Бағдарламасы бойынша жарық көрді Есдəулет Ұ. Е 78 Үш томдық шығармалар жинағы./Ұ. Есдəулет. Алматы



Pdf көрінісі
бет5/17
Дата31.03.2017
өлшемі1,12 Mb.
#10892
түріБағдарламасы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

МƏҢГҮРТТІҢ СӨЗІ
Ақын Павел Васильевке
Парасат, білім жағынан толысқандаймын, 
Павел, мен бүгін өзіңдей орысқа айналдым. 
Көгілдір көзді қыздарға қырғидай тиіп, 
«Ой, морозды» айттым төрінде қоныс тойлардың.
Темекі тарттым сен құсап,
Арақ та іштім,
Айықтыратын ақ төсек абаққа түстім.
Төбелес десе дəл сендей делебем қозып,
Біреудің жағын бұзғанша тағат тауыстым.
Көкнəрді алсам ширатып зəуіде қолға, 
Жындының қалар ере алмай бəрі де жолда. 
Орыстан да озып кеткенмін бұзықтық десе 
Жарысамын деп менімен əуре болма.
Бұл қазақ деген ұлт емес дүрмек пе дедім, 
Тілі мен салтын несіне құрметтеп едің? 
Малғұн ғой бəрі малменен мал болып кеткен, 
Сорлы боп сондай ұрпағым жүрмек пе менің?
«Қазақсың!» десе біреулер,
Намыстанамын,
Аз ұлтқа мол жер не керек? 
Қалыс қаламын...
Мəдениетсіз, миғұла мешеулерді сен 
Мадақтап сонша дедің бе табыс табамын?
Өздерін тіпті өздері басқара да алмай,
Моңғолдан қойған хандарын!
Масқара қандай!?
Кеңестің ғана тұсында көздерін ашып,
Верныйға келіп жармасқан астана болмай.

95
Бақырған əн мен домбыра, еңіреген күй, 
Тыңдасаң ашып кетпей ме оныменен ми? 
Қазақтан шыққан жалғыз-ақ 
Данышпан бопты, 
Наркоман бопты өзімдей, «современный».
Қазақтың бəрі шетінен орысқа айналса, 
Қырылмас еді аштық пен соғыстан да онша. 
Павел, мен саған берер ем «Ой, морозды» айтып, 
Сен туған сонау Зайсанда қоныс той болса... 
1990
ДҮЛЕЙ ҒАСЫР
Дүлей ғасырмен сүрген ғұмырым ертектей, 
долы қатынмен отасып келген еркектей, 
етекте жүрдім 
етімді итке жұлғызып, 
басқалар тауға шығып жатқанда тер төкпей.
Құдықта тұрып таңдайы кепкен Танталмын,
иесі едім ғой
илеуде қалған қаңқамның,
тербелген менмін мойныммен теуіп əткеншек,
күретамырға батқанын сезбей арқанның.
Ажалдың өзін
қақпайлап жегіп қамытқа,
даламды түгел айналдырғанмын табытқа,
ақырзаманға əкетпейін деп өзіммен,
бар қазынамды таратқам ерте жарықта.
Шетсіз де шексіз жеріме сыймай қаңғырдым, 
аямай қарғап Алланы да естен тандырдым, 
еркіндік іздеп еркіме кетпес үшін мен, 
мешітті бұзып, 
өзіме түрме салдырдым.

96
Көбейіп кетсем тиер деп жұртқа кесірім, 
отын ғып жақтым болашағымның бесігін, 
өз бетімді өзім шиедей тырнап қанатып, 
өкінген болдым 
өзгеден сұрап кешірім.
Өзім отырған бұтақты шапқан өз қолым,
бір бірін шұқып,
ноғала түскен көздерім,
жүгірмегі боп жыртысын жыртып өзгенің,
дəстүр мен дінім жоғалғанын да сезбедім.
Күн туса басқа жəрдемі болар жым-жылас, 
көлеңкелермен достығым менің бұлжымас, 
сан озып шықтым мəңгүрттер түскен сайыста, 
жеті ата білмес жетесіз десе, 
бұл да рас.
Ұрпағыма енші
мендегі барлық сорлылық,
Семейім – анау,
əлі де мың сан бомбылық, 
айналар еді Аралдан үлкен теңізге,
ағарып кеткен қанымды құйса көл қылып.
Жаяумын демен
жарысам десе бəске кім,
Байқоңырымнан бəйгеге шабар мəстегім,
Кедеймін демен,
қайғыға баймын қашан да,
жұмыссыздардан құрылған қалың əскерім.
Барсакелместен
бабамның таппай дерегін,
Аралда емес арақта жүзген кемемін,
болашақ ұрпақ түкірді менің бетіме,
сүртетін соны орамал іздеп келемін...

Жаралы жүрек,
жартыкеш тесік өкпемен,
жасыған көңіл,
ашыған миға от берем,
дүлей ғасырды, үрей ғасырды талақ қып,
сүлей ғасырмен салтанат құрсам деп келем!..
1990

98
«МҮШЕЛ ЖАС» топтамасы
(1991)
ЖЕЛҚАЙЫҚ
Ертеңім не сыйлайды?
Мен білмеймін...
Əйтеуір келсе игі еді төндірмей мұң. 
Мүшелге
мəймөңке сөз айта ма деп, 
Аузына балгердің де телмірмеймін.
Көрермін не көрсем де пешенемнен, 
Ағамнан артықпын ба кешегі өлген? 
Ғұмырын ақындардың кім ұзартар 
Шылымдай шырпы жоқта өше берген.
Аһ ұрып, қайғырдың не, 
Қамықтың не?
Тіршілік ұмтылмай ма жарық күнге? 
Жатқандай желқайықта тербелемін 
Түсіме кірген кезде табыт түнде.
Бұл күнде өмір арзан,
Көңіл қымбат,
Шарқатып шаттық кетті жеңіл бұлғап.
Алар ма енді мені құшағына
Қыз ерін,
Қолаң шашты көгілдір бақ?
ТУЫРЛЫҚ

99
Қиялға қайран жүрек тояттасын,
Өмірім
өз өлеңін аяқтасын.
Тербеліп желқайықта жатқанымда
Теңіздің толқындары оятпасын!..
* * * 
Келсе де тағдырыммен ерегескім, 
Толғатқан бұл жырларды мен емеспін! 
Отыр ғой ой-жүйемді
Біреу билеп,
Дегендей:
«Өз жолыңды неге кестің?»
Тұрса да алдан торып қауіп-қатер,
Жүйрігім мойнын бұрмай шауып кетер.
Жұрт айтар:
«Өзі жұтты өз басын, деп,
Мезгілсіз шақырғандай тауық бекер».
Заманның ағымына қарсыластым, 
Аямай қайратыма қамшы бастым. 
Ешкімнің алдында мен ақталам деп, 
Жанымды жұмыртқадай аршымаспын.
* * *
Ұлымын деп астананың 
Айтуға мен жасқанамын. 
Ауылымды
Алла атындай
Аузымнан бір тастамадым.
Айды көрсем – амандастым, 
Құшағымды самалға аштым, 

100
Қалаға кеп құласам да, 
Қалалық боп қала алмаспын.
Ақыны боп астананың,
Кердеңдесем кеш,
Қарағым.
Ауылыма келген кезде
Мен де өзіңдей жас баламын.
Қала кейде күндей мекен, 
Кейде бірақ түндей бөтен. 
Асфальтқа түскен тамшы 
Көкке ұшпаса сіңбейді екен.
Айтып мен де аспан əнін, 
Көкке ұшамын, 
Қош, қарағым. 
Ылайланып бітер болдым, 
Көріп бəрін масқараның.
Жасармадым,
Көгермедім,
Қоштасуға келер ме едің?
Туған жерім – ауыл болса,
Қала болды өлер жерім...
Күлбілтелеп неғыламын, 
Екеуін де сағынамын. 
Өмірім мен ажалымның 
Арасында сабыламын... 
* * *
Ақыл тісі шықса да ақыл кірмей, 
Ақылдыларға жақын жүрмей, 
Бір дұшпанының атын білмей, 
Ақымақ болған қайран басым, 

101
Мүшел жасқа кеп ойланғасын – 
Не сорым?
Ой бағып, қой мен қозы бақпай, 
Құлағы барға сөзі жақпай, 
Ақ пен қараны ажыратпай, 
Адасып баққан соқыр басым, 
Мүшел жасқа кеп опынғасын – 
Не сорым?
Жалғанды жалпағынан басып та өткен, 
Қызуының қайнарын шашып-төккен, 
Қызықтың да қақпасын ашып кеткен, 
Кісіні менсінбес құмай басым, 
Мүшел жасқа кеп мұңайғасын – 
Не сорым? 
* * * 
Қалада жауған қардың қара болатынын, 
көргенде кеудемде жара қалатынын, 
сен түсінесің бе, бауырым? – 
сондықтан менің күйіктен 
жанымды алдарқатар шарап алатыным...
Ауылға барсам жолатпай құлын тебетінін, 
Жүрегіме сонда алма бақ гүлін себетінін, 
Сен түсінбейсің ғой, бауырым! – 
Сондықтан менің үздіксіз 
Удай ащы шылым шегетінім... 

102
* * *
Өмірді дұрыс сүрмей келіппін, 
Жетекке түзу жүрмей келіппін, 
Біріне жолай мінбей көліктің,
Өз желкенімді өзім үрлей беріппін, –
Өкінбен!
Біреуге бола ау құра алмаспын, 
Жазықсыз жанды жау қыла алмаспын, 
Ешкіммен келмес тағдыр алмасқым, 
Өмірдің өзі баулыған жаспын, – 
Өкінбен!
Өзімше сүрген олақ өмірім, 
Шикі де шала, шолақ өмірім, 
Алтын мен күміс, қола, көмірін 
Оң-солды шашқан шора көңілім, 
Өкінбен!
Бұл өмір деген өнеге ме өзі? 
Өртеңнің өнер келе ме кезі? 
Құдайдың мұны көре ме көзі? 
Өкініш деген немене өзі? 
Өкінбен! 
* * *
Сенісер дос қайда бар, 
Сергелдеңде ойға алар? 
Айтылған сөз – атқан оқ, 
Басың оққа байланар.
Құбылма дос кімде жоқ, 
Тұтататын тілмен от? 
Құю үшін көзіңе 
Қос уыс-ақ құм керек.

103
Қайғы кімде, той кімде? 
Өкіндің не, қойдың не? 
Жалғыз атым – сенімім, 
Жығылған соң сойдым де...
МЕДЕУ
Медеуге күніге баршы,
Айдынға үңіле қалшы: 
Жұрт түгел сырғанайды онда, 
Сағаттың тіліне қарсы.
Байқашы жан сырын ұғып, 
Көзінде таң шығы күліп, 
Осы жұрт жынданған жоқ па 
Уақытқа қарсы жүгіріп?
Парызды ойланар  күн кеп,
Бұл да бір қолға алар міндет:
Сағаттың тіліне қарсы 
Кағбаны айналар үмбет.
Жұмбақ-ау,
Тегі, бұл жалған, 
Бəрінің өңі нұрланған. 
Тапты екен қандай қанағат, 
Уақытты кері бұрғаннан?
Ағарған самайымды
Елге
Көрсетпей жабайын демде...
Сағаттың тіліне қарсы
Жүгіріп бағайын мен де!..

104
* * *
Бүгін менің сарайым босап қалды, 
Омбылап ем Медеуде қасат қарды. 
Соқты менде тап-таза жүрек қана, 
Сол жүрекке тағдырым қосақталды.
Өмір тағы өзіне ғашық етті, 
Күн нұрынан көзімнің жасы кепті, 
Филиппиндік емшідей Алатауым 
Сылып алды сарғайған қасіретті.
Айналғандай болдым ғой жас балаға, 
Қайран ғұмыр қайтадан бастала ма? 
Енді менің қырсықтан арқам босап, 
Ашар ма екем сырымды досқа ғана?
Қасат қарды омбылап жүгіргенде, 
Арылдым ба мінімнен, кірімнен де? 
Табиғаттай тап-таза тамшы көрдім 
Жүрегіме өзімнің үңілгенде.
Періште ойлар қақсыншы ақ қанатын,
Тазардым деп ал енді мақтан, ақын.
Қайғы да жоқ,
Өкініш, ыза да жоқ,
Нең қалды екен жұртыңа ақтаратын?
Қабағынан заманның көңіл суып, 
Қол жетпеске қажып ем көп ұмсынып, 
Уақыт енді мен үшін өмір сүрсін, 
Уақыт үшін тойдым мен өмір сүріп.

105
* * *
Бүгінгі күнім мəңгі өлді! 
Беу, бұған кімің мəн берді? 
Қағазға төнген шағымда 
Қаламұшына қан келді.
Өң бе, əлде, түс пе бұл ғұмыр? 
Қансырап жатып күлді жыр. 
«Ақылдылардың ішінде 
Ақын дейтұғын жынды жүр...»
Қаламнан аққан тамшы қан 
Жанымды талай жаншыған. 
Қағазға төгіп тынбасам 
Қайғымнан қалай аршылам?
Тірлігі құрсын тірінің – 
Үземін деп-ақ құрыдым 
Құдайдай көрген өздерін 
Құдайсыздардың құрығын. 
* * *
Өртеніп кейде орасан 
Өткен өмірді ойлайсың. 
Өз кеудеңе қарасаң – 
Төбелес шыққан тойдайсың.
Өзегіңді күйдіріп 
Өте шығар от құйын. 
Алуан арман, қилы үміт
Құны бүгін – көк тиын.
Қан жылаған жүректің 
Қамыққаны кем бе еді? 

106
Жігеріңді құм еттің – 
Сепкен дəнің өнбеді.
Сатып алған дау қымбат,
Қай күйігін тартарсың?
Дос – табансыз, жау – жұмбақ,
Кімге үміт артарсың? 
* * *
Қайғысыз болсаң – тұщынып, 
Қара су іш те қана бер. 
Қанатсыз көкке ұшырып, 
Қайтарып алар қара жер.
Сыңсып бір қалған еліңді, 
Сыңсып бір тұрған орман де. 
Тереңнен қазып көріңді, 
Тепкілеп көмсе – арман не?
Көрешек болса – көрерміз, 
Тілекті тəңір бермес пе? 
Бəлкім біз қайтып келерміз, 
Кетсек те Барсакелмеске?! 
КҮШІК
Адам боп оңай туғанмен... 
Адам боп қалу осы қиын!.. 
Қ. Мырза Əли.
Кішіде қандай баға бар? – 
Қаукелек қақсам кішік боп, 
Арлан боп алған ағалар, 
Əзілдер маған «күшік» деп...

107
Əлемнің бүкіл иттері 
Жабылып үріп жатқанда, 
Қосыла қойман – өйткені 
Жоқпын ғой үрген, қапқанға.
«Қабаған бол!» – деп шулайды ел, 
Үрмесең – құның көк тиын. 
Күшік боп оңай туғанмен, 
Күшік боп қалу көп қиын! 
«ЖЕТІМ БҰРЫШ»
Қорлықты мына кім көрген: 
Алматы толы – үйсіздер. 
Үйсіз де күйсіз жүргенмен 
Ұрпақтың қамын үнсіз жер.
Кіргені – кісі есігі, 
Соған да көңіл жайланар. 
Сəбидің сəмбі бесігі 
Тербелер бұрыш қайда бар?
Ол үшін кім бар қайғырған, 
Алматы толы – жетімдер. 
Малдасын құрған маймылжан, 
Торыңның маған шетін бер! 
* * *
Қара жер хабар берсінші 
Тартатын болса қойнына. 
Жыланнан арқан өрсінші
Оралып қалсын мойныма.
Айналды орман көмірге, 
Айналды күлге қайыңдар. 

108
Алаң бар ауыр көңілде, 
Жүректе удай уайым бар.
Бұлбұлдар бүгін көбейді 
Орманның айтқан тілегін. 
Мен жайлы олар не дейді? 
Дейтіндей, бірақ кім едім?
– Қиыннан қашып кетті, – деп, 
Түскенде ауыр елге сын, – 
Төбемді жатса тепкілеп, 
Қара жер хабар бермесін! 
ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ БАР
Өткен күнде белгі бар: 
шапқан жерін ор қылар, 
таңдайыңды сор қылар, 
самайыңды бор қылар, 
маңдайыңа тор құрар;
Өткен күнде белгі бар: 
жүрегіңді тоңдырар, 
сабағыңды солдырар, 
жігеріңді құм қылар, 
қайратыңды қор қылар;
Өткен күнде белгі бар: 
ойлай берсең тер жуар, 
жігіт болсаң жөнің жоқ 
көз жасыңды көл қылар;
Өткен күнде белгі бар, 
келді кезің бел буар...
1990

109
АҚЫННАН САҒАТ СҰРАМА
Ақыннан сағат сұрама, 
Өлшеулі ғұмыр кешпейді ол, 
Құдай да болсаң сынама, 
Күнəсін оның кешпей гөр.
Ақылсыз жүрек, дана ой, 
Менсінбес байлық, бақытты, 
Тірілтер ақын ғана ғой, 
Сендер өлтірген уақытты.
Өмірі – өрт-ау, сірə да, 
Өтеді ол таңды таңға ұрып, 
Ақыннан сағат сұрама, 
Уақыты оның мəңгілік... 

110
«ӨЛІАРА» топтамасы
(1992)
ҚЫЛКӨПІР
Қоңыр күз келді,
ұмытқан шығар шынымен өмір біздерді, 
кеудемде менің ұйтқиды қара суық жел, 
құлазып қала қарадай көңілсізденді.
Ұмытқан шығар...
Кеудеме қысып талайдан жылытқан шұбар 
жыланым келіп, өзімді шағардай болды, 
ол дағы өзім көрсеткен қылықтан шығар?
Ұмытқан шығар...
Бетімді осып өтеді суық тамшылар, 
тұрлаусыз жаздың соңынан тұнжырап қапты, 
отасып опа таппасын түбі ұққан шынар.
Кіріп хал сұрар
бір пенде жоқ-ау,
бəрі де ұмытқан шығар,
ұйыққа батар жол көп қой тірлікте мына,
жол бар ма екен тал қармап тұйықтан шығар?
Жасыра алмаймын,
тағдырдан тауым шағылып жасығандаймын,
ƏБДІРЕ

111
көтере алмаса қылкөпір үзіліп кетсін,
өз жүгімді алып бақиға асығардаймын!
* * *
Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім,
Қаңылтырдай тот басқан тұнжыр өңім. 
Тебінгідей шіріген төзімім-ай, 
Тепсе үзілмес сен де бір шынжыр едің.
Қыста оянған аюдай халім мынау, 
Сең соққандай сенделдім, 
 
 
 
сабылдым-ау.  
Көкірегім көк сүңгі, 
 
 
        жаным қырау
Сандалтардай тағдырға нағылдым-ау,
Жасырамын жанымның ауруын, 
Запыранын сапырар зары, мұңым. 
Ертегіден ұшып кеп,
 
 
 
əкеп мені,
Қауырсынын күн шалған самұрығым.
Түрі өзгерді тірліктің мүлде, кенет, 
Тығылғандай халдемін түрмеге кеп. 
Жүрегімді қараймын қолыма алып, 
Дімкəс жүрек дерт буған 
Кімге керек?..
* * *
Сезім өлді, 
бойымда бір от сөніп,
Ешкім көңіл айтпады тірек болып. 
Таба алмадым тал түсте жарық күнді
Іші-сыртым қараңғы,
 
 
 
түнек толып.

112
Сенім өлді,
 
айырылдым бар асылдан,
Табылмады тағы да жанашыр жан. 
Жарау аттай едім ғой таң асырған, 
Түрім құрсын белдеуде аласұрған...
Көңіліне қобалжу,
 
 
күдік еніп,
Бара жатыр зымырап ғұмыр-елік.
Елмен емес,
 
сырласам желмен ғана,
Қылы үзілген қобыздай күңіреніп.
АУКЦИОНДАҒЫ ҚАЛАМ
Бір мырза сатып алды хан қаламын... 
...Мен қазір жыр жазбаймын, 
 
 
 
жан бағамын,
Музаны тоқалындай жұмсайтұғын 
Мандытқыш кей ақынға таңқаламын.
Өліара –
 
заманы екен өлерменнің. 
Қаздым да жүрегімді, 
Өлең көмдім,
Жамырап болған болса жарымес қиял,   
Қайырып қозы-лақтай көгендермін.
Сұрайды ел:
«Жазбайсың деп өлең неге?»
Жырлауға ит-тірлікті көнер деме.
Қонбай ұш қара жерге,
 
 
қайран муза,
Қанатың кірлеп қалар – төмендеме.

113
Шайырмын,
Дала – мұңым,
Отан – қайғым,
Шындықтың шөлейтіне сапарлаймын,
Ешқашан өлең жазбай кетсем дағы
Ешкімге қаламымды сата алмаймын.
Кешсем де күндерімді қапалықпен, 
Өшсем де өз ойыма маталып мен,
Шалшыққа қона көрме,
 
 
 
аққу-муза,
Батпағын жырлай берсін бақа біткен.
ӨРМЕКШІ
Күндер еді бұл неткен
 
 
 
əрі-сəрі?..
Жапырақтың жердегі бəрі сары. 
Сынбаған ба ақынның əлі сағы – 
Қалам қысқан саусағы қарысады.
Мылқау көктің көркі ме соқыр Ай, Күн?
Өрмекші де өрмегін тоқымай тым
Өлімсіреп тұрғанда туған өлең
Кімге керек?
Ешкім де оқымайтын.
Түсінетін пенде жоқ сөз бағасын,
Көзін емес    
 
 
шел басқан көзқарасын. 
Өлеңіңді ішіңде өлтір, 
 
 
 
Ақын,
Кей өрмекші жейді екен өз баласын...

114
ШҮЛЕН
Сыбағам қайда, сыбағам? 
Тарас.
Шабыт-жыным 
Бумай бойды, 
Өлең шіркін тумай қойды,
Сақал-шашым қудай болды
 
 
 
ой мүжіп...
Тұрмыс қолды байлап алды, 
Түн меңдеді айналамды, 
Қай ауылда,
Қайда қалды,
 
 
той – қызық?
Жанды шаққан бүйі – сезім, 
Қайдан маған туыс едің? 
Тағы да енді у ішемін
 
 
жетілеп...
Қалпыменен құба қоңыр 
Сырғып жатыр сынап – өмір, 
Дүниенің сірə, кеңір
 
 
   беті жоқ...
Бар күдерін бұл жалғаннан қойды үзіп,
Бар шүленнен құр қалған жан –
 
 
 
 
жетімек...

115
ИЕРОГЛИФТЕР
Сүйегің асыл ма еді,
Шірік пе еді,
Тіршілік шығарады сілікпені. 
Маңдайға жазылады əжім болып, 
Уақыттың жұмбақ иероглифтері.
Жай осы!
Жыл артынан жыл көшеді,
Жаныңмен жапырақтар тілдеседі.
Жарандар
Жүрегіңде жатқан шерді
Жүзіңнен оқымаса білмес еді. 
* * *
Халықты ойлап,
қамықпай-ақ титтей біз,
қараң қалғыр қара басты күйттейміз, 
қалмаған соң қабатұғын бір пенде, 
өз құйрығын өзі қапқан иттейміз.
Жаратқаннан жасырамыз немізді,
есіл сезім
еш болды ғой ең ізгі...
«өмір» деген
өз анамыз суалып,
«өлім» деген
өгей шеше емізді. 

116
АЛДАНҒАН ҰРПАҚ
О, мен нені өмірде ұрлатпадым: 
Жүрегімнің жоғалттым нұрлы оттарын, 
Жастығымның жоғалттым гүл бақтарын, 
Шаттығымның жоғалттым ырғақтарын.
Махаббаттың тұтатар шоғын үрлеп, 
Көкіректе желбуаз көрігім жоқ. 
Кітап біткен ұрлады көз нұрымды, 
Алдап жүріп айнымас серігім боп.
О, мен кімнен өмірде алданбадым: 
Алдамшы боп шықты ғой армандарым, 
Қарамасқа айналды қорғандарым, 
Дар ағашқа айналды ормандарым.
Үміт қайда,
Білмеймін мақсат қайда,
Жағымпаз боп жүгінбей жақсы ат қайда?
Барды сатып,
Бүгінде арды сатып,
Болар еді түбінде тапсақ пайда... 
1992 ЖЫЛҒЫ 28-ҚАЗАН. АҚЫРЗАМАНДЫ КҮТУ  
немесе НОСТРАДАМУСҚА МҰҢ ШАҒУ
Өкініштен отырмын бармақ тістеп, 
өкінішсіз күндерім қалмақ түс боп, 
ыңыршағы айналған көкірегіме 
ұя салмай кетті ғой самғап құс кеп.
Өкінемін...
несіне өкінемін?
жылай берді жүрегім – жетімегім,
кейде
осылай ойран боп көкірегім
кетілмейтін тұстарда кетілемін.

117
Кімнен көрем?
білмеймін кімнен көрем,
махаббат құс безді ме мүлдем менен?
Ала киімін мұңымның киіп алып,
жапа шегем өзімнің түрмемде мен.
Тағы кірді түсіме боз ат бүгін,
осы ма еді аңсаған азаттығым? 
Өкініштің жетер ме өтеуіне 
саусақпенен санарлық аз-ақ күнім?
Кірледі ме көңілім – «кəпірзадам»?
мен шығармын кеш туған ақырғы адам?
Құшағым мен
төрімнің қайсысы ашық,
келсең келші,
қиямет – ақырзаман! 
АҚ ПЕРІШТЕ
Өлеңім,
өзің менің ақ періштем,
өмірде тек өзіңмен тақ бөліскем,
сен барда
əбілхаят суы екен ғой
ит ішпес атау керем жатпен ішкен.
Сыланған сұлу емес сырға тағар, 
сындарлы сесім едің сынға толар, 
сен жоқта құлап талай құдыққа да, 
секірді құлағымда құрбақалар.
Сен барда жай ойнатып, күн жайлаттым, 
аспанның астын түгел сырнайлаттым, 
сен жоқта бір жартастан сынып түскен, 
қоңырқай күйін кештім құм қайрақтың.

118
Жатса да көз боялып,
сөз боялмас
ешқашан туыспайды жез бен алмас,
заманның зілзаласы сан өтсе де
Сен барда, сірə мені қозғай алмас. 
НАСЫБАЙ ШАҚША
Сыбырды құдай естір деп, 
Сабыр қып жүр ем жақ ашпай, 
Сөзімді тыңдар ешкім жоқ, 
Сауын айтсам да алашқа-ай!
Құлы боп бəрі ақшаның, 
Түрі жоқ түкті ұтатын, 
Түбінде жүрек – шақшаның, 
Ар-ұят қалды бір атым.    
Тондыға жауып кіл жала, 
Тобықтан қағып тастадық, 
Іргеде болса зілзала 
Ырықпен аяқ баспадық.
Қайырым деген қазына 
Түгесілгенде шым-шымдап, 
Құдайға өкпе-базына 
Айтамыз тіпті былшылдап,
Қашан біз халық боламыз, 
Адамы азған ғасыр-ай? 
Шақшаның түбін қағамыз 
Бір атым іздеп насыбай...

119
АКВАРИУМ ТУРАЛЫ АЛЛЕГОРИЯ
Жұлдыз көкті жамайды, 
Түн көзінде – жарық бар. 
Маған аяп қарайды 
Аквариумда – балықтар.
Дүниенің даңынан 
Мылқаулығы мың артық, 
Балықтарға табынам, 
Көз жасына құмартып.
Қайта-қайта айналып
Келе берем қасына.
Əй, балық-ау,
Əй, балық,
Байқас болшы басыңа!..
Байқас болшы, –
Кеңесім,
Сенің басың – ерек бас,
Саған ғана емес ол
Бəрімізге керек бас!
1992

120
БАЛҒА
Көкірегімде дүрсілдеген
Балғамды
Алла тағаладан алғам-ды, 
қара төске қарсы салғам-ды, 
жалпағынан жаншып жалғанды.
Талпынып жүріп арманға,
темір етіктен –
түймедей,
темір таяқтан –
тебен инедей қалғанда
сынасы ұшып,
сыр берді менің Балғам да.
Қара темірден қан шығып, 
қамырдай өзі жаншылып, 
қайдағыны сезінетін, 
қайғыратын,
  езілетін болды бұл Балғам. 
Тізеліні бүгілтіп, 
мойындыны иілтіп, 
маған да жеттің сұм жалған!
1992

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет