп, қолыма!» 
жігіттер əлі мəз-мəйрам... 
1989
АҚЫНҒА ҚАНАТ БЕР, ҚҰДАЙ!
Ақынға қанат бер, құдай: 
ақшуақ таңдардың 
арайын шарлау үшін, 
ақшулан таулардың 
аспанын самғау үшін; 
тарпейіл күншілдің 
табасы болмау үшін, 
тап басар қу-сұмның 
табанында қалмау үшін;
Ақынға қанат керек: 
арына шаң қонбас үшін, 
арамды аңғармас үшін, 
алданып, ақымақ болып, 
артынан таң қалмас үшін; 
аяулы арманы күйреп, 
арланбас, 
зарланбас үшін, 
жанына жарақат түсіп, 
шарт сына шамданбас үшін;
Ақынға қанат керек: 
күйкі мен күйбеңнен, 
жоғары жүру үшін, 
сумаң мен сүйреңнен 
ада өмір сүру үшін; 

61
өрт пенен өмірден 
өзегі өртенбес үшін, 
дерт пенен өлімнен 
дем жетіп, жеркенбес үшін;
Ақынға қанат бере гөр: 
пысқырмай жауыздыққа 
биікте болу үшін, 
бағынбай ауыздыққа, 
бас имей өлу үшін – 
Ақынға қанат керек! 
ҚАРЛЫҒАШТАР
Қарлығаштар, 
құйылып құбыладан, 
келіңдерші көктемде тірі маған,
мен сендермен о баста бірге туып, 
өздеріңмен өрбігем бір ұядан.
Дүниенің болса да сырына алаң, 
құс сырына бойлап па ғұмыры адам? 
сендер ұшып кеткенде, 
қарлығаштар, 
жерде қалған жалғыз мен бір ұядан.
Орамадан соғылған сылақ үйде, 
қала бергем қайрансыз құба күйде, 
қайырымды құдайдан қанат сұрап, 
келер дегем самғайтын күн, əрине.
Күн туғанда шалқыма, шаттығы көп, 
қанат қағам тұңғыш та ақтық рет, 
кетем ұшып мен дағы бұл əлемнен, 
көк аспанның маған да жаттығы жоқ!..

62
ТОТЫҚҰС
Алтынмен торың апталған, 
Өзегің толы өкініш. 
Қиыр шет, алыс жақтардан, 
Тарту боп келген тотықұс.
Кейуақта болдың сырласым, 
Тотым-ау, менің тотым-ау.
Бейуақта болдың мұңдасым, 
Біздің де көңіл жетім-ау.
Сайрасаң – сазың ғаламат, 
Тұрпатың титтей, қос уыс. 
Əуенің бойды аралап, 
Егілтер мені, тотықұс.
Сайрайсың нені əн қылып, 
Тотым-ау, менің тотым-ау, 
Сағынтып өтер мəңгілік, 
Тіршілік деген осы ма-ау?!
Сағынып туған жеріңді, 
Шерлендің бе əлде, тотықұс. 
Аңсаймын мен де елімді,
Ұшпаймыз неге, не тұрыс?
Ұшырсам сені көгіңе, 
Тотым-ау, менің тотым-ау, 
Сəлем айт туған еліме, 
Олар да аңсап отыр-ау.
1996. Тегеран

63
ҚҰС ЖОЛЫ
Құс жолына жеткенше сенделемін, 
Жеткен күні басылар шөлдегенім, 
Тоқтата алмай түнеріп тынарсыңдар,
Тауға тартқан табыттың дөңгелегін.
Құлағына
Қорқыттың күйі сіңбей,
Қоғам қалар Бетпақтың бүйісіндей,
Жырларымның жұпарын жұтарсыңдар,
Жұлып алған жусанның иісіндей.
Жұлдыз да емен,
Ай да емен,
Күн де емеспін,
Періштеге теңемес мүлдем ешкім,
Мен кетермін өзімнің Құс жолыммен
Найзағайдың тағдырын күндемеспін.
Қаршадайдан құс сүтін ішкеніммен,
Құс ұйқы боп,
Қыспаққа түскеніммен,
Құс қанаты жауса да,
Жыл құсындай
Оралмаспын мен, бірақ Құс жолыммен!..
* * *
Шырылдаса бозторғайлар, 
Оянбайды бəз тойғандар. 
Сайраса да жезтаңдайлар, 
Селт етпеуге қол қойғандар.
Қағылса да қоңыраулар, 
Естімейді саңыраулар. 
Қайдасыңдар, сөз ұғарлар, 
Қайдасыңдар көзі барлар?

64
«ТОЗҒАН ПЕЙІШ» топтамасы
ЗАМАН-АЙ
Ұлдарымның қайда кеткен құрығы,
Қыздарымның қайда кеткен бұрымы?
Мейірімге зарықтырған заман-ай,заман-ай, заман-ай,
Туған жердің ылайланды-ау тұнығы.
Қайран елім, қайран жерім қор болған-ай,
Жомарттығы өз басына сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай!
Неге біздер у ішеміз суаттан,
Неге біздер ажыраймыз тұяқтан?
Туған жерді тоздырғанша, заман-ай, заман-ай, заман-ай,
Неге жерге кірмейміз біз ұяттан?
Қайран елім, қайран жерім қор болған-ай,
Жомарттығы өз басына сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай!
Қираттық та ата-баба мазарын,
Қасіреттің тарттық енді азабын.
Қоң етіңді ойып берген заман-ай, заман-ай, заман-ай,
Көсілетін көрпең қайда қазағым?
Қайран елім, қайран жерім қор болған-ай,
Жомарттығы өз басына сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай!
ТҰСКИІЗ

65
«ДАЛАМ!» – ДЕСЕМ
– Далам! – десем: 
құлындағы дауысым құраққа шығып, 
жаңғырығып жатады жыраққа сіңіп, 
көгенкөз бұлақ кенеттен күлкісін тиып, 
іргеме келіп аунайды жылап басылып.
– Далам! – десем: 
құшақтасып тауменен тау көріседі, 
суыт аттанған сұр бұлттар сау желіседі. 
қанжығасынан қан аққан қасіретім мен 
атпал үмітім жан алып жан беріседі.
– Далам! – десем: 
жарасы батып жүрегім жан ұшырады, 
жанарымның жасы таусылып, қаны шығады, 
арыстарымды ойлаймын арланар ма деп, 
кеудеде шыбын жаны мен намысы бары.
– Далам! – десем:
еділбайларым күйсеген қала-көгенде
бұршағын үзіп шығар ма ала көбеңде?
Кебінді тастап,
кебенек кисем бе деймін,
дүмбілез күйден арылып,
– Дала!!! – дегенде!..
1989

66

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет