Бағдарламасы бойынша жарық көрді Сақ Қ. С 17 Алаш мұрасы./ Қ. Сақ. Алматы: «Қазығұрт» баспасы, 2014


ГАЗЕТТІ ШЫҒАРУШЫЛАР ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ



Pdf көрінісі
бет13/37
Дата31.12.2021
өлшемі1,34 Mb.
#22411
түріБағдарламасы
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   37
ГАЗЕТТІ ШЫҒАРУШЫЛАР ТУРАЛЫ ШЫНДЫҚ
Бұл  мəселенің  де  күмəнді,  көлеңкелі  тұстары  жоқ  емес. 
Осыған дейінгі зерттеу еңбектерде біріне-бірі кереғар пікір-
лер,  дəлелсіз  «тон  пішушілер»  кездеспей  қалмайды.  Ол  өз 
кезегінде  көпшілік  қауымды  шатастырып,  теріс  тұжырым 
туғызбай тұрмайтыны айдан анық. Сондықтан бұл мəселеге 
де  айрықша  назар  аударып,  мəн-маңызына  қарай  арнайы 
тоқталуды жөн санадық.
Кешегі  кеңес  заманындағы  кейбір  зерттеушілер  еңбек-
терінде «Қазақ» – байлардың, байшыл оқығандардың баспа-
сөзі»  деп  кінəланып,  сыналып-мінеліп  келгеніне  еңбектің 
алдыңғы бөлімінде дəлелді деректер келтірдік. Оның негіз-
сіз  айыптау  екендігінен  сыр  тарқаттық.  Өйткені  бұл  газет 
таптық күрестің қаруы болған жоқ. Ол ұлттық біртұтастық 


85
бағытында,  ел  бостандығы,  теңдігі,  тəуелсіздігі  жолында  
отаршыл күшке қарсы бітіспес күрес жүргізді. Сол майданда 
жұртты жікке бөлмей, керісінше, бір тудың астына «Алаш» 
ұранымен біріктіріп, елдікті сақтап қалуға, өркениетке ұм-
тылуға жұмылдыра білді. Сол үшін патшалық əкімшілік та-
рапынан  қатаң  бақылауда  болып,  бір  емес,  бірнеше  мəрте 
таяқ  та  жеді.  Кейіннен  ит  салып  айтақтаушылардың  жөн-
жосықсыз жазғырып, беталды қаралауынан ұзақ уақыт «қы-
зыл  су»  тасқынының  тозақ  отына  қарылып  келді.  Алай-
да, ақырында ақиқат хақтығын істеді, «өтіріктің арты – бір 
тұтам» екендігі тағы да дəлелденді. Шындық салтанат құрды. 
Дей тұрсақ та, «Қазақ» туралы шындық толық та сарқа ай-
тылды, ол түрлі қырынан жан-жақты зерттеліп, зерделенді, 
тиесілі бағасын алды деуге əлі ертерек. Тұманды мəселенің 
бірі – газеттің шығарушылары туралы түрлі пікірлердің етек 
алуы.
Бүгінде қазаққа «Қазақ» газетін мақтайтын күн емес, оны-
мен мақтанатын уақыт келіп жетті. Осының тамырын ұстап, 
мəнісін  дəл  басып  аңғарған  қайсыбір  зерттеушілер  оны 
өзінің əулетінің, қала берді өзінің зерттеу объектісіне айна-
лып  отырған  автордың  жеке  еңбегінің  жемісі  əрі  жеңісіне 
айналдырғысы келетіндігі қылаң беріп қалатындығы жасы-
рын  емес.  Біздіңше,  ол  ғылымда  жат  құбылысқа  саналуға 
тиіс. Олай десек, бұл мəселенің де ақ-қарасын ашып, ортақ 
бір пікірге келетін кез келді ғой деген ой туады.
Жоғарыда «Қазақ» газетін шығару идеясы Ахмет Оразаев-
тікі  болғанын,  сол  Ахмет  Оразаев  ауылына  Міржақып  Ду-
латов барғанда осы кісі тарапынан идеяның мақұл тапқанын 
жəне Оразаев Ахметтің газетті шығаруға қаржы бөліп, құрыл-
тайшылық еткенін» ауызға алған автордың мақаласын тілге 
тиек еткен едік. Енді осында айтылған ойдың оң-солын анық-
тауға  көңіл  қоймасқа  амалымыз  қалмайды.  Өйткені  мұның 
дұрыс-бұрысын  айқындап  алмай,  басылымның  болмыс-біті-
мін танып, оның мақсат-мұратын анықтауда жəне бағасын бе-
руде қателікке ұрынуымыз ғажап емес.
Əуелі, газетті шығару идеясына тоқталайық. Жоғарыда-
ғы  автордың  айтуынша, «мұндай  идея  Ахмет  Оразаевтікі» 


86
болып  шығады.  Ал  осыған  тарихи  деректер  не  дейді?  Қо-
лымыздағы мəліметтерге қарағанда, «халықтың көзі, құлағы 
һəм  тілі»  боларлық  газет  шығару  идеясы  тым  əріден  бас-
талады.  Бұл  орайда,  белгілі  тарихшы  М.Қойгелдиевтің 
«Алаш  қозғалысы»  деген  еңбегіндегі: «Ə.Бөкейханов  жəне 
А.Байтұрсынов  бастаған  белсенді  топ  жалпыұлттық  газет 
шығару ісін 1905 жылдан бастады (144-бет)», – деген пікірін 
толық қолдаймыз. Оны тарихи деректер растайды. 1905 жылы 
Семей облысы Қарқаралы уезіндегі Қоянды жəрмеңкесінде 
14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясында бейресми 
газет  шығару  идеясы  да  болғандығы  баршамызға  белгілі. 
Сол петицияны ұйымдастыруда, қолымыздағы мəлімет бо-
йынша Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев жəне басқа 
сол  кездегі  белсенді  қазақ  интеллигенттері  жетекшілік  рөл 
атқарған. Демек, газет шығару идеясының авторлары да со-
лар деуімізге толық негіз бар.
Осыны мына деректер де қуаттай түседі. «Семипалатин-
ский листок» газеті 1905 жылғы 8-желтоқсандағы санында: 
«Ə.Бөкейханов 17-қазан (1905 жылғы Қазан манифесі тура-
лы  айтылып  отыр – С.Қ.)  жəне  одан  кейінгі  уақытта  қазақ 
тілінде газет шығармақ болып жəне өз жерлестерімен келе 
жатқан  сайлау,  сондай-ақ,  басқа  да  өзекті  мəселелер  жө-
нінде пікір алысу үшін далаға кетті», – деп жазды. Осы маз-
мұндағы  мəліметті  архив  материалдарынан  да  кездесті-
реміз.  Мəселен,  далалық  облыстардың  генерал-губернато-
ры  міндетін  атқарушы  генерал  Тихоменов 1910 жылғы 
4-ақпанда  ішкі  істер  министрлігіне  жолдаған  хатында  А.Бай-
тұрсыновтың  «Кент  болысының  басқарушысы  Кəрібай 
Матаевқа үкімет саясатына қарсы мазмұндағы газет шығару 
үшін  Ə.Бөкейхановтың  атына  ақша  аударуды  тапсырған-
дығы»
1
 туралы ақпар береді. Осыған қарап та, газет шығару 
ісінің қашан жəне кімдердің басшылығымен бастау алаты-
нына көз жеткізу қиын емес.
Осы  орайда,  газеттің  алғашқы  санынан 41-нөміріне  де-
йін  «бастырушысы»  ретінде  қол  қойып  отырған  Мұстафа 
Оразаевтың  бұл  басылымға  сіңірген  еңбегі,  қосқан  үлесі 
1
 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы: – Алматы: Санат, 1995, 144 б.


87
қанша  деген  заңды  сауал  туады.  Бұған  кесіп  жауап  беру 
қиын.  Осы  қызметке,  яғни  газеттің  «бастырушысы»  бо-
лып, ол 1913 жылдың 5-қаңтарында Ахмет Байтұрсыновпен 
бірге тағайындалған екен. Оның дəлелі – Санкт-Петербург 
қаласындағы  орталық  мемлекеттік  тарихи  архив  қорында 
сақталған Жоғарғы Баспасөз Басқармасының мəліметі. Құ-
жаттың  құнсыз  еместігін  ескеріп,  оны  аудармай  қаз-қал-
пында  жариялағанды  жөн  көрдік: «Согласно  цикулярному 
распоряжению от 9 декабря 1905 года за №14508 уведомляю 
Главное  Управление,  что  одновременно  с  этим  разрешаю 
киргизу №8 аула Кзылжингильской волости Тургайской об-
ласти  Мустафе  Ахметовичу  Уразаеву  под  ответственным 
в  полном  объеме,  редакторством  киргиза  №5  аула  Тусуп-
ской  волости  Тургайского  уезда  Ахмета  Байтурсунова  в 
г.Оренбурге еженедельного газету на киргизском языке, под 
названием «Казах» ( Киргиз»)».
Осы мəліметке қарап, мынадай ой түюге болатын секілді. 
«Қазақ»  жарық  көретін  кездің  қарсаңында  А.Байтұрсынов, 
Ə.Бөкейханов,  М.Дулатов  үшеуі  де  патша  жендеттерінің 
сенімсіздігіне ұшырап, бірі абақтыда, қалған екеуі жер ауда-
рылуда жүргендігі белгілі. Бұл олардың газет шығару ісіне 
кедергі келтірмегені түсінікті. Осы қиындықтан шығу үшін 
олар жергілікті əкімшіліктің сеніміне ие, оқыған-тоқығаны 
бар,  азды-көпті  өздерімен  пікірлес  М.Оразаевпен  бірігіп  іс 
жүргізу жөнінде келісімге келген болуы мүмкін деген ой ту-
ады. Мұнан басқа, сол кезең жағдайында, тығырықтан шы-
ғатын  дұрыс  жолды  көріп  те  отырғанымыз  жоқ.  Осының 
өзі  олардың  саясат  ауылынан  мол  тəжірибе  жинақтап,  сол 
кездің  өзінде  ысылған,  тісқақты  саясаткерлер  дəрежесіне 
дейін  көтерілгендіктерін  дəлелдей  түссе  керек.  Ал  мұндай 
жағдай орыс баспасөзінің тарихында кездесетінін ескерсек, 
сөзіміз жансыз еместігі аңғарылады.
Рас,  М.Оразаевтың  «Қазаққа»  қосқан  қызметін,  əсіресе, 
жоғарыдағы  себептермен  оның  жарық  көруіне  тигізген  игі 
əсерін  жоққа  шығара  алмаймыз.  Оның  осы  рөлінің  өзі – 
жоғары  бағалануға  лайық  еңбек.  Мұны  мойындау  керек. 
Сонымен  бірге  əсіре  қызығушылықпен  оның  қызметін  жо-


88
ғарылатып  көрсетіп, «газет  шығару  идеясының  авторы, 
«Қазақтың»  қаражат  шығынын  көтерген  құрылтайшысы» 
деген  пікір  қалыптастыру  қамындағы  зерттеушілердің 
ой-толғамдарымен  келісу  де  қиын.  Бұл –  тарихи  шын-
дықты  бұрмалағандық.  Егер  тарихқа  ешкімнің  өктемдігі 
жүрмейтіндігі рас болса, онда мұны біз көзден таса қалдыр-
ғанмен де, келер ұрпақ оған кешіріммен қарамайтындығын 
осы  арада  айта  кеткен  лəзім.  Өйткені, «Қазақ» – бүгіннің 
ғана  емес,  атадан  қалған  тəбəрік  секілді  ұрпақтан-ұрпаққа 
аманат  болып  қалдырылып  отыратын  халқымыздың 
мəңгілік  мұрасы.  Осы  жерде  мынадай  ой  туады.  Шын 
мəнінде  халықтың  көзі,  құлағы  һəм  тілі  қызметін  атқар-
ған  «Қазақтың»  құны  есепсіз  жоғары.  Ол – тарихи  қым-
бат  қазына  ғана  емес,  бүгінгі  əрі  ертеңгі  ұрпақты  ата-
бабаларымыздың  өр  рухымен  жалғастырып  тұрар  аспалы 
алтын көпір. Оның бағасы күн өткен сайын еселеп арта бер-
месе, бір мысқал да кемімейтініне көзіміз айқын жетеді. Осы 
себепті де бұл басылымды өз пайдасына қарай бұра тартып, 
өз есебін түгендегісі келетін зерттеушілер кеше де табылып 
еді,  бүгін  де  баршылық,  ертең  де  болмай  қалмаса  керек. 
Олай  десек,  осынау  болмысымен  зерттеушілердің  ынта-
ықыласын туғызып, айналасына үйіре түскен басылымның 
тарихынан  бастап,  арқалаған  жүгі,  көтерген  мəселелеріне 
дейін  анықтауға  мүмкіншілік  беретін,  арнайы  бір  ғылыми 
конференция  ұйымдастырылып,  ғалымдардың  ортақ  бір 
пікірге  келуі  уақыт  қажеттілігінен  туындайды.  Ондай 
жиын  ұйымдастырыла  қалса, «Қазаққа»  қатысты  талқыға 
салатын  даулы  мəселелер  жетіп  артылады.  Соның  бірі – 
газеттің  шығарушылары  туралы  мəселе.  Бұл  турасында 
біз  былайша  ой  қорытқымыз  келеді.  Басылымды  жарыққа 
шығару дайындығының бар ауыртпалығын арқалаған жəне 
оның мерзімді əрі мазмұнды шығып тұруына қаржысымен 
де,  қаламымен  де  қызмет  еткен  азаматтар – ең  əуелі, 
жоғарыдағы  үш  арыс – халқымыздың  біртуар  перзенттері 
Əлихан  Бөкейханов,  Ахмет  Байтұрсынов,  Міржақып  Ду-
латов.  Бұл  үшеуінің  қай-қайсысының  да  «Қазаққа»  қосқан 
үлестері  қомақты,  сіңірген  еңбектері  ұшан-теңіз.  Олардың 


89
бұл қызметтерінің бірін жоғары, екіншісін төмен қоя қарас-
тыруға мүлде болмайды.
Əрине, бұдан «Қазақ» тек аталған үш арыстың күшімен 
ғана,  басқа  ешкімнің  көмек-қолғабысынсыз  жарық  көріп 
тұрыпты  деген  ой  тумаса  керек.  Мұндай  пікірмен  сол  аза-
маттардың  өздері  де  келіспес  еді.  Олар  осынау  игілікті 
істерінің  шын  жанашыры  халық  екенін,  ел-жұртқа  арқа 
сүйеп,  іс  тізгінін  қолдарына  алуға  тəуекел  еткендіктерін 
ешқашанда  естерінен  шығарған  емес.  Оны  əркез  естеріне 
алып,  оқырман  назарына  ұсына,  жұрт  талқысына  салып 
отырған.  Мəселен,  газеттің 1915 жылғы 101-нөмірінде 
жарияланған «2-февраль» деген бас мақала – соның бір ғана 
дəлелі. Мұнда газеттің екіден үшке аяқ басқан құтты қадамы 
қалың оқырмандарының ортақ қуанышы екендігі айтылып, 
ол  ел  азаматтарының  қолдау  көрсеткен  іс-əрекеттерінің 
жемісі  екендігі  баян  етіледі: «Тəңірі  асыраған  тоқтыны 
бөрі  жемес»  деген.  Тəңірден  соңғы  күшті  халық  қой.  Ха-
лық  қолдаған  іс  анау-мынаудың  қастығымен  өшпейтінін 
көзбен көріп, қолмен ұстағандай болдық. Соған көзі жетіп, 
«Күштіге сыйынсаң Құдайға сыйын» деген, əуелі, Құдайға 
сыйынып,  екінші,  Құдайдан  соңғы  күшті  халыққа  сүйеніп, 
«Қазақ» алдағы жасына аяқ басты», – деген жолдардан соны 
айқын  аңғарамыз.  Осы  ой  апталықтың 1914 жылғы 49-са-
нында  жарық  көрген  бас  мақалада  былайша  нақтылана 
түседі: «... («Қазақты» шығаруды – Қ.С.) бастауға себепкер 
біздер болсақ та, жүргізуге себепкер болған – жұртқа кірген 
саңылау, яғни жұрт ішіндегі саңылаулы, саналы адамдар».
Осы  орайда,  сол  айтылып  отырған  «саңылаулы,  саналы 
адамдар»  кімдер  жəне  олар  газетке  қандай  көмек  көрсе-
тіпті деген заңды сауалдар туады. Оған жауапты газет тігін-
ділерінің  өзінен  іздеген  жөн  болар.  Өйткені,  ұлтымыздың 
ұлы  жазушысы  М.Əуезов  «Істеген  ісімен  өзіне  тұрғыз-
ған  ескерткіш – мəңгілік  ескерткіш»  деп  бағалаған  басы-
лымның  өз  тарихын  өзі  жазып  қалдырғанын  ұмытуға  бол-
майды.
Апталықтың 1914 жылғы 45-нөмірінде  жарияланған 
«Оренбург, 9-январь» деген бас мақаладан мынадай мəлімет 


90
кездестіре  аласыз.  Алғашқы  бір  жылында  «Қазақта»  қала-
мымен  қызмет  еткен  «Алашқа  аты  білінген  білімді  аза-
маттарға  тəңірі  жарылқасын  айта»  отырып,  басылым  бас-
қармасы  мақала  соңында  олардың  аты-жөнін  тізуді  де 
ұмыт  қалдырмапты.  Олар: «Ахмет  Байтұрсынов,  Əлихан 
Бөкейханов,  Міржақып  Дулатов,  доктор  Əубəкір  Алдияр, 
доктор  Арғынғазы  Поштаев,  доктор  Халел  Досмұхамедов, 
доктор Дəулетше Күсебағалиев, доктор Банкеевич, присяж-
ный поверенный Райымжан Марсеков, инженер Мұхаметжан 
Тынышбаев,  қазақшыл  Қасенғали  (Тоқберлинов – С.Қ.), 
студент  Есенғали  Қасаболатов,  шежіреші  Шəкəрім  Құдай-
бердин,  Ғабдулғазиз  Мосы,  Ғұмар  Қарашев,  Жұмағали  Ті-
леулин һəм басқалар» екенін оқып білеміз.
Бұл  газеттің  алғашқы  бір  жылындағы  қалам  қайраткер-
лерінің,  яғни  хат-хабар,  мақала  жазып  тұрған  тұрақты 
авторларының  тізімі.  Ал  олардың  қатары  кейінгі  бес  жы-
лында  үсті-үстіне  толығып,  еселеп  артып  отырғаны  еш-
қандай күмəн келтірмесе керек. Оған газеттің алты жылдық 
тігінділерінің  материалдарын  көзден  көшіріп,  арнайы  жи-
нақ етіп құрастыру барысында көзіміз айқын жеткен. Атап 
айтқанда, жоғарыдағы тізімді Жүсіпбек Аймауытов, Сəбит 
Дөнентаев,  Жиһанша  Досмұхамбетов,  Мағжан  Жұмабаев, 
Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров жəне Мұста-
фа  Шоқай  сынды  халқымыздың  маңдайалды  біртуар  ұлда-
рының есімдері толықтыра түсуге тиіс.
Бұлардан басқа да есімдерін əлі ел танып біле бермейтін, 
кезінде  алдыңғы  көшке  ілесе  қаламымен  халқына  қызмет 
еткен қаламгерлер қаншама. Іріктеп айтар болсақ, Жүсіпбек 
Басығарин,  Мырзағазы  Есболов,  Жанұзақ  Жəнібеков,  Ыс-
пандияр Кенжин, Смағұл Найманқожаұлы, Уəлихан Омаров 
жəне  Жиенғали  Тілепбергенов  секілді  Алаштың  ардақты 
ұлдарының  газетке  сіңірген  еңбектері  де  арнайы  зерттеуді 
қажет етеді.
Сонымен  бірге,  жер-жерден  хабар-ошар  жазып  тұрған 
тұрақты  тілшілерінің  болуы  да  газеттің  Қазан  төңкерісіне 
дейінгі  басқа  басылымдардан  артықшылығын  айқындай 
түседі.  Көбіне  олардың  аттары  аталмай,  газет  редакциясы-


91
на  жолдаған  материалдары  «Тілшілерден»  деген  тұрақты 
айдары  арқылы  топтастырылып  беріліп  отырған.  Деген-
мен,  апталықтың  алты  жылдық  тігінділерін  ақтарып  оты-
рып,  олардың  бірқатарының  есімдерін  анықтауға  мүмкін-
шілік  туды.  Атап  айтқанда,  Ақмолада  К.Қарсақбаев, 
Ақтөбе  уезінде  Уəлихан  Омарұлы,  Жетісуда  Кеңесбай 
Үмбетбаев,  Қызылжарда  Жиенғали  Тілепбергенов,  Қытай 
жерінде  Қасенбай  Қожамияров,  Қостанай  уезінде  Асылбек 
Ташбайұлы,  Павлодарда  Шəріп  Ақпаев,  Омбыда  Х.Бек-
жанов,  Темір  уезінде  Спандияр  Кенжин,  Торғайда  Жүсіп 
Темірбеков жəне Шымкентте Сүлеймен Қорғанбаев секілді 
тілшілері  болғандығын  газет  материалдары  растайды.  Бұл 
да – алғаш рет зерттеу жүзін көріп отырған мəселенің бірі.
Жалпы,  қорыта  айтқанда,  артында  өшпес  те  өлмес,  мол 
мұра  қалдырған  «Қазақ»  газетінің  «пікір  тайқазанында» 
сол  кездегі  саңылаулы,  саналы  Алаш  азаматтарының  үн 
қатпай қалғаны некен-саяқ. Бұл қырынан келгенде де апта-
лықтың  құндылығы  еселеп  арта  түсетіні  талас  туғызбаса 
керек.  Сол  себептен  де  оны  Қазан  төңкерісіне  дейінгі  қа-
зақ  зиялыларының  мінбері,  ұлттық  азат  ойдың  ұясы  деп 
бағаласақ артық айтқандық болмайды. Оған киіз туырлықты 
қазақтың  қамқоршысы,  отаршылыққа  қарсы  күресте  көш-
бастаушысы  болған, 1917 жылғы  ақпан  төңкерісінен  ке-
йін  Алаш  туын  тік  ұстап  елдіктің  ұйытқысына  айналған 
«Қазақтың» қалам қайраткерлерінің басылымдағы бай шы-
ғармашылық мұраларынан сыр тарқата, талдай отырып көз 
жеткізу көп қиындық келтірмейді.
Бұлай дегенде, ең алдымен, газеттің идеялық жетекшіле-
рі Əлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың есімдері 
ауызға алынуы керектігі – басы ашық мəселе. Алайда, бұл 
арада олар жөнінде сөз қозғаудың ретін көріп отырғанымыз 
жоқ. Өйткені зерттеу еңбегіміздің кіріспе бөлімінде тілімізге 
тиек  еткен  М.Қойгелдиевтің  «Алаш  қозғалысы»  деген 
зерттеу  еңбегі  мен  Ө.Əбдімановтың  «Қазақ»  газеті»  атты 
кітабында олардың «Қазақтағы» қызметі мейлінше кең қам-
тылып,  толық  айтылған.  Сондықтан  оларды  қайталаудан 
гөрі,  аталмыш  еңбектерде  шет  қалған  «Қазақтың»  басқа 


92
көрнекті  қаламгерлерінің  басылымдағы  басшылық  жəне 
шығармашылық қызметтеріне талдау жасағанды жөн көріп 
отырмыз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   37




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет